«Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымының түсірілімі қашан басталады

Бұл туралы бүгін «Қазақфильм» киностудиясында өткен баспасөз мәслихатында «Алмас қылыш» фильмі мен «Қазақ хандығы» сериалының режиссері Рүстем Әбдіраш айтты.
«Сериалдың екінші кезеңі «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген атаумен түсіріледі. Басында «Қазақ хандығы. Алтын тұғыр» деген атаумен бастамақ болғанбыз. Алтын тұғырдан «Алтын тақ» коммерциялық тұрғыда өтімдірек болады деп ойладық. Оқиға желісі бойынша, қазақ хандарының Сығанақты қайтадан қайтаруы көрсетілмек. Сығанақтағы Алтын тақты өз еншісі санап, өздеріне қайтаруы көрсетілмек. Сол жерде Жәнібекті хан көтереді. Себебі, сол жорықта Керей қайтыс болады. Екінші маусым Хақ-Назардың дүниеге келуімен аяқталады», - деді Рүстем Әбдіраш.
Көп сериалы «Қазақ хандығы» көркем фильмінің жалғасы, негізгі түсірілімі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілетін болады.
«Екінші маусым түсірілімі Қапшағайдағы қалпына келтірілген Сығанақ қаласында, Жамбыл облысының Құлан ауылы маңында, көп жылқылар ішінде, сосын Айша бибі, Әзірет Сұлтан басында, Ұлытаудағы Жошы ханның басында бірқатар эпизодтар түсіреміз деген ойымыз бар. Мұны бәрі қаражатқа тіреледі», - деді Рүстем Әбдіраш.
Еске сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Алмас Қылыш» фильмінің тұсаукесері 2017 жылдың 5 қаңтарында жалпыұлттық прокатқа шыққан. Толықметражды көркем фильм прокаттан 72 млн теңгеден астам қаржы жинады. Ал он сериалы «Қазақ хандығы» тарихи кинотуындысы «31 арнадан» наурыз айында көрсетілген болатын.