Қазақ спортшыларынан Лондон олимпиадасында толағай жеңістер күтеміз
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Ұлу жылы әлемдік додаларда жазғы спорт түрлерінен топ жарып жүрген саңлақтар үшін ерекше болайын деп тұр. Өйткені, бұйыртса төрт жылда бір рет келетін Олимпиада ойындары 27 шілде күні Ұлыбритания астанасы Лондонда алауын жағып, 12 тамыз күні өз мәресіне жетпек.
Төрт жыл бойы шүмектеп төккен тердің өтеуін қайтаратын, ердің ерлігі мен елдің әлеуетін көрсететін бұл байрақты бәсекеде оза шауып бәйге алу қай спортшының да арманы. Бұл арман Қазақ елі атынан сынға түсетін спортшыларымыздың да көкейіне үміт отын оятып, алға жетелейді. Осы күнге дейін Қазақстанның ұлттық құрамасы спорттың 16 түрінен 71 лицензияны еншілеп отыр. Шілденің 9-ына дейін созылатын лицензиялық кезеңде тағы да 40-тан астам лицензияны жеңіп алу мақсаты да бар. Осы орайда ҚазАқпарат өз оқырмандарына «Қазақтың үкілеген үміттері» айдарында Лондон олимпиадасына қатысып, Қазақ елінің намысын қорғайтын спортшылар туралы мәліметтер топтамасын ұсынуды бастайды.
Сонымен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарын өткізетін Лондон бұған дейін де ғаламдық ауқымдағы бұл спорттық шараны 1908 және 1948 жылдары табысты атқарған болатын. Жалпы жазғы ойындарды өткізуге Гавана, Ыстамбұл, Лейпциг, Лондон, Мадрид, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж, Рио-де Жанейро және Лондон қалалары үміткер болған еді. Дегенмен, 2005 жылдың 6 шілдеде өткен Халықаралық олимпиада комитетінің алқалы жиынында Лондон ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының астанасы атанды. Ал 2010 жылдың 19 мамырында ойындардың ресми бойтұмары таныстырылды. Венлок пен Мандевиль деген атауға ие болған бойтұмарларда бір ғана көз бар. Жемпаздарға берілетін медальдар да белгілі. Бір медальдің диаметрі шамамен 85 мм, ал қалыңдығы 7 мм-ді құрайды. Награданың салмағы 375-400 грамм. Бұл жазғы ойындар тарихындағы ең ірі медаль. Олимпиадаға шамамен 2100 медаль шығарылады. 3 түрлі санаттағы медальдардың негізгі бетінде сәуле мен ойынның логотипі бар. Ал қарсы бетінде жеңіс құдайы Ника мен Темза өзені бейнеленген.
Олипиада бағдарламасындағы өзгерістер
2005 жылғы 8 шілдеде Халықаралық олимпиада комитеті бұл жазғы ойындардың бағдарламасынан бейсбол мен софтболды алып тастауға шешім шығарды. Ал олардың орнына гольф, карате, регби-7, роликті спорт және сквош сынды сайыс түрлерін енгізу ұсынылды. Бірақ бұл ұсыныс қажетті дауысты жинай алмады. Бұдан бөлек бұл олимпиада ойындарының бағдарламасына басқа да өзгерістер енгізілді. Мәселен, 2009 жылдың 13 тамызында ХОК Атқару комитеті әйелдердің боксқа қатысуына рұқсат берді. Арулар 51, 60 және 75 келі салмақ санатында 12 спортшыдан шаршы алаңға шығатын болды. Ал ерлер боксынан 1 салмақ санаты алынып тасталды. Сонымен қатар ендігі уақытта әйелдер жазғы спорт түрлерінің барлығына да қатыса алады. Ескек есу жарыстарында да айтарлықтай өзгерістер бар. Атап айтқанда, байдарка есуден ерлер арасындағы 500 метрлік жарыс қашықтығы 200 метрге қысқартылды. Ал каноэ есуден ерлер арасындағы 500 метрлік жарыс, 200 метрлік қашықтыққа байдарка есуден әйелдер жарысына алмастырылды. 1924 жылдан бері алғаш рет теннисте аралас жұптар арасындағы жарыс енгізілді. Желкенді спорт жарысында Торнада санаты алынып тасталып, Инглинг санаты Эллиотт санатына ауыстырылды. Сондай-ақ гандболда да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Ал қазіргі заманғы бессайыс форматы өзгеріп, жүгіру мен мылтық ату бір жарыс аясына топтастырылды.
Олимпиада тарихы
Олимпиада ойындарының шығу тарихына қатысты аңыз-әңгімелер өте көп. Дегенмен олардың ішінде Пиндардың Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына арнаған өлеңінде айтылатын аңыздың бәсі басым. Аңызға қарағанда, жазғы ойындардың негізін Геракл Элида патшасы Авгийдің мал қорасын тазалап, өзінің алтыншы жеңісіне жеткеннен кейін қалаған. Байлыққа белшесінен батқан Авгийдің әсіресе малы көп болған көрінеді. Геракл Авгийге бір күннің ішінде оның мал қорасын тазалап берсе, малының оннан бір бөлігін беруге ұсыныс жасаған. Бір күннің ішінде мұндай ауқымды жұмысты жасау мүмкін еместігіне бек сенімді болған Авгий келіседі. Ал Геракл мал қорасын қоршап тұрған бір-біріне қарама-қарсы дуалдарды бұзып, Алфей өзенінің суын бұрып әкеліп, қорадағы бүкіл мал қиын ағызып жіберген. Осыдан кейін қабырғаны қайта қалап шыққан Гераклге патша ештеңе бермей қуып жібереді. Ашумен әскер жиып, Элидаға шабуыл жасаған Геракл Авгийді өлтіреді. Жеңіске жеткен ол әскерін жиып, патшаның бүкіл қазынасын олимпиада құдайларына құрбандыққа шалады әрі Олимпиада ойындарының негізін қалайды. Осыдан бастап жазғы олимпиада 4 жылда бір рет өткізіліп келеді.
Қоржында 71 олимпиада лицензиясы
Жалпы Қазақстан Лондон олимпиадасының 100-ден астам лицензиясын ұтып алуға үмітті. Қазіргі уақытқа дейін оның 71-і қоржында. 17 спорт түрінен лицензиялық кезеңнің 9 шілдеде аяқталатындығын ескерсек, Спорт және дене тәрбиесі ісі агенттігі межелеп отырған тағы да 40 лицензияны алуға мүмкіндік бар сияқты. Ал әзірше, Қазақстан қоржынында ауыр атлетикадан 8, байдарка мен каноэде ескек есуден 4, таэквондодан 3, велошосседен 2, байдарка мен каноэде кедергілерден ескек есіп өтуден 1, спорттық гимнастикадан 2, көркем гимнастикадан 1, нысана көздеуден 2, стендтік атудан 1, су полосынан 13, семсерлесуден 2, әйелдер күресінен 3, жеңіл атлетикадан 12, бокстан 6, еркін күрестен 6, грек-рим күресінен 5 лицензия бар. Сондай-ақ дзюдодан, жүзуден, қазіргі заманғы бессайыстан, теннистен, велотректен, үшсайыстан спортшыларымыз таяу аралықта лицензия ұтып алар деген үмітіміз басым.
Қазақстанның олимпиада жеңімпаздары
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы өз алдына жеке ел ретінде 1996 жылдан бастап жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен ойындарда В.Жиров (бокс), А.Парыгин (бессайыс), Ю.Мельниченко (грек-рим күресі) алтын, А.Храпатый (ауыр атлетика), Беляев (нысана көздеу), Б.Жұмаділов (бокс) күміс, М.Мамыров (еркін күрес), Б.Ниязымбетов (бокс), Е.Ыбырайымов (бокс), В.Вохмянин (нысана көздеу) қола медаль алып, командалық есепте 196 елдің арасынан 24 орынға тұрақтады. Сондай-ақ 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы ойындарында Б.Саттарханов, Е.Ыбырайымов (бокс), О.Шишигина (жеңіл атлетика) алтын, Б.Жұмаділов, М.Ділдәбеков (бокс), А.Винокуров (велоспорт), И.Байрамуков (еркін күрес) күміс медаль алып, командалық есепте 199 елдің ішінен 22-орын алды. Ал 2004 жылы Грекияда өткен ойындарда Б.Артаев (бокс) алтын, Г.Лалиев (еркін күрес), Г.Цурцумия (грек-рим күресі), Г.Головкин (бокс) күміс, С.Елеуов (бокс), М.Манукян (грек-рим күресі), Д.Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлдені иемденді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-орынға табан тіреді. Қазақ спортшылары Қытай Олимпиадасында сынға түскен 39 спорт түрінің бәрі ауыр атлетика, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, бокс, таэквондо сияқты санаулы ғана түрінен 13 медаль олжалады. Оның екеуі алтын. Алтын медаль зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаевқа бұйырды. Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асхат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күмісті қанжығалады. Ал Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола медальді місе тұтты. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 29-орынға ие болды.
Қысқы және жазғы ойындардағы қазақстандық спортшыларға қатысты қызық деректер
Қазақстандықтардың ішінде Олимпиада медалін ең көп иелеген даңқты гимнасшы Нелли Ким болатын. Ол Монреаль мен Мәскеу олимпиадаларында 6 медаль иеленсе, оның 5-еуі алтын. Сондай-ақ Валерий Резанцев, Нина Смолеева, Надежда Ольхова, Владимир Муравьев, Валерий Люкиндер Олимпиада ойындарының 2 алтын медалін жеңіп алған болатын. Ал Владимир Смирнов, Владимир Вохмянин және Валерий Банниковтер Олимпиада ойындарына 4 мәрте қатысқан. 1988 жылы КСРО құрама командасы сапында жазғы ойындарға қатысқан Қазақстанның жеңіл атлеттері 10 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль еншілеген. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. 1980 жылы Мәскеуде өткен ойындар барысында 48 келі салмақ санатында грек-рим күресінен жеңіс тұғырына көтерілді. Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына ең көп жүлде салған спортшы Владимир Смирнов. Ол 4 Олимпиада ойындарында 7 мәрте жеңімпаз атанған. Ал Қазақстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы волейболшы Нина Смолеева. Ол 1968 жылы Мехико қаласында өткен ХІХ Олимпиада ойындарында үздік танылды. Әлжан Жармұхамедов 1972 жылы баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды.