"Қазақ орталықтандырылған мемлекет ретінде Ресейден бұрын қалыптасқан"-республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында еліміздегі атом энергетикасын дамыту мәселесіне қатысты көлемді мақала жариялады. Басылымның жазуынша, қазір әлемдік рыноктың уранға деген сұранысының 60 пайызы нақты өндірілген уранмен жабылып отырса, қалған 40 пайызы кешегі жаппай қарулану науқаны кезеңінен қалған қоймадағы қорлармен қамтамсыз етілуде. Сарапшылардың айтуынша, бұл қоймадағы қорлар 2015 жылы таусылады. Сонымен бірге бұл кезеңде уранға деген әлемдік сұраныс 24 пайызға дейін артады. Ендеше, Қазақстанның атом өнеркәсібінің болашағы зор, табысы қомақты болмақ. Қазақ жерін қырық жыл қасірет құрсауымен құрықтап, ұлы дала кіндігі - Сарыарқаны сілікпеге салып, сілкінткен Семей полигонының ащы зардабын шеккен қазақ халқының енді бейбіт атомның пайдасы мен игілігін көруге толық құқы бар. Мақала «Қазақстанның бейбіт атомы» деген тақырыппен берілген.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі нөмірінде ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Әбдумамат Кочоровтың «Егістік қорғалса, өнім артады» атты мақаласы басылды. Ғалымның айтуынша, еліміздің 11 облысының егіс егілетін табиғат аймақтары бидай өсіруге ыңғайлы келеді, бірақ ауа райының ыстық, суығына байланысты сапалы түсім алуға әртүрлі зиянды организмдер кедергі етеді, атап айтқанда, аурулардан келетін шығын мөлшері жылына 15-20 пайызды түзейді.
***
«Айқын» газетінде Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркіт Аяғаннан алынған сұхбат жарық көрді. Тарихшы ғалымның айтуынша, 1460 жылдары Шудың бойында ту көтерген кіп-кішкентай ғана Қазақ хандығы елу жылдан кейін жерінің бір жағы Сібірде, бір жағы Жайыққа, оңтүстігі Ташкентке, шығысы Алтайға созылып жатқан үлкен елге айналды. «Қазақ халқы осы заманға дейін бір тілде, бір дінде болған және сөздерінде диалекті жоқ. Неге? Бұл орталықтандырылған жүйенің арқасы. Ал басқа елдер 20-30 жылдан кейін құрып кетіп отырды ғой. Қазақ хандығы осы жерден айырылмай келді, біз соны әлі толыққанды зерттеген жоқпыз, ал оның геосаяси маңызы, Қазақ хандығының мемлекеттігінің мықтылығы ашық айтылған жоқ», - дейді ғалым. Сұхбат «Қазақ орталықтандырылған мемлекет ретінде Ресейден бұрын қалыптасқан» деген тақырыппен берілген.
Сондай-ақ осы басылымда «Теңгенің күйі не болады?» деген тақырыппен жарияланған мақалада «ұлттық валютаның күші - нығаюында ма, әлде әлсіреуінде ме?» деген сауалға жауап ізделеді. Сарапшы Қанат Берентаевтың пікірінше, теңгенің нығаюы қоғамның басында отырғандар мен орта топқа тиімді. Өйткені олар қымбат импорт тауарлар мен заттарды, автокөліктерді сатып алуға қабілетті. Импортшылар мен сауда да ұтады. Шетелдік туризм де қоржынын қомақтыландыра түседі. Себебі қазақстандықтарға көптеп жолдама сатады. Яғни ұтатын тағы да шетелдің экономикасы. «Ал табысы төмен тұрғындар болса, теңгенің нығаюы арқасында арзан бағаға тұрмыстық техникаларды сатып алуға қол жеткізуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі айналып соғып, ұлттық экономиканы, жұрттың болашақтағы күнкөріс көзін тұралатуға жұмыс істейді. Экономиканың нақты секторын тұсап тастайды», - дейді Берентаев.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, әскердегі әлімжеттікті жоя алмай әлек болып жүргенімізде, бұл індет мектептерді де бұғаулап, дерті дендеп барады. Әскердегі әлімжеттікті сала мамандары «Кеңес Одағынан қалған жаман әдет» деп әскери бөлімдерде орын алып жатқан оқиғалардың бірін жасырып, бірін асырып, әйтеуір, қоғамға қатардағы оқиға ретінде көрсетуге тырысып бағуда. Студент жастардың арасында әлімжеттіктің бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Ал мектеп қабырғасындағы әлімжеттіктің туындау себебі неде? Оған кім кінәлі? Қалай оның алдын алуға болады? Бұл туралы «Әлімжеттік мектепті меңдеп барады» деген тақырыппен берілген мақаладан біле аласыздар.
«Экологтар неге дүрлікті?». «Алаш айнасында» осындай тақырыпен мақалада жарық көрді. Басылымның жазуынша, Теңізге мұнай төгілгеніне қарсы әрекет ететін Солтүстік Каспий экологиялық базасын (СКЭӘБ) салу төңірегінде топтасқан әңгімелер осы сөзді еске түсіреді. «Мұндай экологиялық нысан қара алтынды өңірге аса қажет» деген пікірді ұстанған мұнай компанияларына табиғат қорғаушы экологтер қарсы уәж айтады. Әрине, керек емес демейді. Гәп - база салуға таңдалған орында. Көзделіп отырған жер «Ақ жайық» табиғи қорығының аумағына еніп кеткен.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, математика пәнінің ұстаздары елордада бас қосып, ортақ мәселелерді талқыламақ. Елімізде өткізілгелі отырған математика пәні ұстаздарының I съезінде жиынға қатысушылар «математика пәнінің мектепте оқытылу әдісін жетілдіріп, түлектердің жоғары оқу орындарына үлкен дайындықпен баруы үшін қандай алғышарттар қажет?» деген мәселені ортаға салады. Алқалы жиынның мақсат, міндеттері жөнінде «Царица наук требует вниамания» атты мақаладан біле аласыздар.