Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» шеруі жолға шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың мамыр айының 3-7 аралығында «Алматы-Талдықорған-Аягөз-Ақжар» маршруттары бойынша Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» атты шеруі өткізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында талқыланды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» шеруі жолға шығады

Төрт күннің аралығында Алматыдан бастау алатын шеру Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар селосында Ер Дәулетбай батырға ескерткіш тұрғызумен қорытындыланбақ. Мәдени, рухани маңызы бар іс-шараға республикалық Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге арналған мемлекеттік комиссия мүшелері, танымал тарихшылар қатысады, деп хабарлайды «Түгел Медиа» бірлестігінен.

Шараның басты ұйымдастырушысы - «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағалары Сәдібек Түгел мен Марат Нәбиев, сондай-ақ Ер Дәулетбай ескерткішін салу идеясының авторы «Ту ұстап ел қорғаған Ер Дәулетбай» қайырымдылық қоры, ШҚО Тарбағатай ауданының әкімшілігі мен «Ел бірлігі» одағы.

«Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймыз. 550 жылдықты тойлау ұлттық тарихты бағалауға үлкен серпіліс туғызады. Бұл бағытта біз республикалық Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге арналған мемлекеттік комиссиямен бірге жұмыс істейміз. Осының аясында бұл шеру өткізіліп отырған шаралардың алғашқысы, оның мақсаты - ұлттық тарихымызды баяндау. Шеру алдағы уакытта жалғасын табады», - дейді «Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының төрағасы Сәдібек Түгел.

Шараға қатысушылар бұл сапарға мамырдың 3-ші жұлдызында Алматыдан аттанбақ.