Қазақ тілінде Қазақстанның дипломатиялық қызметіне арналған алғашқы оқулық жарық көрді

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздің дипломатиялық ісіне еңбегі сіңген қайраткер, Нәзір Төреқұлұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы, профессор-ғалым Сайлау Батыршаұлының «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулығының таныстырылымы өтті.

Қазақ тілінде Қазақстанның дипломатиялық қызметіне арналған алғашқы оқулық жарық көрді

Мемлекеттік тілде алғаш рет жарық көріп отырған аталған еңбекте автор қазақ дипоматиясының қыр-сырын барынша ашуды мақсат тұтқан. Кітапта келіссөздер жүргізу тәсілдері, елші тағайындау, шетелдік елшілерді қабылдау, келісім-шарттар жасасу дәстүрлері туралы қызықты мәліметтер бар. Оқулықтың маңызды бөлігін Қазақ хандығының дипломатиясына қатысты ізденістер мен көзқарастар құрайды. Атап айтқанда, қазақ халқының Қасым, Есім, Тәуке, Абылай сынды даңқты тұлғалардың мемлекеттілікті нығайту, шетелдік экспансияға қарсы тұру, туған жерінің тұтастығын сақтау жолында жүргізген сарабдал саясаты кеңінен баяндалады. Қазақтың әйгілі үш биі - Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің өмірі мен қызметіне, даналық әрі кемеңгерлік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Алаш автономиясының тарихы мен тағдырына қатысты деректер оқулықтың мазмұндық құндылығын арттыра түседі. Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның дипломатиясы туралы ой қозғай отырып, автор еліміздің әйгілі қайраткерлері - Нәзір Төреқұлов пен Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің жарқын беттерін баяндайды. Еңбектің негізгі тақырыптарының бірі - бүгінгі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы. Осы орайда автор өзінің салмақты ойларын ортаға салып, еліміздің халықаралық қатынастар саласындағы өзіндік даму жолына ерекше мән берген.

«Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында отандық дипломатияның теориясы мен тәжірибесін оқып жатқан қазақ жастары көп. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстанның дипломатиялық қызметіне арналған мемлекеттік тілдегі оқулықтар өте аз. Сол себепті біз қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер мен магистранттарға терминология жағынан барынша түсінікті болатын оқулықты даярлауды көздедік. Әрине, қиыншылықтар болады. Оған қарамастан, бұл оқулық әзірленіп, Еуразия ұлттық университетінің баспаханасынан жарық көрді. Бір өкініштісі, ҚР Білім және ғылым министрлігі осы жұмыста белсенділік танытып жатқан жоқ», - дейді автор С.Батыршаұлы.