Қазақ-иран қарым-қатынастары жаңа сапалы деңгейге көтеріледі
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанада ресми сапармен жүрген Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежадпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Тараптар Қазақстан мен Иран Президенттерінің кешегі өткен кездесу барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және сауда- экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады.Премьер-Министр келісімдерді іске асыруға қатысты ҚР Президенті Н.Назарбаев Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.Кездесуде көлік саласындағы (теміржол, автокөлік жолдарының құрылысы жөніндегі жобаларды жүзеге асыру, Қазақстан мен Иран арасындағы теңіз жолын ұлғайту), энергетика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ қаржы саласындағы қарым- қатынасты дамытудың қажеттілігі туралы ортақ ұстаным мақұлданды.Сонымен қатар, химия және мұнай химиясы салаларында да жобаларды бірлесіп іске асырудың келешегі зор екені атап өтілді.Сондай-ақ тараптар екі ел экономикасының түрлі секторларына тартылатын инвестицияны ұлғайтуға өзара мүдделі екеніндіктерін жеткізді.
М.Ахмадинежад Қазақстан мен Иранда ынтымақтастықтың барлық саласында ұстанымдардың жақын екенін атап өтіп, алдағы жоспарлардың жүзеге асырылатынына сенім білдірді.«Екі жақты ынтымақтастық көзделген мақсаттарға жетудің және әлемдік дағдарыстың зардаптарына қарсы тұрудың ең тиімді әрі үздік жолы екендігі дәлелденді», деді ол.Кездесу соңында тараптар екі ел Президенттері қол жеткізген нақты келісімдердің іске асатынына және қазақ-иран қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.