Қазақ өлеңі дегенде көз алдымызға қазақтың образы елестейді

Себебі, ол - сөз атасы, сөздің құдіреті. Бұл тұрғыда сөздік қорға бай қазақтың еш арманы жоқ сияқты көрінеді. Жаратқан иенің қазақтан қысып қалғаны жоқ-ау осы дейсің кейде. Тек оның ренішін сезінбейтін сезімсізге айналып бара жатқандығымыз болмаса.
Қазір екі сөздің басын құрағанның бәрін ақын, әу дегеннің бәрін әнші деу арсыздыққа жатпайтын болғаны да рас. Оған тіпті ешкімнің жүрегі де ауырмайды, басы да қатпайды. Қазақ қазақ болып жаралғалы бері өлеңімен бірге өмір сүріп келді. Қазақтың анасы бесіктегі сәбиін өлеңімен тербетті, әнімен әлдиледі. Оны ол нәрсетесі алдындағы борышым, парызым деп ұқты. Бүгінгі дамып, жетіліп жатқан уақыттағы ақыл-кеңесті олар сол уақытта-ақ меңгерді. Оның тәрбиелік мәнінің зор екендігін жақсы түсінді. Осыдан-ақ бір ұлттың тағдырын, өмір сүру салтын, тіпті, салт-дәстүрінің өзін өлеңсіз елестете алмайсың. Абайдың «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр» дегенінің өзі осыған меңзейтіндей. Кешегі Майқы бидің өз заманын былай қойып, бүгінгі біздің бастан кешіп отырған жағдайларды, қазіргі уақыттың бет-бейнесін асқан көрегенділікпен дәлме-дәл баяндауы оның бойындағы ерекше қасиетін, ақыл-парастын көрсетепей ме? Ешқандай көріпкел, әулиеге сүйенбей-ақ, оның өзінше болжам жасауы әрі сол өлең тіліндегі болжамының бүгінгі күнмен сәйкес келуі таңғаларлық құбылыс. Яғни бұл жерде өлеңнің өріліп түсуі керек-ақ, бірақ оның тұла бойында ақылды, нанымды, шынайы ой бар болса, ол қай кезеңмен де сәйкес келе беретін сыңайлы ойға жетелейді. Көргені көп талант иесінің айтқандары бүгінгі адамдардың мінезіндегі дөрекілік, өзімшілдікті тап басады. Осыдан-ақ дуалы ауыздан шыққан сөздің ақиқаты болмай тұрмайтынына иланасың. Өмірдің қатып қалған қағидасы жоқ. Барлығы да уақытпен өлшенеді. Адамзат атаулының жан жарасын жазатын да сол уақыт. Уақыт қандай өкпе-реніш болсын жазады, емдейді. Тек оны жазуға бағынғысы келмейтіндер үшін өмір сүру тым қиын сынды. Өлең де солай. Бүгінгі қағазға түсірген дүниеңді ертең басқаша жазуың мүмкін. Алайда, ол біреуді селт еткізе ала ма, жоқ па мәселе сонда. Шын талант иесі болу әркімге бұйыра бермейтін нәсіп. Талантты болуға құмарлық бос әурешілік екендігін уақыттың өзі түсіндіретінін де жақсы білеміз. Қаншама уақытты артқа тастап өлең ұрпақтан ұрпаққа ауысып жатыр, ауыса да бермек. Қазір тіпті тас лақтырсаң ақынға барып тиеді. Көп болғанына кейігеніміз емес бұл. Көп дүниенің көңілге күмән ұялататыны тағы бар. Былайша айтқанда, поэзия базарға айналып кеткен сияқты. Кімнің еті тірі, кім пысық соның тауары өтімді. Бірдеңеден құр қалып қалатындай кітаптарын шығарып, оны тіпті сыйлықтарға ұсынып жатқан жастарды да көзіміз көріп жүр. Кім білсін, дұрыс та шығар. Айтпағымыз, өзіңнің бойыңда жоқты біреуден байқап, көре алмаушылық танытып жатқандық емес, тек қаптаған ақынның ішінен қатқан ақындар шықса екен деген тілек қана. Терезеден күңгірт күннің сұп-суық сиқына қарап, тұла бойың тітіренеді. Биылдыққа алғаш жауған қардың ызғарынан ба екен, әйтеуір мына өмір не болып барады дегенді жиі қайталайтын болдық. Әлдебіреулер кітабының жарық көргеніне қуанып мәз-мейрам. Бірақ тап әлгіндегідей көңіл-күйден соң тек көңілсіз өлең туатынын өзің ғана сезесің. Мұндай кезде ақынға қолұшын беретін де сол өлең, қазақтың қара өлеңі. Қаймағы бұзылмайтындай көрінетін сол өлеңнің құрылымын құбылтып, шама жетсе жігін ажыратып-ақ жатырмыз ғой. Неде болса ішкі ойдың өлмегенін көксеу адами парызымыз. Жасыртыны жоқ, қазір поэзияда майдан жүріп жатыр. Кәдімгі үнсіз соғыс. Бірақ ешкім соғысып жатырмыз деп ойламайды. Ол бірінен-бірі қалып қалмау, үлкен құбылыс жасауға ұмтылу, өзіндік жаңа формаға әуестік, поэзия жанры бойынша ұйымдастырылып жатқан байқаулардан міндетті түрде жүлдеге қол жеткізу, қол жеткізудің амалдарын қарастыру, ол аз болса, бетіне күліп, сыртынан сөз айту, одан өзін әлдеқайда ақылды, талантты санау не керек, т.т, әйтеуір бір жанкешті тірлік. Сол байқауларға қатысып, ішінде өзімізде болып көрдік. Өзгелерді қайдам, жүлдесінен бұрын, сол мүшәйралардың жан-дүниенің ашығуына әкеліп соғатынын сезінесің. Баяғы сол қазақтың қанында бар бармақ басты, көз қысты әрекеттерден жаның құлазиды. Бәлкім бір жағынан солай болуы керек те шығар. Пенденің көңілі пендешіліктен қалмаса, неден қалады. Айтып-айтып келіп соңын дұрыс шығар деп аяқтаудың өзі қазіргі өмірде ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ажырата алмай қалғандығымыздың дәлелі іспетті. Баяғыды екі адам бір нәрсеге таласып, жанжалдасып қалса керек. Екеуі айтысып-тартысып, мәмілеге келе алмаған соң, сол ауылдың биіне келіп жүгінеді. Сонда би: - бірінші біреуіңді тыңдап алайын, содан кейін екіншің айтарсың жағдайды - депті. Біріншісін тыңдап болған би: Сенікі дұрыс екен - дейді. Екіншісін де тыңдап болып: Сенікі де дұрыс екен - депті. Аң-таң қалған әлгілермен бірге ілесіп келген үшінші адам: Биеке, мұныңызды қалай түсінеміз, сонда бұл қалай болды - дегеніне - Сенікі де дұрыс екен - деген екен. Сол сияқты Ненің жөн, ненің жөн емес екенін білмей қалғанымыз рас. Дегенмен бір түсініспеушіліктердің, өзіңнің дәрежең, атағың үшін неге болсын бара алатын жанкештіліктің бізбен бірге өмір сүріп жатқанын мойындамасқа шараң жоқ. Алайда, сөзімен де, ісімен де майдаланып бара жатқан адам атаулы сөз өнерінің киесі бар екендігін толық түсіне алмай жүргендей әсерге қалдырады. Ол бүгінгі әндерден көрініс тауып отыр. Қазіргі сазгерлер әнге сұранып тұрған мәтінді іздеп әуре болмайтын сияқты. Бүгінгі таңдағы айтылып жүрген ән мәтіндерінің қандай ақындардың кітабынан алынып жатқаны белгісіз. «Әнді сүйсең менше сүй» (тағы келіп Абайға жүгінеміз). демекші сол музыка саласында жүрген адамдардың сонда өз ұлтының өнеріне жаны ашымағаны ма, әлде сол жар құлағы жастыққа тимей айтыла беретін шоу бизнестің өзінің ешкім білмейтін ұстанымдары бар ма? деген сауалдарға жауап іздейсің. Ән мен өлеңді егіз деп түсінетін тыңдарманның көкірегі ояу, көзі ашық екенін, ән арқылы поэзияның намысын таптап, оны өз биігінен түсіруге әсер етіп жатқандарын түсіну керек шығар. Өзін жарнамаламақ болған әлдебір дарынсыздардың әрекеті қазақ өлеңінің ұнжырғасын түсіріп, абыройдан жұрдай етті. Бірақ соны ән деп қабылдап тыңдайтындардың, жақтап, сөз таластыратындардың қатары көбеймесе азайған жоқ. Терең тарихы бар, тағдырлы ұлттың ұрпақтары бүгін «Мен сені таба алмадым, сен маған қарамадың, жараладың, сүйем деп ең сүйе алмадың» сынды мән-мағынасыз, бос сөзге құрылған ырғақты әндерді сүйсіне тыңдайды. Жалпы қазақ өлеңі дегенде көз алдымызға қазақтың образы елестейді. Өткен замандардағы қазақтың тыныс-тіршілігі, өмір-сүру салтының өзі өлеңге сұранып тұрған жоқ па. Табиғаттың төрт мезгілінде мал-жанынының ыңғайына бағынған көшпенді халықтың бойында өлең болмағанда не болсын. Тілі жоқ болса да сылдырап аққан бұлақтың, гүрілдей аққан өзеннің, жел мен ағаштың сыбдыры ақынды былай қойғанда, жәй адамның өзін әсерге бөлейтіні хақ. Іштегі сезімді шығарудың бірден бір тәсіліне айналған өлең сезімтал адамнан ғана шығатын болуы керек-ау. Алла Тағала тек сезімтал адамның аузына ғана сөз салатынына осындайда көзің жетеді. Тағы бір айта кететін жайт - қазіргі ақындардың психологиясының жылдам, ақпаратты әлемге бағынып бара жатқандығымен байланыстыруға болатындай. Уақыттың зымырап өтіп бара жатқандығын, қазіргі өмір ұстанымын анық сезініп, түсінетін, нені болсын өзгелерден гөрі тезірек, жылдамырақ ұғына алатын шығармашыл адамдарда жазуға тиіс нәрсені асығыс-үсігіс жеткізу бар сияқты әсерге қалдырады. Бүгінгі қаламгерлердің жарнамаға әуестігін тап осы уақыттың сұранысы, уақытпен жүрудің бір әдісі деп түсінгенмен, ең бастысы, «мен соңымнан не қалдырып бара жатырмын, қалдырған дүниелерім келешек ұрпақтың керегіне жарай ма, бүгінгі жаңа заманның сұранысынан шыға ала ма?» деген сауалды өзіне қойып көрді ме деген ойға қалатының анық. Ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен гөрі өзімізді жаранамалауға дағдыланып бара жатқандығымызды және оның қанымызға сіңіп бара жатқандығын несіне жасырайық. Айналып келгенде бас пайданы, неде болса қалтамызға тиын түссе екен деген ойдың сананы билеп-төстеп бара жатуын нарыққа, бүгінгі күн көрісі қиындап кеткен заманға жаба салу оңайырақ әрине. Үйдегі отағасының «Өмір сүру тым қымбатқа түсіп бара жатыр» деген сөзі кәдімгідей жанды жабырқатқаны бар. Ештеңемен шаруасы жоқ, бейқам, алаңсыз ұйқыдағы сәбидің езу тартып жатқанын көріп, түсінде ғана емес, өңінде де бақытты болса екен деген ойға шомасың. Мұндайда тағы келіп санаңа өлең жолдары өрнек сала бастайды. Бәлкім шынайы, шын көңілден туған дүниенің өзіне де керегі өмірден алған әсері шығар. «Менің жазуым керек, уақыт өтіп бара жатыр, үлгеруім керек, том-том кітаптарым жарық көруі тиіс» деп алдыға мақсат қою - асығыс-үсігіс жазылған дүниелерді ұрпаққа аманаттау бүтін бір ұлттың әдебиетін әлемдік аренаға көтермек түгілі, беделін түсірмей ме деген ойға жетелейді. Шыны керек, неге екенін, өзіңмен-өзің, оңаша қалудың поэзия үшін маңызы зор сияқты кейде. Себебі, жиі-жиі өтіп жатқан жиындарға бара қалсаң, жаңсақ сөйлеу, біреуді көзінше мақтау, тіпті сол мақтағанына қамсынбау, жершілдік, біреуді іні, біреуді қарындас деп бөлу шаршатады. Шынайы әдебиет үшін осының барлығының қандай қажеті бар, Адамдарды екіжүзділікке итермелейтін нендей мақсат екенін түсінбей далмыз. Жаныңды ауыртатын, жүйкеңе тиетін осы көріністердің поэзияға, поэзияға ғана емес, барлық өнерде де қажеті жоғын мойындайтын кез жеткен сияқты. Бірақ адам санасын улаған дерттен оңайшылықпен айғу қиынға соғып тұрғанын мойныдау керек-ау. Поэзия ішкі сезімді жеткізуші құрал болса, сол сезімді жеткізу, қағазға түсіру Алланың берген дарыны екені шындық. Кез-келген адамға ақын болып туылу жазылмаған. Кейде ойға шомып отырып, Алланың өзі ақын ба деген ойға қаласың. Себебі, Құрандағы әр сүрелерді оқып, зер салып отырғанда кәдімгі ұйқасқа құралған. Яғни поэзия шын мәнінде Алланың ауызға салған сөзі деуге негіз бар. Ақын, немесе жазушы болу - жазған дүниеңді бұлдау емес екенін жан-дүниеңмен түсінген күнде де, олардың да етпен сүйектен жаралғанын, олардың да бір шаңырақтың әкесі, анасы екенін естен шығармау керек сияқты. Рас келер ұрпаққа қалдырған шығармаларың оқылып, талдынып, бағаланып жатса, халықтың аузында жүрсе, содан асқан сірә атақ-даңқ жоқ. Мәселен тәуелсіздікке дейінгі жылдардағы өмірге келген өлеңдер мен тәуелсіздіктен кейін жазылған туындылардың арасындағы ерекшеліктер мен қарама-қайшылықтарды аңғаруға болады. Өткен шақта жазылған өлең-толғаулар, поэмалар қазақ өлеңіне тән ырғақ, өзіндік пәлсафалық ой-тұжырым, тереңнен ой қозғайтындығымен ерекшеленсе де, ол уақытта цензураға тиым салынғандығын жасқы білеміз. Қиын қыстау кезеңдерде өмір сүрген ақындардың өз ішкі ойын ашық жеткізіп, еркін көсіле алмағаны белгілі. Алайда, айтылуға тиіс ақиқаттың бетін ашып, астарлап жазып қалдырғанына кәміл сенеміз. Бірақ қазақ өлеңінің, поэзиясының мәртебесін көтерген де сол тәуелсіздікке дейінгі ақындар десек қателеспейміз. Жалпы, қазақ өлеңінде Абай, Шәкәрім шығармаларынан бөлек бертіндегі Мағжан Жұмабаев Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтердің өлеңдері мен поэмалары оқырмандарының мәңгі жүрегінен орын алғаны анық. Ал бертіндегі ақындар жырларында өзіндік дүниетаным мен ішкі арпалыс, сезім мен, көңіл-күйді көбірек көрсету басымырақ. Тіпті бұл поэзияда өзінше бір әдетке айналып кеткендей ойға қалдырады. Бұл қазіргі ақындар шығармаларынан да көрініс тауып отыр деуге негіз бар. Бүгінгі ақындарда өзінің жеке басы туралы айту көп кездеседі. Мәселен, Махамбеттің «Мен мен едім мен едім, Мен Нарында жүргенде Екі тарлан бөрі едім, Қай қазақтан кем едім - деген алғашқы шумақтарынан-ақ өзі туралы, өзіне ғана қатысты дүниені ғана айтып тұрмағанын оқырман жақсы түсінеді. Өлеңде ақынның батырлығы өжеттілігі, өткірлі ерекше көрініс тапқан. Ол өзін айту арқылы күллі қазақ тағдырын, сол кезеңнің тауқыметі мен мұңын жырлайды. Махамбет жырында шындық, шынайылық бір ұлтқа тән мінез бар екендігін аңғарамыз. Сондай-ақ, оның өлеңдері ырғақ пен интонацияға, екпінге құрылады. Махамбет ақынның бойындағы қайсарлық - бір ұлттың мінезін көрсетеді. Өкінішке қарай сол асыл қасиеттерден бірте-бірте алыстап бар жатқандығымызды несіне жасырайық. Мұны айтып отырғандағы ой - тәуелсіздік алғаннан кейінгі дүниеге келіп жатқан өлең-жырларда ой еркіндігі, қандай тақырыпта да өз ойыңды бүкпесіз, ашық айта алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Бірақ неге екенін, айналып келіп жеке бастың мүддесінен әрі аса алмай, елге жерге қатысты тақырыпта тереңнен тебірене алмай, жаңа заманның шындығынан гөрі жырларымыз жетістігін көбірек айтуға бағытталып барады. Неге екенін, кез-келген шығармашыл адамы, шығармашыл адамы ғана емес, көкірек көзі ояу поэзияны құрметтейтін адамның ақылшысы Абай ма деп ойлайсың. Абайдың өлеңдері, қарасөздерінде сен іздеген сауалдың барлығына жауап бар. Осы тұрғыда біздің заманның Абайы, Шәкәрімі кім болады? - деген сауал туындайды. Әр ғасырдың ерекше айтылатын ақындары бар екендігі рас. Ал біз өмір сүріп отырған уақыттың нағыз шайырын іріктеп алуға жүрек дауалай ма екен. Өйткені бұл уақыт пен ол уақытты салыстыра алмаймыз ғой. Біз ауасын жұтып, суын ішіп отырған заманның ауасы, тынысыңды тарылтып, суы шөліңді басса қанекей. Бірін-бірі көзінше мақтап жүрген аға буынның көксегені атақ болса, басқа туралы сөз қозғаудың өзі артық. Олардың сөзіне сенсең, онсыз да құбылып тұрған дүниенің барлығын өлең тілінде сөйлеткен құбылыстар көбейіп кеткен көрінеді. Сөзімізді түйіндей келе сананы тұрмыс билесе де, қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсек те поэзияны жетімсіретіп көрген жоқпыз. Қуанышта да, қайғыда да ол ақындарымен бірге болды. Өлеңде айтылған адамгершілік, адами қасиеттердің тек ақ қағазда ғана жазылып қалмай, іс жүзінде де жүзеге асқанын шын қалар едік. Ақын қаламынан туған дүниенің кіршіксіздігін уақыт өзі саралайтынына сөз жоқ. Ал ақынның өмірдегі орны, адамдар арасындағы кішіпейілділігі, жақсылығын оның соңғы сапарынан аңғарады екенсің. Тек беті жылтырағанның бәрі алтын емес екендігіне бірте -бірте көзіміз жетіп келе жатқан сияқты. Адам ана дүниеге барар алдында бой жазады екен ғой, мүмкін барар жері белгілі өлеңдер де бой жазып жүрген болар. Тек жақсы өлеңдердің ғұмыры ұзақ болғай... Роза Сейілхан.