Қазақ қызы Тілеуқор Бошымова жарты ғасыр ғұмырын Қырғыз авиациясына арнаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көзінде жалыны бар, сымбаты келіскен, күлкісі әркімді де тәнті ететін 70 жастағы Тілеуқор апа кез келген жас стюардессаның қасында қысылмай тұра алады. Осыдан 55 жыл бұрын Қырғыз көгін алғаш бағындырған қаршадай ғана қазақ қызы жарты ғасыр өмірін азаматтық авиацияға арнаған. ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен Тілеуқор Бошымова аспанға ұшсам деген асқақ арманы туралы, сол арманға жетер жолдағы қиындық пен қызықтары туралы естеліктерін айтып берді.

«Мен Қырғыз Республикасының Чуй облысы Мәскеу ауданына қарасты Түлек ауылында тудым. Бұл жерге ата-анам 30-шы жылдары Қарағанды облысынан көшіп келген екен. Кең далада өстім, бала кезімде жылқы жайып, түйе бақтым. Сонда, аспаннан ары-бері ұшқан ұшақтарды көп көретінмін. 17 жасымда ең алғаш рет ұшаққа отырған мен «стюардесса» деген маман иесін алғаш рет көрдім. «Не деген әдемі қыз!» деп таң қалған мен «өзім де осылай ұшамын» деген ойға келдім»,-дейді бала арманын еске алған Тілеуқор апа. 
Алайда, қазақ қызының бұл арманы бірден орындала қоймаған екен.
«1959 жылы мен Фрунзе қаласына келдім. Жанымдағы қыздардың біреуі тігін тіксе, екіншісі тоқымаға әуес еді. Ал, мені ондай дүниелер қызықтырмады, ұшуға құмарлана бердім. Сөйтіп, парашюттан секіру спортына ден қойдым. 1964 жылы троллейбус аялдамасында тұрдым да ішімнен бір тілек тіледім: егер де бірінші өткен троллейбус театрға қарай бара жатса, әртіс боламын, егер, әуежайға бара жатса, авиацияға барамын дедім. Бірінші троллейбус жоғары жаққа, яғни, әуежай бағытына қарай жүрді. Ойланбастан, ұшқыштар училищесіне келдім, бірақ, студенттерді іріктеу аяқталып қойған екен. 
«Сізді диктор ретінде қабылдайық, бірнеше айдан кейін училищеге оқуға ауыстырамыз, деді. Осылайша, мен азаматтық авиациядағы алғашқы диктор болдым. 1965 жылы училищеге ауысып, стюардесса атандым»,-дейді Т.Бошымова.
Оқу бітіргеннен кейін Тілеуқор Ізембекқызы 17 жыл бойы көкте қалқыды. 20 мың сағат бойы ұшқан екен. Сол 17 жылда Қырғыз авиациясындағы қазақ қызы талай қызықтарды бастан өткеріпті.
«Бір рет менің қолыма 6 айлық баланы тастап кетті. Оның анасы студент еді. Сондықтан, Мәскеуде қалып, сынақ тапсыруы керек болды. Студент қыз баласын маған қалдырды да Фрунзе қаласынан туыстары күтіп алатынын, телеграмма да жолданып қойғанын айтты. Фрунзеге ұшып келдік, телеграмма да жоқ, күтіп алатын ата-ана да жоқ, туыс-туған да жоқ. Студент қыздан күтіп алатын кісілердің адресін жазып алғаным сондай жақсы болар ма, таксиге отырдым да тиісті мекенжайға келдім. Таңғы сағат 07-00 болатын. Есікті кішкене бала ашып тұр, ата-анам жоқ, базарға кеткен дейді. Сонымен, не керек, баланы аман-есен жеткіздім. Кейін, баланың ата-әжесі мені тауып алып, алғыс айтты»,-дейді авиация саласына еңбегі сіңген Бошымова. 
Тілеуқор Бошымованың отбасы да авиация саласында еңбек етеді екен. Жолдасы Марат Бектенов халықаралық рейстердің 1 санатты инженер-ұшқышы болған екен. Жуырда ғана, 2017 жылдың 7 қаңтарында Марат Бектеновтің құрметіне оның туған жері - Қойтас ауылының бір көшесіне Қырғыз Республикасының атақты ұшқышының есімі берілген екен. 
Ұшқыштардың отбасында дүниеге келген балалар да ата-ана жолын жалғастырған. Тілеуқор Бошымова мен Марат Бектеновтің екі қызы да қазір халықаралық рейстердің стюардессалары. Самат атты ұлдары «Қырғызстан әуе жолдары» атты әуе компаниясының қызметкері. Бошымованың 7-сыныпта оқитын немересі де авиаторлар династиясын жалғастырамын дейді екен.
Қырғыз Республикасының азаматтық авиациясына жарты ғасыр ғұрмырын арнаған Тілеуқор Ізембекқызы қазір Қырғызстанның азаматтық авиация музейін басқарып отыр. 
Тілеуқор Бошымова қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысқан адам. Көп жылдардан бері қазақ диаспорасы төрағасының орынбасары, Қырғызстан әйелдері конгрессінің мүшесі. «Қырғызстанның еңбек сіңірген авиаторы», «Қырғызстанның мәдениет үздігі» сияқты марапаттарымен қатар, Қазақстанның және Ресейдің марапаттарына ие болған.