«Қазақ астығына «құда түсушілер» көп» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 шілде, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Республикалық « Айқын » басылымы « Қазақ астығына «құда түсушілер» көп » деген тақырыппен мақала жариялап отыр.

«Қазақ астығына «құда түсушілер» көп. Бір ғана Орта Азия елдері, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның 70 пайызы Қазақстанның нанын жеп отыр. Соңғы кездері олар да астық өсіріп, өзде­рін-өздері ұнмен қамтамасыз етуге әрекет­теніп көрген. Бірақ олардың жерінде өскен астықтың сапасы қазақ астығына жол беріп отыр. Сол себепті олар, амал жоқ, қазақ астығын сатып алуға мәжбүр және қазақ астығы есебінен өз диірмендерін дамытып отыр», - деп жазады газет.

«Сонымен, биыл да 17 миллион тон­на­ның шамасында астық алуды көздеп отыр­мыз. Кейінгі жылдары осы 16-17 миллион­ның шамасында астық алып келеміз. Оның 6-6,5 миллион тоннасы ішкі сұранысқа кетеді. Қалған 10 миллион тоннасын өзге мемлекеттерге сатуға болады. Алушы болса, сатқан, одан пайда көрген жақсы», - делiнген мақалада.

Басылымның атап көрсетуiнше, елімізде соңғы 15 жылда ұн өндіру көле­мі 2,2 есеге артқан. Ал ұнды экспорт шығару 13 есе артып, бұл нарықтағы ең биік шыңды бағындырып отыр деуге болады. Астық өсіру саласында жаңалықтар енгізуде ға­лым­дарымыз да қарап отырған жоқ. Жыл­дар бойы жинақталған тәжірибе оң нәти­жесін беріп отыр.

« Түйеқұс бизнесінде шаш-етектен пайда бар » атты мақалада « Айқын » басылымы елiмiзде түйеқұс фермаларының етек жайып келе жатқандығын хабарлауда.

«Түйеқұстарды біздің елге алғаш болып белгілі физик, академик Евгений Чайковский алып келді.

Осылайша, 2001 жылы Алматының іргесіндегі Әймен ауылынан Қазақстандағы ең алғашқы түйеқұс фермасы ашылды. Бүгінде сол «Фауна» шаруа қожалығы африкалық қара және сұр түсті түйеқұс өсіріп, құс бизнесін дөңгелетіп отыр», - делiнген мақаланың алғысөзiнде.

«2001 жылдың қыркүйегінде «Фауна» шаруашылығын құрып, Голландиядан 200 түйеқұс балапанын әкелдік. Араға жыл салып тағы да 250 құс сатып алдық. Қазір сол құстардың игі­лігін көріп отырмыз. Түйеқұстар біздің климатқа тез жерсінді, био­логиялық сапалы жем-шөп­тер береміз. Содан болар, қазір халықаралық сарапшылар «Фауна» фермасы құстарының 80 пайызы әлемдік стандартқа сай деген баға беріп отыр» дейді ферма басшысы.

Бүгінде «Фауна» шаруа­шылығының жоғары сұрыпты диеталық өнімдері Алматы, Астана, Атырау, Павлодар және Бішкек қалаларының мейрам­ханалары мен супермаркеттеріне жөнелтіледі. Мейрамханалар түйеқұс етінен 400 түрлі жеңсік тағам дайындайды екен. Әсіресе, түйеқұс балапанына деген сұраныс жоғары.

Газеттiң жазуынша, фермер болашақта түйеқұс­тары­ның санын 3 мыңға дейін жет­кізгісі келеді. Құс­тарына «құда түсіп» жатқан фермерлер де бар екен. Астана, Қарағанды қалалары­ның фермерлері өздері өсіру үшін біраз бала­панын сатып алыпты.

"Шүкір, қазір еліміздің әр айма­ғында түйеқұс бағуға ынталылар көбейген. Еліміз бойынша, 25 кә­сіп­орын таза түйеқұс өсіру­мен шұғылданады екен. Олардың 5-еуі - ірі фермалар болса, 20-сы - қосалқы шаруа­шы­лықтар.

Рас, аса күтімді қажет етпейтін, табысы таудай түйеқұсты неге өсірмеске? Қара­пайым ғана азық­пен қоректенеді, өнімді мол береді. Оның үстіне сұраныс та жоғары. Содан болар, түйеқұсты жерсін­діріп, шаруашылығын дамытып жатқан фермер­лердің ешқайсы­сының еңбегі де еш кеткен жоқ. Айтпақшы, қазір бізде құс шаруа­шы­лығы Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық маңызды бағыттары тізбесіне енгізілді. Сон­дықтан елімізде түйеқұс өсіруді дамытуға үлкен мүмкіндік бар», - делiнген мақалада.

