17:32, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақ мектептері еліміздің бай фаунасы мен флорасынан сыр шертетін биологиялық мұражайға қызықпайды ? Қ. Мұсабеков
АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасында биологиялық мұражай қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана бар. Биыл оның іргетасының қаланғанына 73 жыл толады.

Алматыдағы Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің Биологиялық мұражайы директорының орынбасары, биология ғылымының кандидаты Қылышбай Мұсабеков бірегей мұражай туралы әңгімелейді.
- ҚазҰУ-дың биологиялық мұражайының тарихы қай кезден басталды? - 1936 жылы Биология факультетінің Омыртқалы жануарлар зоологиясы кафедрасы жанынан Зоологиялық мұражай ашылған болатын. Ол біріншіден ? оқу процесінде және студенттер мен оқытушы-профессорлар қауымының ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін пайдалану, екіншіден ? Қазақстан фаунасын сипаттайтын қор құру мақсатында ашылды. Жетісу өңірінде экспедицияда жүрген КСРО ҒА Зоология институтының профессоры В. Шнитников оған Қазақстандағы құстардың 200-ге жуық тұлыптарын сыйлады. Қазақстанның омыртқалы жануарларының 400-ден астам тұлыптарын берген жазушы М. Зверев пен Қазақ КСР Ғылым Академиясының болашақ корреспондент-мүшесі А.Слудский де мұражай қорының қалыптасуына өз үлесін қосты. Оның дамуына, сондай-ақ Д.Поляков (ботаника), Г.Скопин (жәндіктер), Н.Глиняныйдың (дарвинизм) да қосқан үлес қомақты. 1949 жылы зоологиялық бұл мұражай биологиялық мұражай болып қайта құрылды. Оның құрамына - омыртқасыз жануарлар зоологиясы, омыртқалы жануарлар зоологиясы, ботаника және дарвинизм бөлімдері енді. Бұл мұражайдың университеттің қана емес, күллі республиканың ғылыми-зерттеу орталығына айналуына профессор Б. Домбровский көп еңбек сіңірді. Мәселен 1966 жылы Севастополь биологиялық станциясынан мұражай үшін киттің қаңқасын сатып алу туралы ұсыныс хат келеді. Бронислав Александрович бұл хабарды қуана қабылдап, оны алып қайту үшін Севастопольға өз қаржысына экспедиция ұйымдастырды. 1970 жылы мұражай меңгерушісі қызметіне Қазақ КСР ҒА Зоология институтының қызметкері Э.Ф. Родионов шақырылды. Ол бұған дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының табиғат мұражайын құруға қатысқан болатын. Эвальд Федорович зоология маманы ғана емес, суретшілік пен таксидермия технологияларын меңгерген сан қырлы өнер иесі еді. Оның қолынан шыққан аңдар мен құстардың тұлыптары мұражай қорын ұлғайтуға өз септігін тигізді. Өз ісінің қас шебері саналатын ол сонымен қатар мұражайдың қазіргі макетін жасау жөніндегі жобаның бастамашысы болды. Оның жануарлар мен өсімдіктер әлемі бойынша жинақтаған терең білімі, тамаша шығармашылық талғамы Республика аумағында ғана емес, шет елдерде де өте жоғары бағаға ие болған бірегей мұражай құруға мүмкіндік берді. Қазақ КСР Жоғары білім министрлігінің 1977 жылғы бұйрығы бойынша оған Қазақтың Еңбек Қызыл туы орденді С. Киров атындағы мемлекеттік университетінің ІІІ дәрежелі көмекші оқу бөлімі деген құқықтық мәртебе берілді. Мұражай жобасының табысты болуына сондай-ақ, университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбеков те үлкен ықпал етті. - Мұражай қазіргі ғимаратқа қашан көшіп келді?
- ҚазҰУ қалашығында биологиялық факультеттің қазіргі ғимараты салынған кезде 1977 жылы бұл мұражай да осында көшірілген болатын. Алайда алғашқы кезде тек сыртқы витриналар ғана жұмыс жасады. Өйткені мұражайдың 1200 шаршы метрлік негізгі залдарын безендіру жұмыстары 1980 жылы басталып, ол 1984 жылы ғана аяқталды. Оған сол кезде 4 мыңнан астам аң мен құстардың тұлыптары қойылған болатын. Қорының көптігі мен халыққа көрсеткен мінсіз қызметіне байланысты 1991 жылы қазанның 18-інде Халыққа білім беру министрінің №12-2-27/14 бұйрығы бойынша мұражай І дәрежеге көшірілді. Ал оқушылар мен көпшілік қауымның тамашалауы үшін мұражайдың бірінші залы 1984 жылдың мамырында университеттің 50 жылдық мерейтойы тойланып жатқан кезде ресми ашылды. Содан беріде 125 мыңнан астам оқушылар мен оқытушылар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері, түрлі дәрежедегі делегация мүшелері тамашалады. - Жылына қанша адам келетінін, олардың дені негізінен кімдер болатынына талдау жасап көрдіңіздер ме? - Бізге жылына 6 мыңнан астам оқушылар мен студенттер келеді. Сондай-ақ шетелдік делегациялар да жиі қонағымыз болып қайтады. Оларға экскурсияны Рысхан Шыңғысова, Мәрзия Алпысбаева сияқты тәжірибелі жетекші мамандарымыз қазақ және орыс тілдерінде жүргізеді. Сауалыңызға орай, осы арада Қалалық білім департаментіне құлаққағыс ретінде мына бір жайтты айта кеткен жөн шығар. 2008-2009 оқу жылы басталған кезде біз 100-ден аса мектепке құлақтандыру жасадық. Бізге келетіндердің 80 пайызы орыс тілді мектеп балалары. Олар ұйымдасқан түрде жеке туристік фирмалар арқылы автобус жалдап, алдын-ала тапсырыс беріп келеді. Мұражайды тамашалау тегін болса да, қазақ мектептері тарапынан әзірге мұндай белсенділікті байқай алмай отырмыз. - Мұражай қорын толықтыру жұмыстары қазір қалай жүргізіліп жатыр?
- Мұнда қазіргі кезде он мыңнан астам жәдігер бар. Ұйымдастыру және шаруашылық жұмыстарына университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Тіпті осында ай сайын арнайы келіп тұрады десем өтірік болмас. Мұражай қорын толықтыруға осындағы жан-жануарлар мен құстардың тұлыбын жасайтын таксидермиялық шеберхана өз үлесін қосуда. Оған қажетті аң мен құсты Алматыдағы хайуанаттар бағы мен еліміздің түрлі табиғат қорғау парктерінен аламыз. Олар қартайып өлген немесе қаскөйлердің қолынан мерт болған аң мен құсты өз мүмкіндігіне қарай бізге беріп отырады. Қазір соңғы жылдары үзіліп қалған осы байланысты қайта жаңғырту үшін олардың бәріне арнайы хат жолдап, өзара келісімге келіп жатырмыз. Жалпы бүгінгі таңда еліміздің аумағында тіршілік жасайтын аң мен құстың бәрі болмаса да белгілі бір түрлерінің тұлыбы біздің қорда сақтаулы тұр. - Қазақстанда қазір жан-жануарлар мен құстардың қанша түрі бар? - 178 аң мен 512 (кей деректерде 505 деп те айтылады) құстың түрі тіршілік етеді. Биологиялық мұражайда олардың 70-80 пайызы бар. Ел аумағында қазіргі таңда, сондай-ақ 5 мыңнан астам өсімдік пен 10 мыңдай жәндіктің түрі бар деп есептелінеді. Менің ойымша, бізде әлі сыры ашылмаған аңдар көп. 1935-1938 жылдары ҚСРО ҒА Қазақстандық базасының зоология секторында ғылыми қызметкер В.А. Селевин Бетпақдаладан кеміргіштің белгісіз түрін тапқан. Оны мұражай қызметкері В.С. Бажанов (ҚазССР ҒА-ның Табиғат мұражайының негізін қалаушы, б.ғ.д.) ғылымға қалқанқұлақты жаңа түр ретінде сипаттап жазып, 1939 жылы оған Селевиния деп атау берді. Осы мұражайдың қорында сол жалманның немесе қалқанқұлақтың түпнұсқасы бізде әлі сақтаулы. Сол себепті болашақта әлі талай жаңалықтар ашылады деп үміттенем. - Осы орайда, сіздің мынадай мәселеге көзқарасыңызды білсек. Біздің елдің аумағында тіршілік ететін кейбір аң мен құстың атаулары оларды зерттеп жазған әлгіндей ғалымдардың атымен немесе солар қойған атаумен аталып кеткен. Сол аң мен құстың халқымыз қойған төл атауларын ғылыми қолданысқа қайтаруға болмай ма? - Түркінің елі ер Тұран,
Көкбөрі болған елге ұран.
Жарыса желмен жүйткіген
Даланың көркі керқұлан.
