Қазақ даласынан кен іздеген Қаныш Сәтбаевқа аңшылар қалай көмектесті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 1959 жылы Қаныш Сәтбаев Баянауылдағы туған ауылына келіп, ата-анасының рухына тағзым етіп, ас береді. Бұл ғұламаның туған еліне деген сағынышын басқан соңғы сапары екен. Сол сапарында кіндік қаны тамған Айрықпен қимай қоштасқан Қанағаң Жанақ ақынның «Баянтау» дастанын кең даланы жаңғырықтыра жатқа айтып, көзі шарасына толып, қатты толқыпты.
Ащысу өзенінің жағасында, Имантай Сәтбайұлының отбасында маңдайы жарқырап дүниеге келген асыл перзенттің әлемге әйгілі ғұламаға айналарын сол заманның ақылмандары бозбала шағынан-ақ болжап білгендей. Сөзімізге дәлел болсын, 1989 жылы жарық көрген «Қаныш аға» кітабында академик Әлкей Марғұлан жазған мынадай оқиға бар:
«1925 жылы жаз күні Мұхтармен (Әуезов) бірге Абай ауылында болғанда уақытымыз сол жердегі шешен кәриялардың сөзін тыңдаумен өтті… Мұхтар да қойдан қоңыр, кішіпейіл кісінің бірі еді, өзінің асқарлы талантын, білгіш-жүйріктігін жұртқа көрсеткісі келмейтін. Ойға батқан тұңғиық қара көзін қасында отырған Тұрашқа (Тұрағұл Абайұлы) тастап:
— Сіз қырдағы жаңа дәуірлеп келе жатқан жастар арасында кімді озық талант деп түсінесіз? — деді.
Тұраш қасқая қарап:
— Бұл қыр аймағында озық талант Имантайдың екі баласы. Бүгінде олардан озық жас бар деп өзім түсінбеймін. Ол екеуінің қабілеті бүтіндей басқа. Жаратылыс білімді де, ақыл мен ойды да оларға ерекше берген. Олардай саңлақ кісі бүгінгі жастар арасында өте сирек кездеседі, — деді».
Бұл дерек Абай ауылында Имантайдың қос ұлы — Ғазиз бен Қаныштың аттары танымал, қадірменді болғанын аңғартады.
Жуықта Қаныш аға туған Мұса Шорман ауылына арнайы барып, академиктің туған елімен байланысты біраз жайттарына қанық болдық. Мұса Шорман ауылында алдымыздан шығып қарсы алған Қайриден Мұзафаров әңгімешіл, ескіден қалған есті сөздер көкірегінде сайрап жатқан ақсақал екен.
— Қанағаңның есімін туған елі айрықша құрметтейді. Оның рухы әлі күнге туған өлкесін жебеп тұрғандай. Мұса Шорман ауылы кеңес өкіметі тұсында Теңдік аталған. Осы Теңдіктен әрі жеті-сегіз шақырым жерде «Айрық» деп аталатын мекен бар. Ескі Айрық — ежелден Сәтбаевтар әулетінің қонысы болған. Имантай шаңырақ көтергенде Сәтбай атамыз Айрықтан әрірек үш-төрт шақырым жерден жеке отау тігіп береді. Ол жер әлі күнге «Имантай мекені» аталады. Сол аумақта Қаныштың кіндігі кесілген. Кейін академик Алтынбек Нұхұлы бастап, әлгі жерге белгітас қойылды. Жарықтық Сәтбаевтар әулеті заманынын озып туған асыл ерлер еді. Сәтбайдан төрт ұл: Имантай, Әмін, Жәмін, Зейін туады. Олардан тараған ұрпақтардың қай-қайсысы болмасын елдің беткеұстарлары, сөз айта білетін, халықты қарата білетін азаматтар болғанын көнекөз қариялар айтып отыратын. Қаныштың әкесі Имантай Ақкелін болысында халық судьясы болса, Әбікей Зейінұлы Алаш ісіне араласқан ел қайраткері, талай ұлылардың ұстазы атанды. Ал ел Бөкеш атап кеткен Қаныштың ағасы Ғабдулғазиз өте білімді адам болған. Омбыда колхоз басқарып жүрген жерінде 1937 жылы ұсталып, атылып кетті. Сол Бөкештің арқасында Сәтбаевтардың жылқысын баққан Зайыр деген адам Омбыда төніп келген ажалдан аман құтылыпты. Әлгі Зайырдың ұрпақтары бүгінде Айрықта түтін түтетіп, шаруашылық ұстап отыр. Тағы бірі — Жәмінұлы Әбдікәрім. Әбдікәрім жаны музыканы сүйген өнерлі, білімді адам болған. Сәкен Сейфуллин онымен Баянауылда қалай кездескені туралы «Тар жол, тайғақ кешу» романында баяндайды. Ол да 1937 жылы қызылдардың қолынан қаза тапты. Жалпы Сәтбаев ауылының жастары орысша оқуға өзге қазақ жастарынан ерте бет бұрғаны байқалады, — деп бастады әңгімесін Қайриден ақсақал.
