Қазақ тіліне қарсы Қазақстанда бір адам жоқ - Назарбаев

«Тілімізден, мәдениетімізден айырыла жаздап, әбден қаймығып қалғанбыз, сол қорқыныш пен үрей бар, әсіресе үлкен буындарда. Қазір қазақ тіліне қарсы Қазақстанда бір адам жоқ. Сондықтан басты мәселе - біздің өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру қажет. Мысалы, кейбіреулердің айтатынын білемін, «Президент барлық жерде қазақша сөйлемей, ол болмайды» дейді. Егер де 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?!», - деп жауап берді Елбасы тілшінің тілге қатысты қойған сауалына.
«Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің президенті тек қана өз тілінде сөйлейді, Американікі де өз тілінде сөйлейді, Түркиянікі өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі бірдей тілде сөйлеп отырған адаммын. Бұл жағдай мәңгі солай болмайды, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерге енгізуге жұмыс жасаймыз».
Президент өзге тілдерден ажырап қалу дұрыс емес екендігін атап өтті.
«Қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Біз қазақ, орыс тілі арқылы дүниежүзі әдебиетіне жол ашқан халықпыз. Әлемнің ғылымына жол ашылды. Ал енді ағылшын тілі Жолдаудағы мәселелерді орындау үшін керек. Неге ағылшын тілі? Мысалы, ағылшын тілінде жаңа медициналық теория ашылды делік. Ол орыс тіліне аударылғанша, кемінде 5 жыл кетеді. Қазақ тіліне аударуды күтсек, қанша уақыт кетеді?! Егер ғылым, мәдениет, ақпарат орыс тілінде жүретін болса, барша әлем орыс тілін меңгерер еді, егер қытайлықтардан шықса, барлығы қытай тілін білетін еді. Ол амалсыз солай болады. Біз соны қалағаннан емес, еріккеннен көтеріп отырған жоқпыз, ол қажеттіліктен туып отыр. Оны насихаттаудың өзі де керек емес, балалардың барлығы оқып жатыр. Олар мектеп бітіргенде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін болады. Барлық қозғалыс осы бағытта жүріп жатыр, оған күмән жоқ. Ақпарат, ақпараттық технологиялар ғаламат күшпен ұлғаюда, бізге үлгеріп отыру керек. Ғылым академиясының сессиясына қатыстым жақында, «Ғылым туралы» заңды қабылдадық, жастар ғылымға бет бұра бастаған. Ғылым, жаңалық қалай есептеледі, ғылыми мақаланың дәйексөз ретінде қолданылуы болуы керек. Біз қазақстандық ғалымдардың материалдарынан дәйексөз келтіруде шетел басылымдарында ең төменгі орында келе жатырмыз. Себебі біздің ғылыми материалдар ағылшын тіліне әлсіз аударылады. Көрдіңіздер ме, тағы ағылшын тіліне қажеттілік туды. Ағылшын тілін білмей, әлемде кеше қандай жаңалықтар, нендей ашылулар болғанын білмей, қалай дәрігер болуға болады?! Бұл қорлау ғой. Ағылшын тілін білмей, қалай ғалым болуға болады?!», - деп атап өтті Елбасы.
«Бізді қоршаған әлем сондай, 9-11 сыныптарда, университеттерде математика, физика, химия, биология пәндерін толық ағылшын тілінде өткізетіндей деңгейге жетуіміз керек. Бұл - қажеттілік. Даму қажеттілігі. Егер біз дамыған мемлекеттердің қатарында болғымыз келсе, олармен тең болу үшін, соған талпынуымыз керек. Кадр таңдау қиындығы осында. Неге мен тәуелсіздік жылдардың басында «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды шетелге, әлемнің ең мықты университеттеріне оқуға жіберуге тырыстым?! 12 мың адам оқып шықты, қазіргі уақытта 50 мың адам шетелдің түрлі университеттерінде білім алуда. Олардың ішінде 1 мыңға жуығы Ресей университеттерінде, қалғандары өзге мемлекеттерде, оның ішінде ата-аналары, кәсіпорындар жібергендері бар. Қазақтың тіліне ол зиян келтіреді деп ойламау керек. Білемін мен, жазушылардың, ағайындардың айтатынын. Жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Қазақтың мәдениет жылы деп қаншама мәдениет ошақтарын аштық. Қазір университеттерде де қазақша сабақ берілетін болды, біз ептеп-ептеп латиницаға көшуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сонымен қатар, қазақ тіліндегі шет тілдерден енген терминдерді аударуды құп көрмейтіндігін айқын білдірді.
«Бізде 1600 шетелдік терминдер бар. Соны қазақтың тіліне енгізіп, қазақтың тілін байытудың орнына, біздің лингвистік комиссия соларды неше түрлі етіп аударады. Марқұм Еркеғали Рахмадиев өлгенінше айтып кетіп еді, «мен композитор едім, сазгер болдым енді» деп. Менің пианиномды күйсандық деп аударыпты дейтін. Пианино деген - «Piano» емес пе, барлық тілдерде солай ғой. Неге оны енгізіп, тілімізді байытпасқа. Толып жатыр сондай сөздер, балконды қылтима дейді, пайыз деп алдыңыздар, мен пайыз деген сөзді қолданбаймын тіпті, «percent» барлық тілде де. Өз ішімізде мемлекеттік сөз, мемлекеттік тіл, мемлекеттік басқару органдары өз тілімізде жүретін болады. Бірақ оған асығыстық жасаудың еш қажеттілігі жоқ. Ел ішінде сабырлық, өзара сенімділік, барлық азаматтардың құқықтарын сақтау, тілден, діннен, мәдениетінен шектеп жатқанымыз жоқ, барлығы өз кезегімен келе жатыр. Әр азамат өз мәдениетінде, өз тілінде болсын, бір-біріне қысастық жасамасын», - деп атап өтті Президент отандық телеарналарға берген сұхбатында.