Қазақ есепшілері қысты Ақыраптағы алты күнмен болжаған

Бұл жөнінде кезінде біраз ой қосқан Зекен Бәкірұлын, Жұмабай, Төкен сияқты ақсақалдардың есімін атап өткен жөн шығар. Туа білген ешкім жоқ, тек осылай зерделі жандардың сөзіне зерде салу бар.
Сонымен Ақырап айын есепшілер болжам үшін қатты ұстанған. Ақырап айының тууы қазіргіше Қазан-Октябрь айының 14 жұлдызы.Міне, бұл күн Ақыраптың бірінші күні. Сол күні таңсәріден бастап жұлдызшы-есепшілер әр сағатты қатты бақылауға алған. Сағат сайын күні бұрын дайындалған күлді ұшырып көріп, желдің бағытын, жылдамдығын есепке алған. Сол сияқты сол тәуліктің қай сағатында күннің ерекше құбылысы, суытуы, не жылынуы, не жауын-шашын болуы қатты ескерілген екен.
Бұл болжам алты күн бойы кезек-кезек күн-түнді күзеткен есепшілермен жүргізілген. Сол алты күнде алты айлық қыраулы қыстың қас-қабағын анықтаған. Үлкендерден бізге жеткен Ақыраптың алты күні осы екен. Атақты Түлкен Сарының боран соғып тұрғанда «ертең түстен кейін қар кетеді» дегені, есімі бізге жетпей Есейдің есепшісі атанған кісінің Қарқаралыға мал айдап бармақ болғандарға ақпанның (бұрын декабрьді осылай атаған К.Ж.) пәлені күні ат құлағы көрінбес боран болады деуі, соған қарамай жолға шыққандардың бар малының қырылып қалуы осындай есепке негізделсе керек.
Мал баққан қазақ ақсақалдарына белгілі күндердің бірі - Қызыл жұмыртқа. Бала кезімізде үлкендер аузынан естіп қалатын осы бір атау елуінші жылдардың аяғында сирексіп, кейінгі жетпісінші, сексенінші жылдарда ел есінен мүлде шығып кеткен еді. Елдің үлкен ақсақалы Тұңғышбек Дәлмағанбетұлының «орыста бар Қызыл жұмыртқа күні қазақта жоқ деп пе едің» дегенін естіген едік. Сол күнді нақтылап берген Қайрақты кенішінде тұратын Жаманқұл ақсақал болды.
Мамыр айының 8-нен 9 күні суық болатыны белгілі. Осының қазақша атауы бар ма екен деп бүгінде таусылуға айналған ақсақалдардан сұрау салып жүргендей едік. Бұл күннің «Қызыл жұмыртқа» деп аталатынын Жәмекең ұмытылмастай есте қалдырды. Сәуірдің 18-19 күндері Қыдыр қамшысы деп аталады. Сол күні адал құстар ұя басады екен. Құстардың балапан шығаруы мамырдың сегізі мен тоғызы күндеріне дәл келеді. Міне, осы күнді қазақ Қызыл жұмыртқа деп атапты.
Қит етсе әулиесініп құдайдың күндерінің талайына орыс көршілеріміз қаптап жатқан, өздері де жаңылып қалатын святойлардың атын тағып келсе, табиғатпен біте қайнасып өсіп, өмір сүрген дала перзенті. Қазақ белгілі күндердің бәріне табиғаттың өзінен туындайтын атаулар берген. Мұның өзі қазақ халқының дүниетанымының «біз кереметпіз» деп жүрген талай елден көшілгері екенінің белгісі емес пе.
Қазақ жұлдызшылары айдың тууын, оның аспан әлеміндегі орнын үнемі бақылап, айдың тоғысуы туралы жүйені қалыптастырған. Ай жылдың әр мезгілінде әр түрлі күнде үркермен қиылысып, жанасып өткендей болады. Мұны қазақ «тоғысу» деп атаған.
Үркер есепшілердің болжауында ерекше орында. Оның жерге кіруімен 40 күндік шілде басталып, қайта көтерілуімен шілде аяқталып отырған. Бұл күндер қыс шілдесі - Сары аязға да дөп келеді. Қаңтардың аяғында Үркердің тас төбеден аууымен аяздың шарықтауы да бітеді.
Орыс жұртының бірін Иван Купале, бірін Ильин деп табиғаттың талай күніне айдар таққанына тамсана қарап, шіркін «бізде күн атаулары неге жоқ» дегендердің сөзі қабырғамызға батып жыл он екі айда өтетін амалдарды біраз зерттеп жазып, зердесіне жеткізуге себепші болғандай едік.
Қазақы жыл санауда жыл басы - наурыз. Қыстан қысыла шыққан ел қардың жуықта кетер-кетпесін наурыздың бірі күні (қазіргіше 14 наурыз) қар үстінде жатқан қойдың құмалағының қарға батары не батпасына да қарап болжаған. «Қардың басын қар алады» деген ел «Құс қанаты» атты жапалақтап жауар қарды асыға күткен. Бұл наурыздың 26-28 жұлдызына дәл келеді. Келесі ай отамалы - Сәуір деп те аталады. Айдың басы осы күнгі 14 апрельге келеді.Бөлек-бөлек жаз бұлты шығады. Осы айдың 17-19 шамасында күн суытып, жаңбырлатып өтеді. Ел ертеден бұл күнді Қыдыр қамшысы деп атаған екен.
Осы айдың 25-27 шамасында тобылғы бүршіктенер Тобылғы жарған атты суық өтеді.
Көкек айының 8-9 күндері Қызыл жұмыртқа салқыны, 17-25 арасында атақты Құралай өтеді. Шілде Үркердің жерге кіруімен басталып, қырық күннен соң Үркер қайта көтеріліп, Сарша айында Үркердің толғағы атты жаңбырлы күн туады.
Қыркүйек айында Сүмбіленің суы жүрмек. Сүмбіле жаңбырлы өткен жердің көдесінің түбі көк, малға қыстай жақсы от болады.Жылқыны сондай жерге салатынын саяси лагерде 33 жыл отырған Құнанбай Бейсенұлы ертеректе ұғындырған еді. Ол кісінің өзінде екі жарым мың жылқы болғанын кезінде жазған едім.
Сүмбіле туа су суыса, келесі айда Таразы туып, таң суыған. Қыркүйек айының 20-21 шамасындағы салқын да белгілі болған.
Кәмел ЖҮНIСТЕГI, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткерi
Мақала «Түркістан» газетінен қысқартылып көшірілді