«Қазақ баласының жеңімпаздық рухын кім оятады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Заман өзгергенде біз де өзгеруіміз керек» деген тақырыппен мақала басты. Онда Елбасының Жолдауға байланысты шығармашылық саласының өкілдерімен болған кездесуінде айтылған мәселелер баяндалады. Кездесуде Жолдауда көтерілген міндеттер мен еліміздің даму тарихын шолып өткен Елбасы «мен көптеген мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізгенімізге сенемін, өйткені бұл біздің қоғамды топтастыруды нығайтуға мүмкіндік береді. Біз үшін елімізді жаңғырту үдерістеріне әрбір қазақстандықтың атсалысқаны өте қажет. Бұл әсіресе, 2011 жылды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының жылы деп жариялаған жылы өте маңызды. Тәуелсіздік мерейтойы Отанымыздың өркендеуі мен дамуы үшін баршамызды жасампаздық еңбекке, жаңа жетістіктер мен табыстарға жетуімізге ықпал етуі тиіс»,-дейді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ аталмыш басылымда «Еңбекпен қамтудың бағдарламасы пысықталуда» атты мақала жарық көрді. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасында қамтылған шаралары туралы баяндалады. Министр Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, талқылауға ұсынылып отырған жаңа бағдарламаның басты үш мақсаты бар. Олар біріншіден, хал­қымыздың өмір сүру табысын көбейту, екіншіден, елімізде қа­былданған үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарлама­сын іс жүзіне асыратын білікті кадр­ларды даярлау, үшіншіден, әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру болып табылады. Үстіміздегі жылы қанатқақты жоба ретінде бағдарламаның бірінші кезеңі іс жүзіне асырылмақ. Елбасының Жолдауына байланысты жүзеге асырылатын тұрғындарды еңбек­пен қамтудың толыққанды бағ­дар­ламасы 2012 жылдан бастап өмірге енгізіле бастайды.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Президент болатын азамат тілді құрметтеу жағынан да үлгі болуы керек» деген мақала жарияланды. Аталмыш мақалаға кеше Астанада өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Отырыс барысында комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: «Соңғы уақытта республика азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын талаптар күшейді. Сондықтан Мемлекет басшысы лауазымына кандидат үшін бұл өте маңызды мәселе», - деді. Елбасының биылғы Жолдауында: «Алдағы жылдары халықтың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген мақсат қойғандығын тілге тиек еткен төраға үміткерлер мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдеп, емтихан тапсыруы тиістігін атап көрсетті. «Сайланған Президент халқының басым көпшілігі қазақ тілін білетін мемлекетті басқаратын болады» деді ол.

Сондай-ақ аталмыш басылым «Қағида мен тәжірибе қатар меңгерілуі тиіс» деген тақырыппен мақала басты. Онда кеше Халықаралық Бизнес академиясында бас қосқан отандық және шетелдік мамандардың «Заманауи бизнес білім - онжылдықтар қорытындысы» атты дөңгелек үстел отырысында көтерген мәселелері жөнінде баяндалады. Жиынға қатысушылардың пайымдауларынша, нарықтық қатынастар орнаған бүгінгі заманда бизнес білімнің қажеттігінде сөз жоқ. Мәселе - оны заман талабына сай бере білуде. Біздегі бизнес білімнің тарихы тәуелсіздік алған тұстан басталатынын ескерсек, талай жылдық тәжірибесі бар батыстық білім беру жүйесімен бәсекеге түсе алмаймыз. Дегенмен экономика дамысын десек, оны алға сүйрейтін қара күш - кадрларды дайындау мәселесіне баса назар аудару керек. Отырыста көтерілген мәселелер туралы толығырақ білгіңіз келсе, «Айқынның» бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қазақ баласының жеңімпаздық рухын кім оятады?» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда еліміздің жастарының спортқа деген көзқарасы мен осы салада қалыптасқан күрделі мәселелер турасында айтылады. Мақала авторының жазуынша, шынында қазақтың баласы көкпар мен бәйгеде, құсбегілік пен аңшылықта, күрес пен жұдырықтасуда алдына жан салмайды. «Бойдағы қара күш бізге қанмен сіңген болса керек. Десек те, ұлтымызға тән жарыс сындарынан бөлек күллі әлемге кеңінен тараған өзге де спорт түрлері жетіп-артылады емес пе?! Қарап отырсақ, қандай да бір спорттық жарыстардағы бәсекелерде еліміздің атынан негізінен өзге ұлт өкілдері шығып, жарқырап көрініп жүреді. Олар болмаса, біз тіпті халықаралық, әлемдік жарыстардың төменгі сатысында тұрар ма едік?», делінген мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Азиада қазаққа рух берді». Осындай тақырыппен жарияланған сұхбатта ҚР Туризм және спорты министрлігі, Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Азиададан кейінгі ойларымен бөліседі. Комитет төрағасының айтуынша, жалпыкомандалық есептегі бірінші орнымыз спорттық бәсеке тұрғысындағы тарихи жетістігіміз ғана емес, спортты насихаттаудағы үлкен жетістігіміз де. «VII қысқы Азия ойындары алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетін маңызы зор тамаша спорттық шара болады. Осы Азия ойындары қазақ балаларының қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын арттырады, қысқы спорт түрлеріндегі жеткіншектеріміздің саны артады деп ойлаймын»,-дейді Е.Қанағатов. Бұл сұхбатты «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан оқуға болады.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, елімізде 8 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыз су» бағдарламасының жай-күйі халық қалаулыларының да, министрлік пен ведомство басшыларының да алаңдаушылығын тудыруда. Себебі бағдарламаға бөлінген қаржы бірде дұрыс жоспарланбай, бірде мақсатсыз жұмсалып, талан-таражға салынып отыр. Жобаны жүзеге асыру барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген. Ал биылғы жылы елімізде 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске қосылмақ. Осыған орай «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыруда орын алған жемқорлық әрекеттері «Ақ бұлақ» бағдарламасына да зардабын тигізе ме деген қауіп те жоқ емес. Бұл мәселенің мән-жайын тереңірек білгіңіз келсе, «Казахстанская правданың» бүгінгі санын оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар