«Қазақ ғылымы: тұщымды ғылыми зерттеуге зәру» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 қазан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай отырған тағы бес млн. гектар жер анықталды. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Пайдаланылмайтын жерлер азаймай тұр» деген тақырыптағы мақаласында. «Жыл сайын 30 миллион гектардан астам жердің мәселесі қарастырылады. Түгендеу барысында шешімді қажет ететін бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Бүгін Үкімет отырысында олардың көбі қаралды», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, пайдаланылмай отырған бес миллион гектарға жуық жер телімінің 1,7 млн. гектары мемлекеттік меншікке қайтарылған. 2,1 миллион гектар жерді пайдалану жұмыстары басталды, 800 мың гектар бойынша бұйрық шыққаннан кейін қайтару мерзімі басталған жоқ, ал 500 мың гектар бойынша талап-арыз соттың қарауында.
Осы басылымның жазуынша, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына қатысуда. Кеше Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар институтының тыңдаушыларының алдында «Қазақстан және Еуразиядағы Ұлы Жібек жолы дипломатиясы» тақырыбы бойынша сөз сөйледі. Шараға институт тыңдаушылары, профессорлық-оқытушылар құрамы және оқу орнының басшылығы қатысты. «Ұлы Жібек жолы - адамзат тарихындағы теңдесі жоқ құбылыс, осындай ауқымдағы және осындай әсері бар жоба еш уақытта болмаған да шығар. Ұлы Жібек жолының негізгі үш бағытының жалпы ұзындығы Тынық мұхитынан Жерорта теңізіне дейін 12800 шақырымды құрайды. Бұл бағыттар Қытай, Үндістан, Орта және Таяу Шығыс, Орталық Азия, Кавказ аумақтары арқылы өтіп, Оңтүстік Орал мен Солтүстік Қара теңіз маңынан Балқанға дейін созылды. Бұл ретте Ұлы Жібек жолының күретамыры бойында сауда-саттық қана емес, географиялық тұрғыдан жаңалықтар ашу, білім мен технологиялар алмасу және мәдени әрі діни байланыс үдерістері де белсенді түрде жүріп жатты», деді Қ.Тоқаев. Мақала «Ұлы Жібек жолы - теңдесі жоқ құбылыс» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразбен арадағы сұхбат «Бұл - бірлік пен игілік мерекесі» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген наиб мүфтидің атап өтуінше, Құрбан айт - қоғамдық мереке. Айт сөзі той, қуаныш, шаттық деген ұғымдарды білдіреді. Бай-бақуаттылар жағдайы жоқ адамдарға құрбандық етін таратады. Құрбан айт - бай адамның кедей жандарға жанашырлығын оятатын, ағайын арасын жақындататын, көршімен байланысты күшейтетін, отбасымен дастарқан басында шаттыққа бөленетін бірлік пен игілік мерекесі. «Дін мен дәстүр - қос қанатымыз. Бұл екеуі бірінсіз-бірі жүре алмайтын өте жақын ұғымдар деп ойлаймын. Алла өз пенделерін ұлттарға, ұлыстарға бөліп жаратқан. Қаласа, бүкіл адамдарды бір ғана ұлт етіп жаратар еді. Ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын басты құндылығы, ол - дәстүрі. Өзіндік дәстүрі, мәдениеті жоқ ұлт болмайды. Араб, парсы, түрік, ағылшын болсын, өзбек, қырғыз, қазақ болсын, бәрінде де бірінен-бірін ерекшелендіріп тұратын дәстүрлері болады. Ол әр ұлттың ішер асынан, киген киімінен, қонақ күтуінен, мереке тойлауынан, бала тәрбиесінен, үйленіп, шаңырақ көтеруінен көрінеді. Ал біздің діни құндылықтарымыз дәстүрімізбен бітеқайнасып кеткен. Тіпті мұсылмандық мінездер дәстүріміз арқылы бойымызға дарып, қанымызға сіңіп кеткен десек те артық болмас еді», - дейді ол.
Алматыдағы Ғылым ордасында Ұлттық ғылым академиясының Жалпы сессия жиналысы болып өтті. Оған Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, академиктер мен мүше-корреспонденттер,ЖОО ректорлары, сондай-ақ жетекші ғылыми институттар директорлары қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қазақ ғылымы: тұщымды ғылыми зерттеуге зәру» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, кең құрамды басқосуды ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов ашып, алғашқы сөзді Қазақстан Президентінің кеңесшісі, мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке берді. «Ғылым дамымай, техника дамымайды, техника алға баспай, өндіріс өркендемейді. Ғылым академиясының статусы өзгергенмен, ғылыми институттар ұлттық университеттердің құрамында даму үстінде. Өзі де осы академияның мүшесі болып табылатын Елбасы ҰҒА-ның дамып алға басуына әрдайым қамқорлық көрсетіп, зиялы қауымның пікіріне сүйеніп келеді. Құдайға шүкір, қазақ ғылымы көштен қалған жоқ. Сөйте тұра, алдымызда іске асыруға тиіс жаңа мақсат-міндеттер тұр», - деген Мұхтар Құл-Мұхаммед қадау-қадау ойларын ортаға салды. Ал өз кезегінде ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов Ғылым академиясының қазіргі хал-жағдайы мен алдағы даму сатылары жайында баяндама жасады. Кеңестік модельден батысеуропалық модельге ауысқан Ғылым академиясының одан бергі он жылда жаңа бағытта жүзеге асырған сәтті істерін саралаған Мұрат Жұрынұлы ғылыми кадрлар даярлау мәселесіне тоқталып, жетекші университеттердің барлығы философия магистрлары мен докторларын дайындауды қайта қолға алғанын айтып өтті.
***
«Жекешелендіру аясында мемлекет меншігінен шығарылатын нысандардың жартысына жуығы сатылды», деп хабарлады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, маусым мен қыркүйек кестесіне сәйкес 105 нысанды жекешелендіру жоспарланған. 30 қыркүйектегі жағдай бойынша сатылымға 94 нысан шығарылып, оның 49 сатылған.
***
«Ақмола облысында екі төлқұжаты бар егде жастағы әйел 18 жыл бойы екі мемлекеттен бірдей зейнетақы алып келген», деп «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Бабушка легкого поведения» деген тақырыптағы мақаласында.
Басылымның жазуынша, 1991 жылы Степногорск тұрғыны Надежда Бурцева төлқұжатын жоғалтып алғанын айтып полицияға шағым түсірген. Осыдан кейін оған «ҚР азаматшасы» деген белгісі бар жаңа төлқұжат берілген. Алайда, ол Ресейдің Томск қаласында тұратын қызының қолына көшіп барып, сол жақта жұмысқа тұрып, осы елдің азаматтығын алған. 1994 жылы Қазақстанда да, Ресейде де зейнетақы рәсімдеген. Бұл әйелдің бұл қулығына құрық бойламас та еді, егер мына бір жайт орын алмаған да. Сәуірде қартаң әйнл Степногорскіге келіп, тастап кеткен пәтерін даулап, сотқа жүгінген. Дәл осы сәтте оның ресейлік азаматша екендігі білініп қалды.