Қазақ тілі мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады- А. Шаяхметов

ТАНАЙ. 14 маусым. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Медиа орталығының директоры Ақылбек Шаяхметовтен алынған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақ тілі мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады- А. Шаяхметов

Ақылбек Шаяхмет 1951 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданында туып-өскен. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі, Мәскеудің Әдебиет институтын бітірген. Көптеген жыр кітаптардың, прозалық және драмалық шығармалардың авторы. Біраз жыл Қостанай өңірінде Қазақ тілі қоғамына жетекшілік жасап, мемлекеттік тілдің жан-жақты дамуына, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюы жолында қызмет етті.

-Ақылбек Қожаұлы, Қостанай өңірінде ұлттық тіліміз бен діліміз ұзақ жылдар бойы теперішті көп көрді. Кеңес өкіметі кезінде қазақ мектептері жабылды. Халқымызға жасалған қиянатта шек болған жоқ. Тіл үшін күрескендер де аз емес. Сол қатарда өзіңіз де тұрсыз.

-Ия, ділімізге, тіліміз бен дінімізге қиянат солтүстік өңірде басым болды. Бала кезімде әкеміз мұғалім болып қызмет атқарған қазақ мектебі жабылды. Орыс тілі үстемдік алды. Алайда, тәуелсіздік жылдарының өзінде сең қозғалса да, күртік қар әлі еріп біткен жоқ.

Тіл мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ. Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс. Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың! Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқан бастауыш мектепте біріңғай қазақша оқыту мәселесі шешімін тапты ма? Сол Ақаң айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдарымыз жеткілікті ме? Өзге ұлттарды төрімізге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ мектебіне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені «Қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ақаң айтқан масаға...»

Тіл жанашырларының көптеген құнды пікірлері, Абайша айтқанда, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдымды» еске салады. Баяғы жартас бір жартас. Мекемелер мен көше аттарының жазылуындағы өрескел қателер туралы БАҚ аттан салып жатады. Бірақ сын түзелгенмен, мін түзеліп жатқан жоқ. Өйткені билік басындағылардың дені орысша ойлайтындар, сол тілде сөйлейтіндер, қазақ тілін өрге шығарайық десең, «әлі оған ерте, қой!» дейтіндер. Сең қозғалды ма дегенде, Премьер-министр мен кейбір министрлеріміздің тілі келсін-келмесін, ана тілінде сөйлеп жатқанынан үміт етеміз. Бірақ мемлекеттік тіл мәселесін кейінгі кезде жиі өткізіліп жүрген түрлі байқаулар мен көрмелер, өзге ұлт өкілдері арасындағы жарыстар түбегейлі шеше алмайтыны туралы қазақ басылымдары жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ тілі әр отбасымен қатар мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады.

-Тәуелсіздік жылдары кеткен есеміз келе бастады. Жас ұрпақ ана тілінде білім алатын жағдайға жетті. Дегенмен, әлі де проблемалар жеткілікті шығар?

-Әрине, жетістіктер бар. Ауызды ку шөппен сүрте беруге болмайды. Бірақ, тұтас алғанда, тіл саясатына көңіл толмайды. Мәселен, Қостанай облысында 592 мектеп болса, соның 144-і ғана таза қазақ тілінде, 136-сы аралас мектеп. Орыс мектебінде тәлім-тәрбие алып жүрген қазақ балалары әлі де көп. Ал аралас мектеп деген бір кездері қажет болған шығар, менің ойымша, қазіргі уақытта олардан біржолата бас тарту керек, өйткені өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге ықыласты.

-Өзіңіз қызмет атқарып жүрген білім ордасындағы мемлекеттік тілдің жай-күйі қандай деңгейде?

-Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті - ұлттың ұясы. Оқу ордасындағы ректорат пен ғылыми кеңес мәжілісі, т.б. мәдени-бұқаралық шаралар мемлекеттік тілде өтеді. Қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылар да жылдан жылға көбейіп келеді. Бірақ орыс тілінің басымдығынан әлі арылған жоқпыз.

-Қос тілді жетік білесіз. Орыс тілі арқылы қандай байлық жинадыңыз? Ана тіліңіз арқылы жеткен жетістігіңіз?

-Ана тілі мені төрге шығарса, орыс тілі өрге шығарды. Орыс тілі арқылы басқа ұлт әдебиетімен таныс болдық. Орыс тілінде кітаптарым жарық көрді.

-Басқа шетел тілін білесіз бе? Үйренгіңіз келе ме?

-Егер шетел деп айтуға болса, түркі тілдес кейбір туысқан халықтардың тілінде түсінісе аламын. Неміс тілінен ептеп хабарым бар. Ал тілдерді өмір бойы үйренсең де, артық етпейді. Мысалы, чехтар суретшіні малярщик, яғни бояу жағушы, ақынды слагальщик, яғни, құрастырушы деп атайды екен. Қазақта да кенепке бояу жағушылар мен өлең құрастырушылар аз емес. Оларды суретшілер мен ақындар санатына жатқызуға болмайды. Біздің қазақ «бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты», немесе «өлеңшіге шөп те өлең, шөңге де өлең» дегені чехтардың сөздеріндегі ойлармен өзектес қой.

-Адам бойындағы қандай асыл қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

-Абай айтқан: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

-Имандылық, ислам дінінің құндылықтары туралы ойыңызды ортаға салсаңыз?

