ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Назарбаев мектебінің оқушылары «Мәңгілік елді» сахналады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» мюзиклін сахналады.
None
None

Бұған дейін шығармашылық топ осы мюзиклмен Астана қаласында Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен ІІ Желілік арт-фестивальге қатысып, бас жүлдеге ие болған еді. Білім күні мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушылар мен ата-аналар және ұжым қызметкерлері де мюзиклді алғаш рет тамашалады.

Мюзиклде Керей мен Жәнібек бастап құрған хандықтан, Алашорданың құрылуынан, Ұлы Отан соғысында ерлермен бірге батырлық танытқан батыстың Мәншүк, Әлия, Хиуаздай аруларының өмірінен көріністер келтірілді. Одан әрі Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен ұлттардың достығы суреттелді.

Қойылым идеясының авторы - аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытгүл Әбдірова. Оның айтуынша, мюзиклдің мақсаты - Асан қайғы образы арқылы Қазақ хандығының тарихын баяндап, абыз баба аңсаған бейбіт те тыныш елге қол жеткен бүгінгі күнді көрсету. Мюзиклді қоюға мектеп хореографтары С.Сейітова, А.Тілеуғалиев, музыканттары А.Забесов, А.Құмарова, суретшілер Н.Әмірханов пен Ж.Құлбекова және ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі Г.Неғметова көп еңбек сіңірді.

Соңғы жаңалықтар