Қаныш аға 1932 жылы ел аштықтан қынадай қырылып жатқанда елге түнделетіп келіп, өзімен бірге жиендері Кемел мен Ришатты ала кетіп, құтқарғаны жайлы көп жерде жазылып та, айтылып та жүр. Сол сапардан соң ғұлама елге екі рет келіп кеткен. 1959 жылғы соңғы сапарында әкесі Имантай мен анасы Әлиманың (Әлима Қаныштың 5 жасында дүниеден өткен, Имантайдың екінші әйелі) басын көтеріп, тас қояды. Сол кезде жанында елге белгілі біраз тұлғалар, суретші Әбілхан Қастеев, ақын Қайнекей Жармағанбетов, тағы басқа да азаматтар болған. Соңынан Ақкелін жұртына ас береді. Сол сапарында Қанағаңның шарапатымен Теңдікте астық қабылдау қоймасы салына бастапты. Ел үлкендері Қанағаңмен киіз үй ішінде әңгімелесіп отырып: «Мынау заготзерноны салып жатқаның жөн-ақ, алайда енді ауылымызда орыс қаптайтыны анық», — деп алаңдаушылығын айтып қалады. Реті келген жерде әзілі жарасып жүретін Қанағаң: «Әрбір ұшқан бидайды тауықтарың жесе де пайда емес пе?!» — деп елді бір күлдіріп алыпты. Кеңес өкіметі жылдары әлгі қоймаға төңіректегі 7-8 колхоздың астығы тасылған. Ал қойманың өзінде 50-ге жуық адам еңбек етіп, нәпақа тапқан.
Академиктің еліне тигізген тағы бір жақсылығы — 1949 жылы Екібастұз, Майқайың жерлерін аралап келіп, Теңдікте асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылық ашуға бір өзі бастамашы болғаны. Ғылым академиясының маманы А. Чумин жергілікті қазақы қойларды арқар-меринос қойымен будандастырып, солтүстіктің қысына төзімді төл алады. Сөйтіп, Қаныш ағаның туған жерінде ақтылы қой өнімі ел ырысын тасытқан. Сол кездегі Теңдік колхозының төрағасы Қалышбек Сарбасовті жұртшылық арқар-меринос тұқымын өсіруді іске асырушылардың бірі ретінде әлі күнге еске алады.
Бұл әңгімені бізге жеткізген ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі, ардагер ұстаз, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Нескен Мәлікова небәрі 10 жасында Қаныш ағаны көріп, шапағатын сезінген жан.
— Әлі есімде ел шетінде тігілген киіз үйге сыйлы қонақтар жиналып, ойын баласы болып жүрген біз ыстық бауырсақ жеп мәз болыстық. Бір мезет балаларды киіз үйге шақырып жатыр деді. Сапқа тұрғызып, алып кірді. Сол мезет менің көзім үйдің төрінде басында ақ шләпісі, үстіне аппақ жейде-шалбар киген, жылы жүзді адамға түсті. Ол әрқайсымызды кезегімен алдына отырғызып, маңдайымыздан иіскеп, мейірімін танытты. Дәл сол күні үлкен адамның Қаныш ата екенін қайдан біліппіз. Ал арада біраз жылдар өткенде қақаған қыста академиктің өмірден өткені туралы қаралы хабар ауыл үстіне найзағай түсіргендей қылды-ау. Мектепте әдеттегі қатал мұғалімдеріміздің өзі егіліп жылағаны бізге де әсер етіп, бәріміз көз жасымызға ерік бердік. Сол уақытта Қаныш Имантайұлының әлемге белгілі ғалым болғанын түсінген едік. Ал 1989 жылы ауылда Қаныш ағаның мұражайын ұйымдастыру үшін ғалымнан қалған мұраларды жинап жүріп, әлгі ақ жейдеден қалған жұрнақты көріп, тағы бір толқығаным бар. Қазіргі Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында тұрған марқұм Жұмаш Шәдетовтің (Қаныш ағаның туысы) үйіне ауыл азаматы Асан Тиесов екеуіміз барғанбыз. Марқұмның жұбайы Қапса апа академиктің пальтосы мен костюмін, көйлек, галстугін алып шықты. «Мынау Қанағаңнаң қалған жейдеден немереме ырымдап тігілген би көйлегі еді», — деп әлдебір ақ көйлекті көрсете бергенде көз алдыма осыдан 30 жыл бұрын үстіне ақ жейде киген абзал жанның бейнесі оралып, қатты толқыдым. Әлгі көйлекті аттай қалап сұрап алдық. Жәдігер өзге де бұйымдармен бірге бүгінде ауылдағы академиктің мұражайында сақталып тұр, — дейді Нескен апай.
1989 жылы ғұламаның туғанына 90 жыл толғанда ҚазКСР министрлер кеңесі Ғылым академиясы негізінде Қ. Сәтбаевтің мемориалды музейін ашу туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес туған жерінде де мұражай ашу ұйғарылған еді. Туған өлкесінен жәдігерлерді жинау үшін арнайы алқа құрылып, оның құрамына орта мектеп директоры Бегендік Әліпбаев, оқу ісінің меңгерушісі Нескен Мәлікова, кәсіподақ ұйымының басшысы Қайриден Мұзафаров, фотограф Асан Тиесов және сол кездегі кеңшар директоры Сайлау Байділдин енеді. Кейін бұл топқа өзге де белсенді азаматтар қосылып, аз уақыттың ішінде мектепте Қанағаңның мұражайы пайда болған. Ал 1993 жылы жаңа мектеп пайдалануға берілгенде ол сонда көшірілді. Мұражайда кезінде ғалым өз қолымен ұстаған бұйымдар мен жәдігерлер, туған жерінде түскен фотосуреттер баршылық. Академиктің жерлестері олардың әрқайсысын кие тұтып, қастерлейтіні байқалады.
Қанышты бала шағында Имантайдың қалауымен Жұмаш молда оқытқан екен. Одан соң Ақкелін болысында Сәдуақас Шорманов ашқан орыс-қазақ мектебінде білім алған. Ақкелін болысының орталығы — қазіргі Мұса Шорманов ауылының төңірегі. Мектептің орны әлі күнге бар. Кезінде Сәдуақас Мұсаұлы тұрған үйінің бірін мектеп үшін босатып берген. Алайда кәмпеске кезінде ол бұзылып қалады.
— Бала Қаныш осы мектепке тайымен келіп оқып жүрген. Ал әлгі Жұмаш молданы Қанағаң ерекше құрметтегені сондай, екі мәрте түрмеге қамалған жерінен кісі салып босаттырып алған. Тіпті 1941 жылы Алматыдан үй дайындап, ұстазын шақырған деген әңгіме бар. Тағы бір маңызды дерек, анасы Әлима Исақызы ең әуелі Шормановтар әулетінің Қанапия деген азаматына тұрмысқа шыққан. Қанапия жастай қайтыс болған соң, Имантай алған. Кейін Сәтбай әулеті Әлимадан туған тұңғышы — Ғазизаны Шорман әулетінің ұрпағы Ақышқа ұзатады. Ал Ақыштан Кемел Ақышев туады. Өкінішке қарай, Ғазиза 32-нің аштығында өліп кеткен. Кемелдің тегі орта мектепті бітіргенше Сәтбаев болғаны мәлім, кейін Қанағаңның ақылымен өз тегіне қайта өткен, — деп әңгімесін жалғастырды Қайриден ақсақал.
Айрықтағы Сәтбаевтар әулетінің үлкен зиратында Сәтбайдың бәйбішесі Күнсұлу, баласы Имантай, Нұрым бәйбіше мен Қаныштың анасы Әлима Исақызы, немересі Әутайыр Зейінұлы мен шөбересі Ғазали Мағазұлы жатқаны туралы ескерткіш таста көрсетілген. Өкінішке қарай, Әлима Исақызының басында тұрған жеке ескерткіш таста «Салима Сатбай келіні. 1906 жыл» деп есімі мен қайтыс болған жылы қате жазылыпты.
Негізі анасының дүниеден өткен уақыты — 1904 жыл («Сәулелі әулет» кітабына сүйенсек, Әлима Исақызы 1860-1904 жылдар аралығында өмір сүрген). Бұған қоса, үлкен таста Әлима Исақызының туған жылы (1882 жыл деп тұр), Имантай Сәтбайұлының өмірден өткен жылы (1926 жыл деп көрсетілген) қате көрсетілген.
Ғазиза Имантайқызы 1892 жылы дүниеге келгенін ескерсек, анасының туған жылы қате екенін түсінуге болады. Аталған кемшілікті тарихшылар анықтап, жөнге келтіреді деген сенімдеміз.
Әңгіме барысында Қайриден ақсақалдан мынадай бір қызық дерек естідім:
Академик Қаныш Сәтбаев қазақ даласының жер астында шөгіп жатқан кенін барлап жүргенде үнемі аңшылардың көмегіне жүгініпті. Су айдындарының маңайынан құс қағып жүргендерден үйректің бөтегесін жинап беруді сұрайды екен. Сөйтсе, үйрек көл маңайындағы ұсақ тастарды қылғытып жұтып қоятын көрінеді. Саятшылар бөтегелерді тізіп, қайсының қай көлден алынғанын белгілеп отырған. Сөйтіп ғалымға жөнелтеді екен. Ғұлама өз серіктерімен осы тастардың құрамын зерттеп, қаншама кен орындарын Қазақстанның металлогениялық картасына түсірген. Қарапайым ғана әдіс зерттеушілер мен кен барлаушылардың жұмысын әжептәуір жеңілдеткенге ұқсайды.
Дала сырын жастайынан танып-білген академиктің ғылымда пайдаланған, бірақ кейінгіге белгісіз болып қалған мұндай құпиялары әлі де таныла беретіні анық.
Атап өтерлігі, жуықта Қаныш туған ауылда «Баянауыл біртуарлары» деп аталатын заманауи лайтбокстар ашылды. Онда Баянауыл жерінде дүниеге келіп, есімі елге танылған перзенттер бейнеленген. Ел үлкендерінің сөзінше, бұл — ауылды тарихи тұрғыдан дамыту мақсатында жасалған алғышарттардың бірі. Келешекте елді мекенде Қаныш Имантайұлына арналған мемориалдық кешен тұрғызылады деген жоспар бар. Бұған қоса, Сенат депутаты, «Қ.И. Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлының бастамасы бойынша Мұса Шорман — Имантай қыстауы — Айрық — Әужанның керегетасы (Кемел Ақышев туған жер) — Бұқар жырау кесенесі бағытында асфальт жол салынады. Жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын жаңа туристік бағыт Баянауылдың туристік әлеуетін арттыра түсетін мүмкіндіктердің бірі болмақ.
Бұған дейін Баянауылдан академик Қаныш Сәтбаев пайдаланған жазу машинкасы табылғанын жазған едік.