Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ операсының ұлы тұлғасы Бибігүл Төлегенова Астанада ән шырқайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 шілде қазақстандық опера өнері үшін тарихи күн болмақ. Өнерді бағалайтын өресі биік тыңдарман опера саласының жұлдыздарымен кездеседі. Ең бастысы, олар әсем ән тыңдап қана қоймай, опера әншілерінің құнды мұрасы жинақталған антологиямен танысады. «Астана ЭКСПО - 2017» көрмесі аясында «Қазақ операсының жұлдыздары» атты коммерциялық емес концерт-жоба өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ операсының ұлы тұлғасы Бибігүл Төлегенова Астанада ән шырқайды

Бұл жобаның басты ерекшелігі - опера тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғалар туралы архивтерден алынған құнды деректер, фотосуреттер мен олардың дауысы жазылған видеоматериалдар сандық технологияға көшіріліп, CD, DVD дисктерге жинақталды. Атап айтқанда, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ришат Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Әлібек Дінішовтердің шығармашылық мұраларына арналып жеке-жеке буклеттер дайындалды. Яғни, бір ғана антологиялық жинақта жеті бірдей қазақстандық опера өнерінің шеберлері, КСРО Халық артистерінің өмір-дерегі, шығармашылығы қамтылды. Құнды дүниелер жинақталды. Антология опера әншілерінің әндері жазылған 7 аудиодисктен (әр орындаушыға бір дисктен) және олардың концерттік, өзге де видеолары бар 7 DVD-диск пен буклеттен тұрады.

Жобаны ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» қоғамдық қоры. Ақпараттық демеуші - KAZAKH TV және СТВ телеарналары. Жоба авторы - КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова.

Әрине, жобаның негізгі мақсаты опера әншілерінің шығармашылығын түгендеп, жас ұрпаққа классикалық музыканы насихаттау. Тарихи миссиясы да бір бөлек.

«Мұндай жоба елімізде бірінші рет жасалып отыр. Бұған дейін опера әншілерінің барлығының бірдей шығармашылығы мен суреттері, әндері бір антологияға жинақталған емес. «Өлі разы болмай  - тірі байымайды» деген бар. Сол себепті, осы кем-кетіктің орнын толтырғымыз келді», - дейді КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова.

Антология тұсаукесерімен бірге көрнекті әншілердің қатысуымен концерт өтеді. Концертке қатысушылар: Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері БибігүлТөлегенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Әлфия Каримова, Талғат Мұсабаев, Тамара Асар, Андрей Трегубенко, Жұпар Ғабдуллина, халықаралық конкурстардың лауреаты - Рустам Сүлейманов, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі (көркемдік жетекшісі - Берік Батырханұлы, дирижеры Ерболат Ахмедьяров).

Шара «Қазақстан» орталық концерт залында 9 шілде күні сағат 18.30-да басталады.