Қазақ хандығының 550 жылдығын насихаттап жүрген байкер Дмитрий Петрухин Павлодарға барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің 150 елін темір тұлпарымен саяхаттаған танымал байкер, еліміздің географиялық қоғамының президенті Дмитрий Петрухин Павлодарға ат басын бұрды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

Құрамында 10 байкер бар мотосаяхатшылар тобы Қазақ хандығының 550 жылдығын насихаттап, Қазақстанның облыстарын аралап өтуді көздейді. - Қазақ хандығының 550 жылдығы - әлемдік маңызы бар мереке. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауыман мотошеруімізді бастап, мерейтойды барынша насихаттауды қолға алдық. Қазақ даласының ұлы мейрамын елімізге ғана емес, жер-жаһанға танытқым келеді. Павлодар - бабаларымыздың жолымен жүріп өткен бесінші қаламыз. Сәтін салса, саяхатымыздың 9-қазанда киелі Тараз қаласында тәмамдаймыз, - дейді Д. Петрухин. Мотосаяхатшылар тобын Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов қарсы алып, ақ жол тіледі. - Алтай мен Атырауға дейін Сарыарқаны жайлаған Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихи шарасына ат салысу - азаматтық борышымыз. Елеулі оқиғаның куәсі ретінде еліміз бойынша мотошеру ұйымдастырылып, қатысушылар ұлы даналарымыз бен батыр бабаларымыздың өшпес ізімен тарихи жерлерді аралауда. Бұл осы арқылы ата-бабадан мирас болып қалған ұлан-байтақ еліміздің ұлдары екенімізді дәлелдейміз, - деді шаһар басшысы. Сұхбат барысында Дмитрий Петрухин Қазақ хандығының 550 жылдығы оның әлем елдерін саяхаттап жүргеніне 10 жыл толуымен тұспа тұс келгенін жеткізді. - Жер шарының бес құрлығының 150 мемлекетіне ат басын бұрып, 250 мың шақырымдық жолды еңсердім. Әлем елдерін мотоциклмен аралау оңай іс емес екені анық. Саяхат барысында жаныма серік еткен Қазақ елінің байрағы демеу болып, бойыма күш-қуат береді. Десе де Отанымыз бойынша ұйымдастырып жатқан мотошеруіміз бұрынғыдан өзгерек. Себебі, Қазақ хандығының 550 жылдығын жұртшылыққа насихаттаймыз. Бұл - жоғары маңызға ие міндет, - дейді байкер. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 29-тамызында Алматы қаласынан жолға шыққан мотошерушілер 11-қыркүйекте негізгі мерейтойлық шаралар өтетін Астана қаласына жетеді. Ал 9-қазанда негізгі мерейтойлық шаралар жалғасатын Тараз қаласына барады. Мотошеру жол бойы Қарағандыдан басқа Өскемен, Семей, Көкшетау, Қостанай, Актөбе, Арал, Байқоңыр, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларын қамтиды. Фото Акмарал Есимхановой

Соңғы жаңалықтар