Қазақ халқының Асық ойынының ұлттық мәдениетіміздегі алатын орыны қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халқымыздың ұлттық спорттық ойындарының бірі - асық ату. Қазақ баласы асықты кезкелген жерде күндіз де, түнде де ойнай берген.
None
None

Күндізгі ойындар балаларды мергендікке тәрбиелесе, түнгі ойындар ептілікке тәрбиелеген. Бірақ, бүгінгі күні сол ұлттық құндылықтарымыздан алыстап барамыз.

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дегізіп, ұлттық ойынымызды ұмыттыра бастады. Енді «асық ойнаған азбайды, доп ойнаған тозбайды» деп ұрандататын сәт келіп жетті...

Асық ойынының қазақ мәдениетіндегі орынын дана халқымыздың «қой асығы демей-ақ, қолыңа толса сақа тұт», «асығы алшысынан түсті», «бүге-шігесіне дейін анықталды» деген сөз тіркестерінен-ақ байқауға болады.  Халқымыздың жақсы көрген жас жеткіншекті  «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр» деп  сипаттауы тегіннен тегін емес. Осыдан-ақ, ұлтымыздың асықтың маңызы мен мәнін жете түсінген танымдық көзқарасын байқауға болады.

Асық - төрт түлік мал мен аңдардың тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі,  буынға біткен шымыр сүйек. Қазақ ұғымында асық тек балалардың ойын құралы ғана емес,  өзіндік қасиеті бар мағыналы бұйым. Содан да болар,  ұлтымызда баласы ұл болса,  пәле-жаладан аулақ, қарымды, қайратты болсын деп бесігінің басына бөрінің, ал қыз болса сұлу, көрікті болып бөйжетсін деп бесігіне еліктің асығын тағатын әдет бар.

Келіні құрсақ көтергенде,  атасы мен әжесінің ырымдап асық жинайтын әдеті де  «немерем ұл болсын,  келінге көз тимесін,  аман - есен босансын» деген ырыммен үндесіп жатыр.

Қазақ халқында бейне жауырынға қарап болжам жасап,  бал ашқан секілді асық үйіріп те болжам айтатын ескілікті әдет болған.  Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын,  соққы беретін түйіндерді асықты шашып жіберіп түсіндіріп,  соғыс жоспарын жасағаны туралы деректерді де кездестіруге болады.

Ал асық арқылы бал ашу мақсатымен «аңшының олжасынан,  жолаушының жолынан,  жоқ іздеген жоқшының соңынан,  құрған қақпанның қанынан хабар бер» деп тілек сөз айтып асық үйірген. Асық жинау және асық ойнау - қазақ халқының, әсіресе, қазақ жастары мен балаларының ерекше сүйікті істерінің бірі болған. Асық ойынын қырғыз,  қарақалпақ халықтарының бәрі ойнағанымен,  бірақ олардың асық ойынының түрлері қазақтікіндей мол емес.

Айталық,  алшы,  омпы,  хан ойыны,  кентәй ату,  үштабан,  қақпақыл,  сасыр  т. б. сияқты ойындар бүкіл қазақ даласына жалпыласқан.  Ойыншылар асықты жаз жайлауда,  қыс қыстауда,  үй ішінде,  далада, тіпті мұз үстінде де ойнай беретін болған.  Кейбір асық құмарлар мен сал-серілер дорбаларына салып алып,  ел аралап, аты шыққан ойыншыларды іздеп барып өнер сынасқан.

Кезінде ата-бабаларымыз асық ойынын осындай ұлттық деңгейге дейін көтергені тегіннен тегін емес. Өйткені асық ойыны балалардың жастайынан төзімділікке шыңдап, оларды мергендікке,  ұстамдылыққа,  байсалдылыққа, қағылездікке тәрбиелеген.  Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу,  кейін ұтысты есептеп,  ұпай бөліскенде асық санау баланың математикаға бейімін арттырып қана қалмай,  балаларды көз мергендігіне, қол буындарының икемді болуына баулиды.  Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес,  ойлау мүшелерінен бастап,  иығы,  аяғы,  барлық бұлшық еттері қимылдайды. Былайша айтқанда,  асық ойнаған бала жүгіреді, секіреді,  көздейді,  жеңеді,  жеңіледі,  ұтады,  ұтылады...  Міне осының бәрі таза бәсеке, таза дене тәрбие. Қазақтың әйгілі батыры Бауыржан Момышұлы «Асық - үлкен халықтық тәрбие» деп бағалауының сыры да осында болса керек.