-Немістің ұлы ақыны Иоганн Гете: «Анау-мынау нәрсе туралы оңды-солды ой шығындау - қандай ақымақтық?! Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз» деген екен.

-Ақындық жолға қалай келдіңіз? Өлең жазуды қашан бастадыңыз? Шығармашылық жолдың салмағы қаншалықты?

-Ақындыққа бала кезімнен келдім. Әрине, тырнақалды жырларым шалдыр-шатпақ, балдыр-батпақ болды. Тұңғыш рет өлеңдерім мектеп қабырғасында жүргенде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басылды. Ал шығармашылық жолдың салмағы өте ауыр. Ұзақ жолға шыққанда астымдағы атыма артық бұйым артпауға тырысамын.

-Өміріңізге шуақ сыйлаған асыл жарыңыз, бала-шағаңыз және немерелеріңіз өлең жазуда шабыт бере ме?

-Менің махаббат тақырыбындағы өлеңдерімнің барлығы бір ғана қызға - әуелі қалыңдығыма, кейін келіншегіме арналған. «Жүрегімде көрген күннен бар ең сен, ол опасыз бола алмайды, соған сен. Бақытым бол, бақытты бол менімен, хан болмай-ақ, жар болып қал маған сен!» - деп өлең арнаған сол жарым бес баланың анасы болды. Кітаптарымның алғашқы оқырманы да, әдеби сыншысы да жан-жарым болды.

Құдайға шүкір, қазір немерелер сүйіп отырмыз. Жас кезінде Бақытхан деп атамай, Бақыт деп кеткен есімін әже болғаннан кейін қайтып беруге тура келді.

Жылдар өте келе оған арнап:

«Бір көрпені жамылған менің қисық қабырғам,

Жаратылған әйелсің қанағат пен сабырдан,

Сені көріп қуанам, саған келіп дем алам

Шаршағанда фәнидің күйбеңі мен дабырдан» - деп жыр жолдарын жазғанмын.

Ана тіліміздің мүшкіл халі және қазағы арпа ішінде бір бидай болып отырған Қостанай өңірінде ана тілінің мәніне терең үңілуге, қазақ тілінің бай қорын пайдалана отырып балаларға арналған өлеңдер жазуға итермеледі. Бір кітабымның аты да қызымның есімімен «Шынар» деп аталады. Көптеген кітаптарымдағы кейіпкерлер Бауыржан, Бақытжан, Ғалымжан, Шыңғыс ұлдарым болса, Бекзат пен Нұрбек, Елдос пен Анар және Әмина - немерелерім. Сүйтіп, кезінде балаларға әке болып өлең жазсақ, енді ата болып жыр арнап жүрміз.

-Сіз өлеңдер мен поэмалар және драмалық шығармалар жазып жүрсіз. Басқа қандай жанрға қалам тербеп көрдіңіз? Туындыларыңызды қай тілде жазасыз?

- Ана тілінде. Поэзия мен прозаның сыртында, драматургия саласына да атсалысып жүрмін. Кейбір публицистикалық мақалаларымды орыс тілінде жаздым. «Таза бұлақ» деп аталатын пьесамды әуелі қазақша жазып, кейін өзім орыс тіліне аудардым.

-Алпыс жастың асқарында тұрып, өткен күндерге көз салғанда, қандай ойлар толғандырады?

-Туған ай туралған еттей! Босқа кеткен күндеріме өкінемін. Аз да болса, іс-әрекет жасаған күндеріме шүкіршілік қыламын.

-Өмірдің ащысы мен тұщысы не? Күнгейі мен көлеңкесі қалай болады екен?

- Ащысы - ата-анадан, жақындарыңнан, достарыңнан айырылу! Тұщысы - бала-шаға мен достар арасында өткізген қызықты күндер!Күңгейі - отбасы мен шығармашылықтың қуанышы. Көлеңкесі - ел мен жердің, тіл мен діннің жағдайы.

-Сіз Қостанай өңірінде туып-өсіп, сол қалада тұрып жатырсыз. Сізге Қостанай несімен қымбат?

-Қостанай ең алдымен салқын, сал-самал ауасымен қымбат, табиғатымен қымбат. Қазақбайшылығы жоқ, бірақ қазақылығы бар, тура айтса да туысына жақпайтын турашылдығымен де қымбат.

-Өзге өңірге үлгі етерлік қандай салт-дәстүрді айтар едіңіз?

-Мұндай салт-дәстүрлер барлық өңірге ортақ қой. Досқа адалдық, асқа адалдық, елге мейірім, кең пейілің, адал ниетті бата. Айта берсек, толып жатыр.

-Құтты мекен - Қостанайды жаңа ғасырда өркендетудің басты бағыттары қандай?

-Қостанай кейінгі уақытта еуропаланып кетті. Сәулет пен мүсінде, көшеде қазақ иісі аз. Тіпті жоқтың қасы. Басты бағыт қазақы қалыпты сақтау, ел үмітін ақтау болса керек.

-Қазақ елін көркейте түсудің қандай жолдарын айтар едіңіз?

-Қазақ елін көркейту деген Астананы ғана әсем қалаға айналдыру емес, кез келген ауылды, кентті, шахарды өркендету. Денсаулықты сақтау, адам ғұмырын ұзарту. Ауыз су мәселесін, экологиялық проблемаларды шешу. Таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беруге қол жеткізу!

-Көкейде жүрген қандай ойыңыз бар?

- Ойлай берсең, ой көп... Олардың біразын кітаптарымда айттым ғой деп ойлаймын.

- Рақмет әңгімеңізге.