Қазақ кино өнері жаңа бір ғажап туындымен толықты

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақ кино өнері жаңа бір ғажап туындымен толықты. Қыркүйектің  5-і күні Астанадағы «Арсенал» кинотеатрында «Біржан  сал»  көркем фильмінің  таныстырылымы өтті,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Досхан  Жолжақсыновтың режиссерлігімен түсірілген тың туындыны астаналық көрермендер үлкен қошеметпен қабыл алды. Екі сағат 10 минут бойы көрсетілген көркем фильм әнші, сазгер, сал-сері Біржан Қожағұлұлының өнері мен өмір жолына арналған. Басты рөлді Досхан  Жолжақсыновтың өзі сомдаған. Фильмге Сәбит Оразбаев бастаған қазақтың танымал киноактерлері түскен. Сенат депутаты, танымал сазгер Төлеген Мұхамеджанов көркем туындының музыкалық әуенін жоғары деңгейге жеткізе білген.

Көрсетілім соңында Досхан  Жолжақсынов бастаған өнер шеберлері сахнаға шықты. «Осындай көркем фильмді жасап шығардық. Шын пейілдеріңізбен қабыл алғандарыңызға алғысымызды айтамыз»,- деді Д.  Жолжақсынов.

Шығармашылық ұжымға тік тұрып құрмет көрсеткен көрермендер «Біржан  сал»  «Қазақфильм» киностудиясының жаңа ғасырда дүниеге әкелген тұщымды туындыларының бірі екенін айтып, осындай кинолар ғана еліміздің абыройын арттыра беретінін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар