Қазақ қоғамы заңды сырттан үйренген жоқ — Жақып Асанов
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Ата заңның ел үшін және әрбір азамат үшін маңызына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазақ қоғамы заңды сырттан үйренген жоқ. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы өз дәуірінде елдің бірлігін сақтап, қоғамдық тәртіпті орнықтыруға қызмет еткен негізгі құқықтық ережелер болды. Бүгінгі Конституция да сол баба заңдарының қисынды әрі орынды жалғасы. Абай ғұлама да заң мен әділдікке ерекше мән берген.
– Сөздерінің төркіні — заң дұрыс жұмыс істемесе, әділдік әлсірейді, ал әділдік әлсіресе қоғамның іргесі сөгіліп, елдің берекесі қашады. Бауыржан Момышұлы осыны «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп түйіндеген. Заң мен тәртіп адамды қыспаққа алу үшін емес, елді сақтау үшін, жұртты ұйыстыру үшін, әр адамның құқығы мен шегін нақтылау үшін қажет. Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» мен заң мен тәртіп қағидаттарын алға қоюы — осы тарихи ұстанымның логикалық жалғасы. Демек, бәрі заң үстемдігіне тіреледі. Ал заңдардың ең басы, ең биігі — Конституция. Ол халық пен мемлекет арасындағы негізгі келісім. Халық заңды сақтаймын деп міндет алса, мемлекет құқығыңды қорғаймын деп жауапкершілік алады. Жалпы Конституция әрқайсымызға үш маңызды тірек береді. Ең алдымен ол еркіндігімізді, ар-намысымызды, меншігімізді қорғайтын құқықтық қалқан. Екіншіден, Конституция — әлеуметтік лифт. Әрбірімізге білім алуға, емделуге, еңбек етуге, кәсіппен айналысуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ол заң алдында бәрі тең деген қағиданы бекітіп, әділ қоғамның ортақ стандартын орнықтырады, — деді Жақып Асанов.
Сенат төрағасының орынбасары Конституцияға не үшін өзгеріс енгізу қажеттігін де түсіндірді.
— Халқымызда «таң атайын демейді, күн қоймайды, күн батайын демейді, түн қоймайды» деген сөз бар. Уақыт күтпейді. Уақыт өзгерсе — өмір өзгереді, өмір өзгерсе — оны реттейтін ережелер де өзгеруі тиіс. Біріншіден, қазіргі әлемдік жағдай күрделі әрі тұрақсыз. Осындай кезеңде негізгі заңда біз қандай елміз, қандай мемлекетпіз, қандай құндылықтарға сүйенеміз — соның бәрі еш күмән қалдырмайтындай айқын жазылуы тиіс. Конституцияның алғашқы бетін ашқаннан-ақ бағытымыз да, ұстанымымыз да, мемлекет ретіндегі болмысымыз да анық көрініп тұрғаны маңызды. Жаңа преамбулада осы ойлар дәл көрсетілген деп санаймын. Екіншіден, біз кеше ғана пайда болған ел емеспіз. Қазақстан — тарихы терең мемлекет, Ұлы дала өркениетінің тікелей мұрагері. Бұл жерді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалды. Жер бізге аманат болып қалған ең қастерлі құндылық. Біз біртұтас ел екеніміз, унитарлы мемлекет екеніміз, жеріміздің бөлінбейтіні, шекарамыздың мызғымайтыны Конституцияда тайға таңба басқандай, күмәнсіз жазылуы — стратегиялық қажеттілік. Бұл жай декларация емес, қауіпсіздігіміздің өзегі, егемендігіміздің тірегі, баршамызды ұйыстыратын ортақ ұстаным. Үшіншіден, қоғам санасы өсіп келеді. Азаматтардың мемлекетке қоятын талабы күшейді. Билік бұрынғыдай тек басқарушы емес, жауап беруші институтқа айналуы тиіс. Сондықтан ұсынылған өзгерістер — уақыт талабы. Маған маңызды болып көрінетіні — Конституцияның жаңа құрылымы. Институттар арасындағы өкілеттіктер мен міндеттер дәл бөлінбесе, әділдік те, тәртіп те болмайды, — деп қорытындылады Жақып Асанов.
Бұған дейін 2026 жылғы конституциялық өзгерістер партиялық бәсекені күшейтеді деп жазғанбыз.
Сонымен қатар жаңа редакциядағы Конституция сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға тікелей тыйым салуды нақты бекітеді.