Қазақ даласында өтірікшілерді қалай жазалаған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір Қазақстан заңында жалған ақпарат таратып, біреуге жала жапқаны үшін айыппұлдан бастап 1 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Ал қазақ даласында қауесет таратушылар қалай жазаланғанын тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің аға оқытушысы Бабақұмар Қинаятұлы айтып берді.

Қазақ даласында өтірікшілерді қалай жазалаған
Фото: Kazinform/ЖИ

Тарихшы Бабақұмар Қинаятұлы дала халықтары әдеп-ғұрыптық заңдарға бағынғанын айтады. Ал ғұрып заңы қазіргі демократияны үндейді дейді. Яғни адам құқығы мен абыройын қорғауға негізделген. 

Сөзінше, қазақ халқы үшін сөздің мәні жоғары болғандықтан ғайбат сөз, жала жабу мәселесі жіті қаралған.

— «Басқа пәле — тілден», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақалдарымыз шыншыл сөздің мәнін көрсетеді. Сол үшін жалған айту сорақы дүние деп саналған. Біреуді ғайбаттауға жол берілмеген. Ақселеу Сейдімбектің «Сөзге берік халық едік, уәдеге берік едік. Кейін бұл қасиетімізді жоғалтып алдық. Отарлау, ұлтсыздандыру мәселелерінен кейін жалған сөз, біреуді айыптау көбейіп кетті» деген сөзі бар, — деді тарих ғылымдарының кандидаты.

ғалым
Фото: Б.Қинаятұлының жеке архивінен

Айтуынша, Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ жолы», Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы бойынша жалған сөз айтып, ру мен қауымның беделіне нұқсан келтіргендерге ақсақалдар шара қолданған.

— Бірінші екі тарапты бітістіріп, райластырады, өтірік айтқан адамнан кешірім сұратады. Алайда іс алысқа барса, билер сотына жетеді. Кейін өтірік сөз айтқан адамға бетіне түкіру, өгізге теріс мінгізу шаралары қолданылған. Яғни бұл жалған айтқан адам қара бет болады. Ал қоғам үшін сол кезде қара бет болу — ең сорақы жаза, — деді Қинаятұлы.

Одан бөлек құн төлеу жазасы қарастырылған. Мұны қазіргінің айыппұл жазасына балауға болады.

Ал кейін 19 ғасырларда Ақмола, Орынбор және Түркістан қазақтары жалған куәлік берген адамды «ат-шапан» айыбына тартқан немесе жеті күнге дейін қамауға алу жазасын тағайындаған.

Ал Түркістан өлкесі қазақтарының әдет-ғұрпы бойынша жалған ант берген адамның кінәсі жала жабылған адамның зардабына қарай жазаланған дейді. Мәселен біреу екінші адамды «қылмыс жасады» деп куәлік береді. Ал ол адамға ауыр айып тағылып, оның салдары дүре соғу сынды жазаға әкелуі мүмкін. Кейін жала жабылған болса, жала жапқан адамның өзіне дүре соғылады.

Қазақ даласында өтірікшілерді қалай жазалаған
Фото: Kazinform/ЖИ

Жала не ақиқат екенін қалай анықтаған

Тарихшының сөзінше, айтылған сөздің жала не ақиқат екенін анықтау үшін билер жиналады. Осылайша екі тарап көпшілік алдында ант береді. Ол заң ғылымының докторы Салық Зимановтың жинағына сүйеніп жауап берді.

— Өзіне қатысты айтылған сөздің жала екенін дәлелдеу үшін адам ақ киім киіп, Құранды сүйіп, нанды ұстайды. Іс билер сотына жетсе, «жан беру» рәсіміне дейін жетеді. Айып тағылып жатқан адамның «ең таза», «пәк» деп саналатын жақыны осы жоралғыны биік жерде не өзен-судың жанында орындайды. «Өтірік айтсам, ана дүниеде де, мына дүниеде де оңбай кетейін, малымның игілігін көрмейін» деген сөздерді айтып, мылтықтың оқталған жағын сүйеді. Кейде тіпті ата-бабасының көрін 3 рет айналады, — деді сарапшы.

Сондай-ақ Бабақұмар Қинаятұлы тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Жеті жарғы» туралы зерттеуіне тоқталды. Онда да жала жабылған адам ақ екенін дәлелдеу үшін өзін «өлік жөнелткендей арулап, өзін кебінге орайтын» дейді.

Тарихшы қазақ сөз құдіретінен қорыққандықтан, «пәк» емес адам мұндай сыннан өтуге қорқып, өтірік айтса, өтірік айтқанын мойындап, жазасын алатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін қазақ қоғамында би болу үшін қандай талаптар қойылатынын жазған болатынбыз.