Қазақ археологтары үшін биылғы жаз табысты болды - Карл Байпақов
АЛМАТЫ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Биылғы жаз маусымы қазақстандық археологтар үшін табысты болды.
Бұл туралы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Карл Байпақов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Карл Молдахметұлының айтуынша осыған дейін жүргізіліп келген «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы ретінде биыл да ұлттық мәдениет үшiн айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткiштерiнде ғылыми зерттеулер жүргiзiлiп жатыр. Атап айтқанда, дәл қазіргі уақытта Жетісу жерінде жасы 39000 жыл болатын Майбұлақ қоныс орнында қазба жұмыстары жүргізілуде. Ол жердің 8 метрлік тереңдігінен тастан жасалған құрал-жарақтар, жер ошақтары, аңдардың сүйектері табылған. Ал Талғар аумағында 12 ғасыр мен 13 ғасырдың басындағы қаланың шығыс қақпасы жоспарындай салынған Тальхир қалашығы табылған. Тальхир қаласы өнер мен сауданың ірі орталықтарының бірі болған, оған ол жерде табылған заттар дәлел. Сонымен қатар қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында орта ғасырдағы қалашық табылып, зерттелу үстінде. 10-13 ғасырдағы керамика коллекциялары табылды.
«Ол жаңалыққа баға беру әзірге қиын, өйткені қалашықтан көп археологиялық материалдар табылды. Дегенмен, ол материалдар Алматы қаласының жасы 1000 жыл емес, 1100-1200 жыл екенін дәлелдейді. Орталық Қазақстанның Сары-Арқа жерінде қола дәуірде өмір сүрген тұрғындардың жерлері зерттелуде. Ол кездегі өмірдің басты бағыты түрлі-түсті металдарды, мыс пен қоладан жасалған бұымдарды өндіру болып табылған. Оңтүстік Қазақстан аумағындағы ең үлкен қалашық Отырар төбенің қазба жұмыстары жалғасуда. Біздің қызметкерлер 2000 жылдық тарихы бар көне Отырар қалашығының оңтүстік қақпасының құпиясын ашуда. Осы күнге дейін сақталған мұнара биіктігі 4 метр. Жақында Сырдария жеріндегі Жанкент қалашығының қазба жұмыстарынан қызықты материалдар алынды. Бұл қала - астаналық қала болуымен қатар, халықаралық сауда орталығы болған. Осы қала арқылы батыс пен оңтүстік -батыс Еуропаға, Иран мен Хорезмге жолдар өткен. 1 гектарға созылған қалашықтың үйлері мен көшелері ашылды. Үйлерден тиындар, қыш заттары, түйе пішінімен әшекейленген, қоладан жасалған бұйымдар табылды», дейді Карл Молдахметұлы.
Оның айтуынша бұлармен қатар Берель мен Қырқоба сақ пен сармат зираттарында, Жібек жолы қалаларының қалдықтары қалған орындарда, Түркістан, Қаялық, Сауран, Арсубаникет, Сарайшық астаналық орталықтарда, Ақыртас ғажап сарай кешенінде зерттеулер, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта қалпына келтiру, жаңғырту жұмыстары, қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда археологиялық зерттеу жұмыстары ауқымды түрде атқарылып жатыр. Бұлар Қазақстан тарихына өз үлесін қосары анық, - дейді К.М.Байпақов.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тарих, археология, сәулет және монумент өнерінің 25 мыңнан астам ескерткіштері, 11 мың кітапхана, 147 мұражай, 7 тарихи-мәдени мұражай-қорық, 215 мемлекеттік мұрағатының бар екендігі белгілі. "Мәдени мұра" салалық бағдарламасын iске асырудағы 2 жыл iшiнде (2007 - 2008 жж.) 16 тарихи және мәдениет ескерткiштерiнде жаңғырту жұмыстары аяқталып, 39 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда маусымдық археологиялық зерттеу жұмыстары жүргiзілген болатын.