Халқымыз жетіген аспабының тиегіне асық қоюдан сырт, асықтан естелік бұйымдар мен әшекей бұйымдарын да жасайды.  Мұның жанды мысалы ретінде айта кетейік, алматылық шеберлер еліміздің түкпір-түкпірінен 8500 асық жинап,  алты айда ақбозаттың мүсінін тұрғызғаны бұл соның айғағы.

Бұл ғана емес, асықтан шетелдегі қандастарымыз да неше түрлі мүсіндер жасап, алдын Гиннес рекордтар кітабына енгізіп үлгерді.

Айталық, Қытайдағы қандастарымыз осыдан біраз уақыт бұрын қой асығынан Шыңжаң Автономиясының құрылғанына 60 жыл толуына орай, мерекеге арнап, асықтан  Шыңжаң өлкесінің картасын және Қытайдың бес жұлдызды қызылтуын жасап көпшіліктің назарын өзіне аударған болатын. Қытайдың «Халық газеті» сайтының мәліметіне сүйенсек, Іле аймағына қарасты Күнес ауданының 5- орта мектебі ұлттық дәстүр тәрбиесін мектепте оқытылатын пәндердің қатарына енгізіпті. Оны тек сабақ ретінде оқытып қана қоймай, дәстүрді ұрпақ санасына құюды шынайы іспен ұштастырып жатыр. Соның бір мысалы аталмыш мектептің оқушылары өз қолдарымен әлемдегі ең алып асықтың мүсінін құрастырып, мектеп алдындағы алаңқайға орнатыпты.

Алып асықты жасау үшін кәдімгі кішкене асықтардың 10 мыңға жуық данасын жинауға тура келген. Осынша асықтан жасалған үлкен асықтың биіктігі 2.6 метр, көлденеңі 1.3 метр, ені 90 сантиметр болған. Мүсінді қолөнерге баулитын мұғалімдерінің жөн сілтеуімен 10 оқушы ақылдаса отырып жасаған екен. Оған бір ай уақыттарын арнаған. Формасын келісті, әрі нығыз, сапалы етіп, сәтті жасап шыққан асық мүсіні көптің көз айымына айналып, жақсы бағасына ие болыпты.

Одан да қуаныштысы, мектеп басшылығы ғылыми түрде тізіліп, шебер туындыға айналған «алып асықты» «Гиннес рекордтар тізімдігіне» жолдауды ұйғарып, «Шаңхай дүние Гиннес рекордын бағалау» бас штабымен байланыс жасау арқылы тиісті құжаттарын жинауға кірісіпті.

Соңғы кездері тұрмыс дағдымыздың өзгеруі жане ойын құралдарының көптеп дүниеге келуіне байланысты, сондай-ақ, электронды ойындардың көбеюінен ұлттық ойынымыз -  асық ойыны дәуір сахнасынан жоғалып барады.

Қазіргі балаларға асықты тек науырыз мейрамында ғана ойнайтын ойын түрі деген түсінік қалыптасып барады. Тіпті, қалалы жердегі өскен бүгінгі бүлдіршіндер асықтың өзіндік атауларын атағанды қойып, асықты тек «сүйек» деп қана танитын деңгейге жақындап қалдық.

Жоғарыда асықтың қазақ өміріндегі, мәдениетіндегі, салт-дәстүріндегі алатын орынын, оның ұлттық ойынымыз екенін айтып өттік. Енді, осы ұлттық ойынымызды қалай қолдап, қалай байырғы деңгейіне жеткізу оқырман қауыммен, ұлтшыл отандастарымыздың қолында екені анық. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай жүрейік ағайын.

 

Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар