Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтынан 900 млн өндірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты» АҚ қызметінде қаржылық бұзушылықтар анықтағанын хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, паспортизациялау жұмыстарын жүргізу барысында мемлекетке қаржылай залал келтірілген. Құқық қорғау органы талабы бойынша сот тәртібімен мемлекет кірісіне 894 177 000 теңге мөлшерінде берешек, сондай-ақ 26 825 310 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілді.
- Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының бақылауында, - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Еске салайық, прокуратура сталкинг бойынша жазаның бұлтартпастығы туралы ескертті.