Керқұлан жортқан даламда
Ақиқат қымбат адамға,
Атауы оның мәңгілік
Жаңғырсын қайта санамда! ? демекші, оны өз басым өте орынды мәселе деп есептеймін. Бізде өзі көрген аң мен құсты сипаттап жазғандардың, кейде ғалымдардың өз атын қалдыру үшін атаған немесе қандай да бір зерттеушінің құрметіне орай басқаша аталып кеткен жан-жануарлар мен құстардың түрі жеткілікті. Мәселен, керқұланды - Пржевальский жылқысы, қалқанқұлақты - селевиния, ал Оңтүстік Қазақстан облысында ғана кездесетін көксуырды - Менизбр суыры деп жүрміз. Егер олардың тарихи атауын өзіне қайтарсақ, одан олардың ғылыми маңызы артпаса, еш төмендемейді. Кезінде басқа атпен аталып кеткен жан-жануарларға бұрынғы атын қайтару мәселесі көптен бері сөз болып келе жатқанмен оның нақты нәтижесін көре алмай жүрміз. Бұған ғалымдар арасында бірауыздылықтың болмауы түрткі болып отыр. Олардың кейбірі өзгертейік десе, екіншілері бұл өзгеріс жұртшылықты шатастырады сол күйінде қала берсін дейді. Қазіргі кезде қолда өсіріліп жүрген жылқы малының 250-ден астам тұқымының арғы тегі осы керқұлан, тарпаң жылқылары болғандығын ғылым толығымен мойындайды. Олардың ең алғаш қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені Көкшетау маңындағы Ботай елді мекеніндегі археологиялық қазбалардан аса мол жылқы сүйегінің табылуы арқылы бүкіл әлемге әйгілі болды. Жалпы бүгінгі таңда табиғатта жылқы туысына жататын жануарлардың 8 жабайы түрі кездеседі. Керқұланды қытай халқы «жабайы жылқы» деп атайды. Өкінішке қарай, жабайы керқұландар 1960 жылдары біржола жойылып кетті. Қазір тек әлемнің түрлі елдеріндегі зоологиялық бақтарда 1700-ге жуық керқұлан ғана өсіріліп жатыр. Қазақстанда оны қайта жерсіндіру шаралары 1990 жылдары басталған болатын. Осы арада голландиялық ерлі-зайыпты Инга мен Ян Боумандардың есімі еске еріксіз түседі. 1977 жылдан бері керқұланды сақтап қалу туралы арнайы қор құрып, ай сайын журнал шығарып келе жатқан олар керқұланды табиғи ортада көбейту үшін қолайлы жер іздеп Қазақстанға арнайы келген болатын. Зайсан өңірін, Тарбағатай мен Шыңғыстау алқабын аралап көргеннен кейін егер 10 мың гектардай алқапты «қорықты аумақ деп» белгілейтін болса Қазақстанға 30-дай керқұланды тегін беруге әзір екендіктерін де айтты. Керқұланды табиғи ортада көбейтуге, Алматы мемлекеттік зоология бағының қызметкерлері де өздерінің қомақты үлесін қосып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. 2002 жылы Алматы зообағынан таза қанды керқұланның «Липа» есімді биесі Мюнхен зообағына жіберілді. Сондай-ақ Мюнхен зообағының директоры Веснер Хеннингпен екі жақты келісімшарт жасалынып, алынған керқұлан ұрпақтарын Қазақстандағы «Алтынемел» ұлттық саябағына жерсіндіру шараларын қолға алу көзделген болатын. Соның нәтижесінде 2003 жылы 8, 2007 жылы 6 керқұлан әкелініп, олардың алды қазіргі таңда ұрпақ беріп үлгерді. Мұның бәрі келешекте керқұланның табиғатта сақталып қалуына мүмкіндік жасайды деп зор сеніммен айтумызға болады. - Мұндай жайттар мұражай жәдігерлерінің өз атауын қалпына келтіруге кедергі жасап отырған жоқ па? - Иә. Біздің зоологиялық мұражайдың іргетасын қалап, оны дамытқан және осында қызмет жасаған мамандардың басым бөлігі басқа ұлт өкілдері болған. Сондай-ақ еліміздегі жан-жануарларды зерттейтін бірден бір ғылыми орталық саналатын ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Зоология институтынан жарық көретін Қазақстанның Қызыл кітабында да аң мен құстардың атауында бірізділік жоқ. Сол себепті біз осы уақытқа дейін оларға бірден өзгерістер жасай алмай отырмыз. Мұрағат заттарының бәрі тек ғылыми атауымен аталады. Дегенмен, ештен кеш жақсы демекші, осы олқылықты алдағы уақытта біртіндеп түзете бастайтын шығармыз. - Тағы бір сұрақ, жалпы халқымыздың экологиялық мәдениетін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? - Бұл іс, ең алдымен, отбасынан басталуы керек. Халқымызда «суға түкірме», «отпен ойнама», «өсіп тұрған шөпті жұлма», «ағашты кеспе» деген сияқты көптеген тиым сөздер бар. Әрбір ата-ана оны кішкентай кезінен бастап өз баласына үйретіп, қоршаған ортаны қорғауға дағдыландыруы тиіс. Ол кейін мектеп қабырғасында одан ары жалғастырылады. Мәселен, Жапония халықтың қоршаған ортаны қорғауға деген ынта-ықыласын арттыру үшін 30 жыл бойы үнемі сенбіліктер ұйымдастырған. Ол бүгінгі таңда өз жемісін беруде. Мәселен, мұндай шаралар қазір біздің университетте де жақсы жолға қойылған. Бұрын қалашықтың ішінде шашылып жатқан қағаз бен пісте қабығын әр жерден көретінбіз. Қазір барлық жерде қоқыс салатын арнайы жәшіктер орнатылған. Ұлттық университеттің қалашығындағы студенттердің бәрі болмаса да 70-80 пайызы оған бейімделе бастады. Бұрынғыдай кез-келген жерге бей-берекет қоқыс тастау қазір тиылып келеді. Мұндай шаралар өзге оқу орындарында да атқарылып жатыр. Ол алдағы уақытта өз жемісін беретініне күмәнім жоқ.
- Әңгімеңізге рахмет.