«Қазақ елі» - халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып тұратын мәңгілік белгі
АНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жаңғыртылған «Қазақ елі» монументі тарихи-мәдени мазмұн мен мағынаға байытылып, аса маңызды мемориалдық кешенге айналды. ҚазАқпарат тілшісі осы кешеннің күндіз-түні қасында болып, жасалуын қадағалап жүрген азаматтардың бірі, «Астана бас жоспар» МКК-нің бас сәулетшісі Бақтыбай Тайталиевпен жаңа өзгерістер жайында әңгімелесті.
Бас сәулетшінің айтуынша, негізгі өзгерістер тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалған. Олардың әрқайсысына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 20 жылға жуықтаған жас мемлекет, сондықтан барлық композиция адам бейнесін бедерлеу арқылы жасалған. Оның орталық бейнесі Қазақстан тәуелсіздігінің символы - Бірінші Президент. Осыған орай бедербейненің басты фронтонында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бедерленді. Бұл - біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің ту сыртында Қазақстан халқын бедерлейтін адамдардың сұлбасы бейнеленген. Ал монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін образдар шоғырланған. Ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Осы бөлікте жоба авторлары металлург пен мұнайшы, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкер бет-бейнесі арқылы негізгі лейтмотив болып табылатын жасампаз адамдар арқылы мемлекет қуатын көрсетуге ұмтылған. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады. Онда тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған. Бұл бедербейненің бір ерекшелігі композицияның ортасында жас отбасы бітімі сомдалған. Ол отбасы құндылығын бейнелеп, қазақстандық қоғамның негізі болып табылатын отбасы мен неке институтын нығайтуға шақырады.
Осы идеялардың бәрі «Бірлік» атты мүсіндік композициямен түйінделіп, Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген. Тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының тарихындағы трагедиялық сәттердің аз болмағанын, дегенмен бостандыққа жету қуанышты, мерейлі кезең екендігін көрсетеді. Сондықтан барлық бедербейнелік желі Тәуелсіздік алған жалпыхалықтық шаттықты сипаттайды.
«Осылайша «Қазақ елі» мемориалдық кешенінің негізгі стеласы еуразиялық құрлықтың ортасында орналасқан Қазақстанның астанасы - Астана қаласының аумақтық орналасуын, дүниенің төрт тарапының, қазақстандық қоғамды құрайтын әлеуметтік, экономикалық, саяси, рухани тіршілік әрекетінің бірлігін білдіреді», дейді Б.Тайталиев.
Сонымен қатар композицияны 4 принциптен тұратын ұлттық идеяның өзіне тән базалық құрылымы деп те санауға болады. Атап айтқанда, орталық бедербейнеде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тұлғасы символикалық ишарамен тәуелсіздікті білдіріп тұр. Ал оңтүстік бедербейнедегі мүсіндер барлық уақыттағы жауынгерлердің ерлігі мен батырлығын, Отан қорғауын білдіреді.
Жасампаздық жолына тіршіліктің барлық саласындағы еңбек ынтымақтастығын қазақстандықтардың бүтін ұрпағы ұмтылуда. Соңғы бедербейне болашаққа ұмтылыс ұлт дамуының басты мәні екендігін нақыштайды.
«Қазақ елі» монументі - Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін, ұрпақ мирасқорлығын сәулеттік-мүсіндік кешен арқылы көрсетеді. Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздігін алғандығын 91 метрлік монумент бейнелейді. Оның мәрмәрден жасалған дәйегі еліміздегі халықтардың этносаралық үйлесімін, ниеттерінің тазалығын паш етеді. Тікке шаншылған стеланың ұшар басында қасиетті Самұрық құсы орнатылған. Ол қазақстандықтардың бұдан ары дамуға, гүлденуге ұмтылысын білдіреді», дейді Б.Тайталиев.
Монументтің алып жатқан жалпы аумағы 5 гектар, ал оған қосымша жанасып жатқан жердің көлемі 11 гектарды құрайды. Аумақ толығымен гранит кеспетастармен жабылған. Монументтің төменгі элементінің биіктігі 2 метр, ол қызыл граниттен өріліп, екі деңгейлі сатылы тұғырнама ретінде жасалған және жалпы аумағы 1 гектар жерді алып жатыр. Монументтің шығыс жағындағы «Мыңжылдық» аллеясының бастапқы нүктесінде қоладан құйылған «Бірлік» атты көпбейнелі мүсіндік ансамбль орнатылған. Мәрмәр тұғырдың көлемі 9х9 метр, ал биіктігі 1,2 метрді құрайды. Онда 11 мүсін орнатылған, олардың әрқайсысының биіктігі 3,5 метр.
Ақ мәрмәрден тұрғызылған тік дөңгелек стеланың биіктігі 55 метр, ол жан-жағының ұзындығы 11 метрлік тұғыртасқа орнатылған. Тік элементте дөңгелек бейнеленген, бұл - көшпелі халықтың символы. Стеланың 85 метрлік жоғары бөлігінің төрт жағының да ортасында қазақтың оюлы қалқаны бейнеленген. Тік композицияның ең жоғарғы бөлігінде диаметрі 2,5 метрік шарда отырған биіктігі 3,3 метрлік Самұрық құсының мүсіні бар. «Қазақ елі» мемориалдық кешенінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна орнатылған.
Өткен жылы Астананың 10 жылдығын тойлаған қала халқы елорда ажарына ажар қосқан жаңа сәулет туындысы- «Қазақ елі» мемориалдық кешенінің ашылуын тамашалаған болатын. Осы шараға арнайы қатысқан Елбасы «Астана мемлекетіміздің бас қаласы ретінде қазақ елінің өткенін таразылап, бүгінін саралап, барар бағытын айқындап отыратын тарихи жауапкершілік міндетін өз мойнына алды. Сондықтан Астананың төрінен қазақ елінің баянды болашағына бағдар сілтейтін еңселі ескерткіш тұрғызылуының өзі заңды құбылыс. Қазақ мемлекетінің басты ескерткіші осы монумент болады. Монументтің биіктігі - 91 метр. Қазақстан өз тәуелсіздігін 1991 жылы алды. Ескерткіштің биіктігін де осы жылға орайластырып белгіледік. Стеланың ұшар басында алып Самұрық құс бейнеленген. Қазақ ұғымында Самұрық - еркіндіктің, күш-қуаттың, кеңдік пен тәкаппарлықтың символы саналады. Сол сияқты біздің Самұрық та - іргесі берік, шаңырағы биік қазақ елінің жиынтық бейнесі іспетті. Астана төрінен ашылып отырған «Қазақ елі» монументі халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып тұратын мәңгілік белгі. Бұл монумент біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, терең тамырлы салт-дәстүр мен ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі», деген еді.