Қазақ хандығына 550 жыл: «Жұбан ана»

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты.

Қазақ хандығына 550 жыл: «Жұбан ана»

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Жұбан ана - ХІ ғасырда ірге көтерген тарихи маңызы зор, географиялық орны жағынан Ұлытау өңіріндегі сәулетті көне ескерткіштердің тобына кіретін күмбезді кесене. Күмбез Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Жарық-Жезқазған темір жолының 189-шы разъезінен солтүстік-шығысқа қарай екі шақырым жерде, Сарысу өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. 1772 жылы Жұбан ана күмбезі туралы алғашқы жазба деректерді орыс ғалымы П.Рычков «Орынбор топографиясында» келтіреді. 1863 жылы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов ескерткіш жайында кішігірім мақала жазып, оның жоба-суретін алғаш сызып қалдырады. Онда жергілікті халықтың бұл кесенені «Әулие қабірі» деп атайтындығын жазады.

Күмбез туралы әр кезде осы өңірде болған орыс ғалымдары С.Броневский, А.Левшин, А.Красовский, И.Кастанье жазба мәліметтер қалдырған. Кеңес дәуірінде ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан бұл ескерткішті қыпшақтардың ортағасырлық құрлысына жатқызады. Жұбан ана күмбезі төрт бұрышты текше жобамен салынған. Қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төрт бұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар. Кіре берісі оңтүстік-шығысқа қарайды. Күмбезі мен барабаны шаршы кірпіштермен өрілген.

Ескерткіштің аумағы сыртқы периметрі бойынша 6х6 метр, ішкі жағы 4х4 метр, биіктігі 6 метр. Іргетасының биіктігі 50 см тас тақталармен қаланған. Құрылысқа көлемі 27х27х6 см кірпіштер пайдаланған.

Жұбана ана күмбезі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.