Қазақ тілін жетік білмесем де қызым туған тілінде таза сөйлейді - Динара Шәйжүнісова

АСТАНА. ҚазАқпарат -  "Astana Media Week" апталығы аясындағы сессияда "Болашақ" корпоративті қорының директоры Динара Шәйжүнісова шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді қазақ тілінде дубляждау жайын қозғады.

 Қазақ тілін жетік білмесем де қызым туған тілінде таза сөйлейді - Динара Шәйжүнісова

Қор басшысы осы іспен не үшін айналысып жатқанын айтқанда көз жасын да жасырмады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен өзім Қазақстан жерінде туған жоқпын. Содан болар, туған тілімде жетік сөйлей алмаймын. Бірақ балаларымның ана тілінде сөйлегенін қаладым. Байқап қарасам, балалардың бәрі Disney мультфильмдерін жақсы көреді. Сөйтіп, ол туындыларды қазақ тілінде дубляждау бастамасы қолға алынды. Қазір кішкентай қызым туған тілінде таза сөйлеп жүр. Сондықтан теледидарда қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді көптеп көрсету керек", - дейді Шәйжүнісова.

Оның айтуынша, "Болашақ" корпоративті қоры шетелдік фильмдерді дубляждаудан табыс көріп жатқан жоқ. Оның бастапқы мақсаты - шалғай жатқан ауылдағы әрбір қазақ баласына әлемнің үздік туындыларын туған тілінде жеткізу. Осы уақытқа дейін 23 фильм қазақ тіліне аударылды. "Қазір өз еліміздегі қазақтар ғана емес, шетелдегі миллиондаған қандастарымыз ол туындыларды көріп келеді. Ал қазақтың жүздеген актерінің дауысы Disney-дің базасына енді. Гүлнәз Әуезбай, Азамат Қанапия, Берік Айтжан сынды әртістеріміз Джони Деп, Анжелина Джоли пен Уилл Смиттерді қазақ тілінде сөйлете білді. Олар әлемге танымал Голливуд актерлерін жеті жыл бойы дубляждауға мүмкіндік алды", - деп атап көрсетті қор басшысы.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылда "Болашақ" корпоративті қорының бастамасымен бес туынды қазақ тіліне аударылды. "23 қараша "Коконың құпиясы" деген тағы бір мультфильм шығады. Ондағы аударма ғана емес, сценарийдің табиғаты да қазаққа жақын. Мультфильмде қазақ xалқының құндылықтарын, тәңіршілдікті де анық байқауға болады", - дейді Динара Шәйжүнісова.