Қазақ әйелдері мен қыздары шадра, хиджабты кимеген - Б.Қақабаев (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ қыздары мен әйелдері ешқашан хиджаб кимеген. Олар тұрмыстық-әлеуметтік ерекшелікке байланысты қимыл-қозғалысқа кедергі келтіретін киім кимеген, дейді мамандар.

Қазақ әйелдері мен қыздары шадра, хиджабты кимеген - Б.Қақабаев (ФОТО)

Қазақтың киімі туралы аз айтылып және аз жазылып жүрген жоқ. Зерттеушілер, тарихшылар, археологтар, өнертанушылар қазақ ұлттық киімінің тарихын зерттеп жатыр.  Соңғы жылдары бұл мәселе өзектілігін арттыра түсті.

Қазақ қыздарының хиджаб киюіне байланысты да пікірлер әралуан. Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімінің тарихы мен ерекшеліктерін түсінуге ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік музейінің мамандары көмектесті.

XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың материалдық және рухани мәдениетінің мұрагері болды. Бұл ұлттық киімге де әсер етті. Бүгінгі күнге дейін әшекейлердегі «аңдар стилінің» кей белгілері сақталған.

 

«Киім - бұл алдымен адам денесін сыртқы табиғи факторлардан қорғайтын дүние. Қоғамның дамуымен киім өзгере бастады.  Киіміне қарап адамның қоғамдары рөлін, оның қай дінді ұстанатынын және жас мөлшеріне анықтауға болады.

Әйелдерге арналған қазақтың ұлттық киімі - бұл қоршаған ортамен, қызметімен, рухани және табиғи қажеттіліктеріне байланысты синтетикалық өнім. Қазақтың ұлттық киімінің қалыптасуына жедел өзгеретін құрлықтық климат пен көшпенді өмір салты  әсер етті. Сондықтан қазақтың ұлттық киімі - пайдаланылатын материал және үлгісі бойынша прагматизмімен ерекшеленеді. Шаруашылық қызметтің басым бөлігі әйелдердің мойнында болған. Бұл туралы қазақ халқын зерттеушілер айтқан. Мұны ескерсек, ислам елдеріне тән киімдерді кию мүмкін болмағанына көз жеткіземіз.  Қазақ әйелдері мен қыздары шадра, хиджаб және ислам елдеріне тән өзге де киімдерді кимеген. Әйелдердің киімдері әрдайым дәстүрлі ою-өрнекпен және тастармен безендірілетін. Қамзолдар мен көйлектердің белі сәл қынама етіп тігілетін», - деп атап өтті ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев. 

 

Сондай-ақ ол қазақ қоғамындағы әйелдер қозғалыс кезінде ыңғайсыз және бет-жүзді толық жауып тұратын киім кимегенін жеткізді.

Маман жасы және әлеуметтік дәрежесі әр түрлі қазақ нәзік жандыларының ұлттық киімдерінің ерекшеліктеріне тоқталып өтті. 

 

«Белгілі бір жасқа дейін қыздар мен ұлдар аса ерекшеленбейді. Ал 5-6 жасынан бастап қыздар  өздеріне тән киімдерді кие бастаған. Есейген сайын киім де өзгереді. Жас қыздар қос етекті көйлектер мен шалбарлар киген. Бастарына тақия, ал байдың қыздары бөрік киген. Қыз күйеуге шыққанда сәукеле киді. Ол тастармен, күмістермен безендірілетін. Күйеуге шыққаннан кейін жас келіншек бір жылға жуық жаулық, дүниеге сәби әкелген соң орамал мен кимешек киген», - деді Б. Қақабаев.



Оның сөзіне қарағанда, қыз күйеуге шыққанға дейін кимешек кимеген.

«Үйдегі шаруаны атқарғандықтан, қолайлы киімге басымдық берілген. Аяқ киім эстетикалық талғамға сай болды. Оны да тастармен, зергерлік бұйымдармен безендіретін болған.  Құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, шашбау, қолдарына білезік таққан. Қазақстанның әр өңірінде сәукеле мен кимешекті әр түрлі безендірген», - деп түйіндеді ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев.

 

 

Суреттер А. Ғалымбаеваның «Қазақтың ұлттық киімдері» Алматы 1958 жыл кітабынан алынды