Қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді - Қ.Нұрышев, БҚО сотының төрағасы
ОРАЛ. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Ғасырлар бойы аңсай күткен теңдіктің арқасында басты ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде тілімізді түлеттік. Тіл - елдіктің киелі де қастерлі нышаны. Заманында билік, басқару төрінен ығыстырылып, бірауық тәуелсіздігінен ажыраған ұлттың шектеулі, күнделікті қарым-қатынас құралының шегіне дейін құлдыраған ана тіліміз егемендіктің арқасында мемлекеттік мәртебесіне ие болып, биік тұғырына көтерілді.
Осы мәселе төңірегінде Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев өз ой-толғамдарымен былайша бөлісті.
-Тарихқа көз салсақ, тіл мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып, мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде оған соттар да тең дәрежеде қатысып отырған, деді ол. Соттардағы мемлекеттік тілдің қолданысы замана белестерінде мемлекеттік саясат ауанына қарай талай құбылды. Құлдырап барып, қайта өркендеу жолдары да сайрап жатыр.
Мемлекеттік мұрағат деректеріне қарағанда, 1925 жылдарға дейін сот үкімдері мен шешімдері ішінара орысша, басым бөлігі араб шрифтісіне негізделген қазақ алфавитімен жазылып беріліп тұрғандығы байқалады. Кейін жыл өткен сайын сот ісінде орысша мәтіндер көбейе түскен. Әсіресе, жоғары жақтан нұсқаулар тек орысша келе бастайды. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында әуелі губерниялық, сосын окургтік сотқа айналған Оралдағы сот мекемесінде округтік сот ішіндегі болыстардан қатынас құжаттары мен есептер, баяндамалар араб қарпімен қазақ тілінде келіп тұрған. Құжаттар қолмен де, араб қарпіндегі жазба машинкасымен де жазылған.
1928 жылдан бастап қазақ алфавитін латын қарпіне көшіруге дайындық жұмыстарының жүргізілуіне байланысты округтік сот жанынан латын әліпбиін үйрену курсы ашылып, судьялар мен сот қызметкерлері латын қарпіне дағдылана, үйрене бастайды. Іс қағаздарын жүргізудегі бұл қауырт өзгерістер сот қызметкерлерінің жұмыс сапасына қолайсыз әсерін тигізгенге ұқсайды. Кадр алмасулары жиілеген. Округтік сот тұсында сот ісі біркелкі латын әліпбиіне көшіріліп, іс қағаздары орысша-латын қаріптерімен қазақша қатар жүргізіле бастайды.
Жалпы, жиырмасыншы жылдар бедерінде қазақ тілінде іс жүргізетін мамандарға мемлекеттік ауқымда мән берілген. 1934 жылы желтоқсан айында өзінен бұрынғы сот төрағасы Шевкоплястың орынын алмастырған Баймұхамедов сотқа төрағалық еткен алғашқы күннен бастап-ақ бұйрықтарды латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі бойынша қазақша жазған. Сот төрағасының орынбасары Жұмағалиев те бұйрықтарды қазақша бере бастайды. 1935 жылы ақпан айынан бастап бұйрықтар бірде латын қарпімен қазақша берілсе, бірде орысша жазылып, сәуір айынан бастап бірыңғай орысшаға көшкен.
Жалпы, отызыншы жылдары соттың іс қағаздары негізінен алғанда латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі бойынша жүргізілген. Мемлекеттік органдар жазба машинкаларымен біркелкі қамтамасыз етілгенге ұқсайды. Мекемеаралық хат-хабар алмасуларға орысша, көпшілік жағдайда қазақша (латын) жазба машинкалары қолданылған. Басқару аппаратын қазақшаға көшіріп, ұлт кадрларын түбегейлі жасақтау белсенді қолға алынғанына қарамастан, осы мақсаттағы нұсқаулардың тиісті дәрежеде орындалмауы жұмысты іркіліске ұшыратқандығы сот мекемесінің әділет органдарына беріп тұрған ақпараттарының мазмұнынан анық аңғарылады.
ҚКСР Әділет халық комиссарларының 1940 жылғы 20 шілдедегі өкіміне байланысты облыстық сот төрағасы болып жергілікті сот кадры - Демеуғали Демесінов тағайындалды.
Оның бұйрықтарының мағынасына қарағанда, қырқыншы жылдары сот ісін қазақша жүргізудің проблемасы өткірлене түскен.
Қырқыншы жылдар бедерінде қазақ жазуының орыс қарпіне түпкілікті көшірілуі кеңес қоғамындағы қазақ тілінің де былайғы тағдырын айқындады. Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған жылдарда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттік органдарда қолданысқа енгізу мәселесі мүлде ескерусіз қалдырылды.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бекіндіру тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана қайтадан қолға алынды.
1999 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық сотта іс қағаздарын жүргізуді мақсатты түрде мемлекеттік тілге көшіру басталды. Соттың төралқа мәжілістерінде істер қажеттілігіне қарай қазақ және орыс тілдерінде, ал маңызды басқосулар, жалпы және ұйымдастыру сипатындағы төралқа, алқа мәжілістері, жұмыс қорытындылары бойынша өткізілетін жиындар мемлекеттік тілде жүргізіле бастады.
Облыс соттарындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің жай-күйіне талдау жасалынып отырылды. Сот жүйесі мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен бастапқы жылдары жергілікті ұлт өкілдері тығыз орналасқан Жаңақала, Орда, Жәнібек, Казталовка, Қаратөбе, Жымпиты, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарында сот ісі негізінен мемлекеттік тілде жүргізілсе, Тасқала, Теректі аудандарында қазақ тілі мен орыс тілдерінде аралас, ал Бөрлі, Зеленов, Приурал аудандары мен Орал қаласында сот ісі орыс тілінде басымырақ жүргізілді. Облыстық сотта мемлекеттік тілді меңгеру курсы жұмыс жасады.
Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты бүгінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ұдайы назарда. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланып, табанды түрде жүргізіліп отыр.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының 2009 жылғы 27 ақпандағы №36 өкіміне сәйкес республика соттарындағы іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру барысы тиісті бағамдар бойынша қадағаланып келеді.
Атап айтқанда, соттардағы кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, соттарда қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы кесте бойынша қадағаланып отыр. Барлық соттарда сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелер, топтар мен комиссиялар, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты тұлғалар белгіленіп, мемлекеттік тілді дамыту бағытында белгіленген іс-шаралардың мақсатты жүзеге асуына басшылық жасау үстінде.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту курстарын оқытудың барысы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесі негізінде қызмет атқару кезінде мемлекеттік тілді қолданғаны үшін қызметкерлерді көтермелеу фактілері, мемлекеттік тілді қолдану және дамыту мәселелеріне арналған кеңестер, мәжілістер, отырыстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, лекциялар, т.б. шаралар туралы, сот жүйесінде қазақ тілін қолдануды насихаттауға, оның қолданылу аясын кеңейтуге қатысты басқа да шаралар жаппай өткізіліп, сараланып отыр.
Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының талдауы көрсетіп отырғандай, республика соттарының жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының үлесі 2011 жыл қорытындысы бойынша 62,6 пайызға жетіп, алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 4,2 пайызға артса, Батыс Қазақстан облыстық сотында бұл көрсеткіш 77 пайызға жетіп, 6 пайыз дерлік ілгеріледі.
Облыстың сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізуге толық мүмкіндік бар. Облыс соттарындағы 93 судьяның 12-сі, облыстық соттағы 21 судьяның төртеуі ғана мемлекеттік тілде іс жүргізе алмайды. Ал облыстың сот жүйесіндегі 274 мемлекеттік қызметшінің 17-сі ғана қазақ тілін меңгермеген.
Негізгі ұлт өкілдері қоныстанған байырғы қазақ аудандарында, атап айтқанда, №2 Ақжайық (бұрынғы Тайпақ), Жаңақала, Қазталов, №2 Қазталов (бұрынғы Жалпақтал), Қаратөбе, Сырым, №2 Теректі (бұрынғы Ақжайық) аудандық соттарында істердің 90 пайыздан астамы қазақ тілінде қаралып жатар. Ал ұлттық құрамы мен тілдік ахуалы өзгешелеу Орал қаласындағы екі сотта, Орал қаласындағы және Бөрлі ауданындағы мамандандырылған әкімшілік соттарында, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында, Бөрлі, Зеленов, №2 Зеленов, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы соттарда істер мемлекеттік тілде аз қаралады. Облыстық сотта ұлт тілінде қаралып жатқан істер барлық қаралып жатқан істердің шамамен 8 пайызы төңірегінде ғана.
Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкесті орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшірілді. Сондықтан мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымдары (нормативтік актілерден басқа) 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік тілде жүріп жатыр. Құжаттың орысша нұсқасы қажет болған жағдайда ғана (заңды және жеке тұлғалардан жазбаша өтініш білдірілген жағдайда) қоса жолдануы мүмкін. Онда да гербтік (фирмалық) бланкіге мәтіннің мемлекеттік нұсқасы басылуы міндет. Сот кеңселері қазіргі кезде осы талаптар аясында жұмыс жасап отыр.
Аталған талаптар орындалмаса, мемлекеттік органдардан ресми тілде ғана келген құжаттарды қабылдамауға немесе кері қайтарып жіберуге заң нормалары кедергі келтірмейді.
Мемлекеттік органдар арасындағы хат алмасу, жиналыстарды өткізу, жиналыс хаттамаларын жүргізу тілі Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1-тармағы мен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Ал істерді қарағанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 30-бабы мен Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 14-бабына, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңның 11-бабының талаптарына сай қай тілде түссе, сол тілде қарала береді. Осы заң қағидаларын бұлжытпай қолдану арқылы соттарда іс-қағаздарын жүргізу мен сот төрелігін атқару ел азаматтарының заңды мүдделеріне сай атқарылып отыр.
Бұдан жиырма жыл бұрын Одақтың, өктем жүйенің қанатының астынан шыққан егемендіктің бастауында Ата заңымызға орыс тілін ресми тіл ретінде енгізу қажеттілік болғаны белгілі. Өйткені қазақ даласындағы елдіктің іргетасы орыс тілінің өркениеті тұсында қаланды. Дербес мемлекеттік құрылысы жоқ, елдігі алып КСРО-дай державаның толық емес автономиясы дәрежесінде болған аумақта өмір сүріп жатқан халықты өз елінде өгейсіп қалған қазақ тілінің ғана діңгегіне байлап, ғасырлар тегеурінінен қалжырап шыққан ұлттық құндылық төңірегіне бірден топтастыра қою қиын еді. Осындайда Елбасы Н.Назарбаев бастаған қазақ зиялылары қиыннан қиыстырған ақыл тапты. Ұлы Тұран жұртын мекендеген сан ұлт пен ұлысты қазақ тілі мен орыс тілінің маңына ұйыстыратын конституциялық қисын ойластырып, қалың елдің таразысына салды. Бұл саяси шешімнің дұрыстығына елдегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық дамудың мұнан былайғы деңгейі мен қалыпты өркендеуі кепіл бола алады. Елдігіміз нығайып, ұлттық келбетіміз ажарланған сайын мемлекеттік мәртебесі жоқ қосалқы ресми тіл біртіндеп тұрмыстық қарым-қатынас аясына, сыртқы саясат, халықаралық қатынастар көкжиегіне қарай ысырылып, ығысып бара жатқанын көзіміз көріп отыр.
Сөйтіп, тіл сияқты аса нәзік те, шамшыл мәселеде сабырлылық танытып, Конституция мен қолданыстағы заңнамаларды өзгертуге асығыстық жасамастан, мемлекеттік тілге мемлекеттік талап пен нақты бағдарламалар арқылы қамқорлық аясын кеңейте түскеніміз сенімді ақтап келеді. Қазақ тілінің қолданыс аясыны өркендетіп, желегін жайқала түсті. Ғасырлар бойы, тіпті бодандық, өктемдік, өтпелі кезеңдер тұсында да қазақ қауымын әлем өркениетімен ұштастырып, қызмет етіп келе жатқан ежелден тамырлас көрші ел тілінің қазақ қоғамындағы ерекше орынын сақтай отырып, ұлттық өңімізді шырайландырып келеміз. Оны Елбасы биылғы Жолдауында орынды меңзеді.
«Қазақ тілінің жоспарлы түрде дамуы орыс тіліне нұқсан келмейтіндей жағдайда жүзеге асады.
Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы не үшін керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі саясаты - көршілермен тату болуымыз керек. Онысыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады.
Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» - деп атап көрсетті.
Тәуелсіздік жылдарында саяси және құқықтық деңгейі жетіле түскен Қазақстан халқының мемлекет құраушы ұлттың тілі мен діліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне анағұрлым ден қойғандығынан да байқауға болады.
Елімізде қазақ ұлтының айқын басымдылыққа ие болып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, арнаулы және жоғары оқу орындарының қаулай өсіп, қажеттілікке айналуы, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметке кіруге, бұрыннан орны барлары тұрақтанып қалуға талпынып, мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатқандығы - осының айғағы.
«Тіл - ананың сүтімен дарыған, қоғамның ықпалымен дамыған, өз арнасымен көшіп, кеңістігімен келбеттене беретін киелі құбылыс. Бір данышпанның «Адам қай тілде ойласа, ол сол халықтың өкіліне жатады» деген сөзі бар. Қазақ елінің бір ғана ұлттың тілінде ойлап, сан ұлыстың үнінде сайрайтын дәуренге тезірек жетейік!» деп қорытты ойын Қ.Нұрышев.