ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Оралда Қазақстан тарихының өзекті мәселелері талқыланды

Бұл кеше Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өткен халықаралық конференцияның жалғасы еді. Университет ректоры Нұрлан Серғалиев Қазақ елінің тарихы тереңде екенін, сонау арысы Күлтегін, берісі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолынан» басталған ұлы жолдың бүгінге дейін жетіп, «Нұрлы жолмен» болашаққа жалғаса беретінін атап өтті. Осы оқу орнының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев тарих - адамзат тәрбиешісі, оны танып қою аз, мәнін ашып, түсіне білу керектігін таратып айтты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Ерофеева қазақ хандарының тарихы әлі де толық зерттелмегенін алға тартып, үлкенді-кішілі жетпіс шақты ханның өмірбаяны түзіліп, эпистолярлық мұрасы қос том болып шыққалы жатқандығын жеткізді.
Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров Әбілқайыр ханның зираты қалай табылғанын тартымды баяндап берді. Оның айтуынша, 1-3 қазанда Ақтөбеде өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шара аясында облыс орталығынан 660 шақырым қиырда жатқан Хансүйек деген жерде хан кесенесі салтанатпен ашылмақшы.
ҚР «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі Шолпан Аманжолова Жәңгір хан мен Фатимаға телініп, кейбір кітаптарға кіріп кеткен, тіпті музейде тұрған суреттің оларға қатысы жоқтығын дәлелдеп берді. Шын мәнісінде қылыш ұстап түскен ханның кескін-келбеті мен киімі, таққан төсбелгілеріне дейін Жәңгірге келмейді, Фатима да солай. Жиынды жүргізген БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов бұл пікірді құптап, мұндай қателіктер өз бетімен зерттеуге кірісіп, білгенінше сілтейтін бірқатар «өлкетанушылардың» тарапынан кетіп жатқанын мәлімдеді.
Самара мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Лифанов Орынбор облысы аумағынан табылған бір құлпытастың Нұралы ханның ұлдарының бірі Жүсіп сұлтандікі болып шыққанына, мұндай көне қорымдарды бүгін зерттемесе, ертең кеш қалатынымызға тоқталды.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жаңа тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Галина Ксенжик қазақ хандықтарының аумағы қаншалықты болғандығы сол дәуірдегі карталарда сақталғандығына назар аударды. Соның ішінде ағайынды Яков пен Николай Ханыковтың ХІХ ғасырда жасаған карталарынан біраз нәрсені анықтауға болады.
Қорыта айтқанда, қазақ елінің арғы-бергі бай тарихын тынбай зерттеудің маңызы зор.