«Қазақ боксына атақты Сагарра келді» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарының екінші күнінде іске қосылған жобалардың тұсауын кесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өндірісті аймаққа жұмыс сапарының жалғасы кеше Қарағандының жанында биылғы жазда ірге көтерген ауыл шаруашылығына арналған жеңіл ұшақтар шығаруды қолға алған «Сұңқар» ЖШС зауытында болудан басталды. Экономикалық әлеуеттің күшейгендігіне нақты айғақ ретіндегі бұл ірі жоба межеленген мерзімде жүзеге асырылған еді. Сапар барысында іске асырылған шаралар жөнінде «Өңір тынысындағы тың серпін» атты мақаладан білесіздер.
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы аумақтық басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаевтің «Өткенге қарап, ертеңімізді кемелдендірейік» атты мақаласы басылды.
Оның айтуынша, өткен 20 жылдың ішінде тіл тәуелсіздігін толық қалыптастыра алмадық. Өйткені, 300 жыл бодандықта болған кезеңде қазақтың байырғы және бай тіліне деген қажеттілік төмендеді. Бүгінге дейін ана тіліміздің мүмкіндігіне күмәнмен қарап, оны күнделікті өмірде пайдалануға «намыстанатын» ұрпақ өсті. Ал тіл мәселесі рух тәуелсіздігімен, сананың азаттығымен тікелей байланысты. Өз елімізде өмір сүре отырып, ана тілімізде сөйлемеуіміз, тәуелсіздігімізге көлеңке түсіретін жәйт.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Уильям ұлттың құндылығын ұрлады» атты мақала басты. Онда қазақ халқының дәстүрлі баспанасы - киіз үйге арналған қазақ тілінде бірде-бір жеке сайт жоқ екендігі айтылған. «Есесіне, www.yurinfo.org сайтын кіріп көріңізші. Қазақтың төл баспанасының түрленген кейпінің мол мұрасына кенелесіз. Бұл ғаламтор бетінің иесі - Гарвард университетінің профессоры Уильям Коперуэйт. Орталық Азия мәдениетімен жетік таныс ол міне, бірнеше жылдан бері дөңгелек пішіндегі үйлердің түрлі үлгілерін жасап, әр елге сатумен айналысып келеді...» деп жазады басылым.
Осы басылымның хабарлауынша, Қазақстан тұрғындары бұдан былай коммуналдық төлемдерді үйілерінде, яки кеңселерінде отырып-ақ төлей береді. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай тұрып, кезегіңізді онлайн режимінде брондайды. Бұл туралы кеше «Электронды үкіметтің» жаңа қызметтерін таныстырған баспасөз мәслихатында мәлім болды. Баспасөз мәслихатында көтерілген «Электронды үкіметтің» осы және өзге де жаңалықтары төңірегінде «Электронды үкімет» жаңа қызметтермен толықты» атты мақаладан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымыың жазуынша, өткен аптада Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзге министрлерге де үлгі боларлық іс қылды. Ол не десеңіз, қарашаның 19-ы күні министр Қазақстаннан бір топ өнер жұлдызы бар, буып-түйген сый-сыяпаты бар - бәрін алып, артынып-тартынып, Мәскеуге барып қайтты. Ондағы мақсаты - сол жақта оқып жатқан студенттеріміздің жағдайымен танысып, білісіп қайту. Осы сапар барысында атқарылған шаралар мен көтерілген мәселелерді «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Балам» дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала шықпасын министрліктер білсе дейміз...» атты мақаладан білесіздер.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Кубаның ғана емес, әлем боксының тарихындағы ең үздік, ең атақты бапкер Карлос Альсидадес Сагарраның Қазақстанға келуіне не себеп болды? Отыз екі олимпиада жеңімпазын шығарған жаттықтырушының басқа да ұсыныстардан бас тартып, Алматы боксшыларын жаттықтыруға келісімін беретіндей қазақ елі ғана нендей құрмет көрсетті? Міне, бүкіл әлемнің бокссүйер қауымына осы сұрақтың жауабы маза бермей жүр. Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қазақ боксына атақты Сагарра келді» атты мақалада баяндалған.
***
Кеше Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны дайындау жөніндегі арнайы жұмыс тобының 30-шы мәжілісі ашылды. Аталмыш шараға Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов қатысты. Мәжіліс барысында Каспий маңындағы мемлекеттер арасында келіссөздер арқылы шешуге болмайтындай қарама-қайшы көзқарастар жоқ. Сыртқы істер министрінің айтуынша, Каспий проблемасы кешенді көпжақты мәселелерді қамтиды. Ол негізінен территориялық мәселелерге байланысты. Егер ол сәтімен шешілетін болса аталмыш теңіз аймағындағы және оған жақын елдердің арасында экономиканың маңызды салалары бойынша еікжақты ынтымақтастықты жетілдіруге жетелейтін перспективалар ашылмақ. Осы мәжілісте көтерілген мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бетінде «На повестке - статус Каспия» атты мақалада қозғалған.