***

Шығыс өңірінде «МАЗ» және «HOWO» өнімдерін шығару жобасы жүзеге асырылады, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

«Аталған ин­вестициялық жобаны іске асы­рудың өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Яғни, осы арқылы 200-ге жуық қосымша жұмыс орны құрылып, салық түсімі жылына 300 млн. теңгеден астам қар­жыға артады. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің Семей қала­сына жасаған жұмыс сапарында «Семей машина жасау зауыты» АҚ директоры Нұрлан Омаров осылай деді. Кәсіпорын базасында «МАЗ» автотехникасын құрастыру өнді­рісін жолға қою зауытты қайта жаңғыртуға, құрал-жабдықтармен жарақтандыруға және өндірісті дамытуға, ең бастысы, жұмыс орнын арттыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, зауыттың 8-ші автокөлік құрастыру конвейерінде дайындау, сырлау және көлік шанағын орнату, толық тексеруден өткізу және дайын автокөлікті сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, кәсіпорынның өндіріс алаңында қытайлық «HOWO» жүк көлігін құрастыру жоспарланып отыр», - делiнген «МАЗ» және «HOWO» көліктері құрастырылады» атты мақалада.

Нақтырақ айтқанда, «жасы келген азаматтар жұмысты өндіріп істей алмайды», «денсаулығы жиі-жиі сыр береді», «компьютерді меңгермеген» дегендей, тағы да басқа белгілі себептерді алға тартатын жұмыс берушілерге жасы егде жандар ұнай қоймайды. Содан келіп, жұмысқа қабылдаушылар көбіне жас­тарды таңдап, жасамыстарға көңіл аудара бермейді. Сондай-ақ, бұл топтың өкілдері жұмысқа қабылданғанның өзінде еңбегі үшін төленетін ақы өзгелердікіне қарағанда төмен деңгейде белгіленіп жатады.

Елiмiзде 50-ге келген егде азаматтарға көңiл бөлiнбей келедi. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымы "Егде тартқандарға ерекше назар қажет" атты мақалада хабарлап отыр.

Кеше астанада «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «50-ден кейінгі өмір: зейнет алдындағы адамның жұмысқа орналасуда тап болатын қиындықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

«Жиын барысында айтылғандай, зейнеткерлікке шығуына санаулы жыл қалғанда жұмысынан айырылып, шарасыз күй кешетін азаматтармен салыстырғанда, жастар жағы бұл мәселеде тез жол тауып кетеді. Сондай-ақ, жастарға мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Сөзіміздің дәлелі ретінде, соңғы жылдарда жастар арасындағы жұмыссыздықпен күреске бағытталған мемлекеттік түрлі бағдарламалар, жобалар қолға алынып отырғанын айтуға болады. Ал осы орайда жасы келген азаматтарды қолдау ішінара назардан тыс қалып отыр. Олар күнкөріс үшін азғантай болса да табыс көзінен айырылып қалмауы үшін кейбір қолайсыздықтарға, кемсітушіліктерге төзуге мәжбүр», - делiнген мақалада.

«Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин дөңгелек үстел барысында айтып өткендей, еліміз бойынша еңбекке жарамды 8,5 млн.-ға жуық адам болса, оның 2 млн.-нан астамы 45-59 жас аралығындағы азаматтар. Олардың барлығы демесек те едәуір бөлігі өз жұмыс орындарын сақтап қалуда немесе жаңадан жұмысқа орналасуда көптеген қиындықтарға кезігеді. Оның айтуынша, жұмыс берушілер өз жарнамаларында көбіне 40 жастан төменгілерге іш тартып, 45 жастан асқандарды қабылдамайтындарын айтып жатады. Мұның өзі егде жастағылардың жұмысқа орналасуында нақты кедергілер бар екенін көрсетеді», - дейдi газет.

***

Елiмiздiң бас онкологы Қуаныш Нұрғазиев обыр дертiне алып келетiн себептердi атады, деп хабарлайды ресми тiлдi "Экспресс К" газетi.

Бас онкологтың пiкiрi бойынша, ол нашар экологиядан емес, дұрыс тамақтанбау, шылым шегу және арақ-шарапты мөлшерден тыс көп тұтынудан болады. Әсiресе бұл ауруға Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындары жиi шалдығады екен. Нұрғазиев алдағы жылдары бұл көрсеткiш өсе бередi деп санайды.

"Онкологиялық аурулардың шығуының басты факторы нашар экология деген мәлiмдемелер тiптi сауатсыз. Мысалы, ең жоғары көрсеткiш Солтүстiк Қазақстан облысында тiркелген. Бiрақ ол аграрлық өңiр емес пе? Экологияның қатысы қанша? Мәселе өзге нәрседе: онда тоғыз ай суық болады. Адамдар майлы тағам жеуге мәжбүр, бала туу төмен және кәрiлер үлесi артуда. Оңтүстiкте 11 ай жаз, адамдар жемiс-жидектi тағамға көп пайдаланады. Бала туу отбасында 5-6 баладан. Сондықтан онкологияға өмiр салты себеп деген сөз», - дейдi ол.

Толығырақ, «Пока рака на горе не свистнут» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар