Қазақ өнерінің саңлақтары: Шанақ Ауғанбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанақ Ауғанбаев ( 1912- 1995 ) - сыбызғышы. 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Сыбызғыда ойнауды бала кезден бастаған.

Қазақ өнерінің саңлақтары: Шанақ Ауғанбаев

Оның алғашқы ұстазы белгілі сыбызғышы Шерубай. Ол Шанақтың шығармашылыққ тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті және күйлерді орындау жөніндегі өз өнерін табыстады.

Үрмелі аспаптар ішінде сыбызғыны халық аса құрметтеген, ал сыбызғышылар барлық тойлар мен мерекелерде аса қадірлі меймандар сапында болған. Шанақ шығысқазақстандық сыбызғы мектебінің көрнекті өкілі, оған екі дауысты орындау техникасымен лирикалық және мазмұнды әндерді орындау тән. Ол сыбызғылық дәстүрлі өнерді, оның үлгілерін осы күнге жеткізуші тұлға.

Оның репертуарында 20-дан астам күйлері бар, соның ішінде белгілері: "Қазақтың күйі", "Қалмақтың күйі", "Қош, аман бол", "Жамал-ай", "Есік алды балқурай" және тағы басқалары.

Әкесі Ауғанбай артық байлығы жоқ, орта шаруа болған. Үш баласының бірі - Шанақ. Ол онға толғанда шешесі қайтыс болады. Ауғанбай одан кейін тағы екі әйел алыпты.

1926 жылы Шыңғыстайда дүбірлі той болады. Күрес, бәйге өткізіп, ауыл жұртшылығы өзінше мейрамдап жатады. Осы сәтте ойнап жүрген балалар шетте ошарылған қалың адамды көреді. Топ ортасынан құлаққа жағымды қурайдың үні естіліп тұр. Есіл-дерті қаумалаған жұртқа ауған балалар жүгіріп жеткенде, ортада бір ақсақал сыбызғы тартып отыр екен. Естияр болып қалған Шанақтың ерекше құмары ауып тұрғанын байқаса керек, әлгі қария:

- Әй, сен бір көрші, - деп қолындағы қурайды ұсынады. Үрлеп қалғанда сыбызғыдан ерекше үн төгілетінін байқаған бала жымың ете түседі.

- Бұл баладан бірдеңе шығады екен, - дейді қария.

Атақты сыбызғышы Шерубай мен Шанақ осылай кездескен екен. Шерубайды кәрілік жеңіп, шау тарта бастаған кезі. Баласының ақсақалдың соңынан қалмай жүргенін байқаған Ауғанбай сыбызғышыны үйіне шақырып, қонақ қылады. Дастарқанда қария тау қурайын Шанаққа ұстатып, үн салғанын тыңдап көреді. Осы кәдеден кейін Шанақ ала тайына мініп, ауыл аралап жүрген Шерубайға ілесіп кетіпті.

Отызыншы жылдардың дүрбелеңі. Қиын уақыт. Ел аш-жалаңаш. Шанақтың бір есептен бала қулығы бар. Қадірлі ақсақалдан жұрт ештеңесін аямай, барын алдына тосады. Тамағын тауып, атқосшы болған бала ат тұяғы жеткен Өрел, Берел, Аршаты, Березовка ауылдарын түгел аралап шығады. Осы сапарында қарттан бірнеше күй үйренеді. Көп ұзамай Шерубай ақсақал қайтыс болады. Аз уақытта қарттың тәлімін алған Шанақ одан барлығы жиырма төрт күй үйреніпті. Бұл күйлер 1973 жылы грампластинка болып жарық көрді. Алматыдан келген этнограф-ғалым Талиға Бекхожина қона жатып, әр күйдің қандай мағына беретініне дейін жазып алады. Сонымен бірге Шанақты Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына ертіп барады.

Шанақ ат үстінде көп жүрген адам. 1936 жылы аудан басшылары Еңбектегі мал шаруашылығы меңгерушісі болып жүрген жерінен Чапаев ұжымшарына төраға етіп жібереді. Шанақтың табандылығымен Ақсудағы тұралап қалған шаруашылық алға шығады. Чапаевпен іргелес орналасқан Авангард ұжымшарының адамдары жаз бойы самогон қайнатып, сыра ішіп жатады екен. Олардың малы қыста азықсыз қалады. Ал Шанақ өз колхозшыларына қорды артығымен дайындатып алған. Шөпсіз қалған ауылдың малы қырыла бастаған соң, аупартком Авангардты Шанақ басқаратын ұжымшарға қосып береді. Осылайша, Шанақтың ұжымшары ірі кеңшарға айналады. Бұл - қазіргі Ақсу, Чаловка, Жазаба, Мойылды ауылдары.

1949 жылы 37 жасында оны Өрнек ұжымшарына ауыстырады. Бұл да тұралап қалған шаруашылық еді. Алайда, оны 1951 жылы қудалай бастайды. Өрнектен босаған соң Шанақтың үстінен сот болыпты. Тексергенде екі тонна таза астық артылып қалады. Ол қандай құжатқа қол қойса да, бір данасын өзіне жинап жүреді екен. Осылай айдаудан аман қалған ол өзінің Еңбек ауылында қайтадан мал шаруашылығы меңгерушісі болып жұмыс істейді.

1957 жылы Шанақ Топқайың ұжымшарын басқаруға жіберіледі. Соғыстан кейінгі жылдары Топқайыңның басшысы Қали Қаңтарбаев болған. Ол - белгілі жазушы-публицист Әлібек Қаңтарбаевтың әкесі. Шанақ ауырыңқырап жүрген осы кісінің орнына барады. Байқаса, Топқайыңда жұмысқа жарамды ауыл азаматтарының бәрі КПЗ-да жатады екен. Ащы судан ұрттап алса, милиция алып кетеді. Тәртіп жоқ. Жұмыс жүрмейді. Балуан бітімді Шанақ көнгісі келмей қипақтаған жігіттерді тәубесіне түсіріп, бәріне жұмыс істеткізеді. Ешкімді қуаламай, санасына жететін әңгімесімен-ақ ауыл тұрмысын түзетеді. Топқайыңның маңайындағы жайлаулар игеріліп, үйлер салынып, отыздан астам орынға қора-қопсы тұрғызылады.

Кезінде, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова бастаған өнер иелері Алтайға гастрольге келгенінде аудан орталығынан бұрын Шанақ ақсақал қайда деп алдымен Топқайыңға бұрылады екен.