Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп жатқан мультфильмнің премьерасы желтоқсанда өтеді

Мультфильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «САҚ» киностудиясында түсіріліп жатыр.
Фильмдегі оқиға желісі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды.
«Фильмнің мақсаты балалардың өз тарихын түсінуіне, Керей мен Жәнібектей батырлардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болып өсулеріне жол ашу болып табылады. Фильм желісінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында фильмде Керей мен Жәнібектің бала кездерінде бастарынан өткен қызықты оқиғалары көрсетіледі. Олардың тай үйретеміз деп жүріп, қалай қарақшыларға тап болғандары, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы балаларға бір жағынан абай болуды меңзесе, екінші жағынан езу тартар болары сөзсіз», - деді «Сақ» киностудиясыныің өкілі Арайлым Еркінбаева.
Осы эпизодқа арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін кәсіби әншілер Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиевтермен қатар Нұржан Төлендиев («Алдараспан» театры), Берік Тұрсынбековтер («Шымкент-шоу» театры) орындайды.
Премьераның көрсетілімі желтоқсан айындағы Тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарлануда.
Айта кету керек, аталған киностудия қалың жұртшылыққа «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық - Зарлық», «Сапа олимпиядасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан бренді», атты мультфильмдерімен және «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ең үздік жоба» номинациясын жеңіп алған балаларға арналған «Томпақ телехикаясы» сериялы арқылы кеңінен танылған.