Қазақ мүддесіне қызмет етіп жүрген 5 адам марапатталды - Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры

Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры мен «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының арнайы дипломдарына ие болды.
Бүгін бұл туралы журналистер алдында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры және «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы бірлескен жобасы бойынша, әр салада қазақ мүддесіне қызмет етіп жүрген қоғам қайраткерлерінің ісін қолдап, арнайы дипломдар мен 1 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тапсыру қарастырылған болатын.
«Қазылардың шешімімен бұндай марапаттарға жазушылар арасынан - қазақ болмаса да қазақтың мұңын жоқтап жүрген ағамыз Герольд Бельгер, қоғам қайраткерлері ішінен - парламент қабырғасында қазақтың сөзін сөйлеуде көп әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, басылымдар қатарынан - Атырау өлкесінде жарық көретін «Алтын Орда» гәзеті, тележурналистикадан - ұлттық тақырыптарды көтеріп жүрген «Хабар» агенттігінің журналисі Ринат Кертаев, келесісі - қазақтың рухын әнмен жеткізіп жүрген Ерболат Құдайберген жүлдегер атанды», деп атап көрсетті ол.