Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінің» тұсаукесер рәсімі өтеді
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2013 жылдың 18 желтоқсан күні Астана қаласында Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінің» тұсаукесер рәсімін өткізеді.
Шараның негізгі мақсаты - жаңа сөз, жаңа ұғым атауларымен толыққан біртомдық қазақ тілінің үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігін» - қалың жұртшылықтың тіл мәдениетін арттыратын, тілтанымдық білімдерін жетілдіретін құралды көпшілік қауымға, ғылым, білім, оқу-ағарту, баспасөз саласы мамандарына қазақ тілін білуге, тілді үйренуге талпынған барша қауымға ұсыну.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы сөздікке берген алғысөзінде: «Тіл - ұлтпен бірге жасап, толассыз толығып отыратын құбылыс. Қолдарыңызға ұстап отырған «Қазақ сөздігі» - біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдер тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым» деп баға берді.
«Қазақ сөздігін» түзу отандық және әлемдік дәстүрлерге және теориялық зерттеулерге сүйеніп жасалған. Сөздікті жасаудың тарихы, теориясы және тәжірибесі өзара бірлікте қарастырылатын, бірінсіз бірі болмайтын, өте тығыз байланысты, тәуелді салалар. Түсіндірме сөздіктер адамзат тарихында әрқилы кезеңдерде, әртүрлі мақсат-мүдделерге сай, алуан түрлі жүйе мен құрылымда жасалып келген. Тілдік даму барысында қоғамдық және тілдік түрткіжайттардың әсерінен сөздердің бір тобы ескіріп, екінші тобы жаңадан пайда болып жатады. Осының нәтижесінде бір тілдің тарихында бірнеше рет тілдік өзгешеліктер болады.
Түркі тілдерінің тарихи салыстырма сөздігінің ең алғашқы жарқын үлгісі ХІІ ғасырда шыққан ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігі. Осы сөздіктен бастау алған, бүгінгі таңда ғылымға белгілі ортағасырлық парсы түсіндірме сөздіктерінің ұзын саны 200-ге жеткен.
Еуропа тілдеріндегі алғашқы түсіндірме сөздіктер де осы тәрізді кірме немесе ескірген лексиканы түсіндіру мақсатында жасалған. Ортағасырлық түркі лексикографиясында, ортағасырлық араб жазулы сөздіктерде, сондай-ақ кейінгі түркі тілдерінің лексикографиясында, соның ішінде қазақ лексикографиясында да белгілі бір дәрежеде бұрынғы дәстүр сабақтастығы жалғасып келді.
ХVІІІ ғасырдан бастап қазақ еліндегі ғылым мен білім басқа арнада - Ресейдің ғылым-білімі арнасында дами бастады.
Сөздіктер қазақша-орысша, орысша-қазақша аударма, терминологиялық сөздіктер түрінде жасала бастады. Осыдан бастап араб жазулы қазақ лексикографиясындағы орта ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығына нұқсан келген еді.
Қазақ мәдениетіне зор үлес қосқан Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедов және т.б. арыстарымыздың еңбектеріндегі сөз қазынасы Кеңес үкіметі кезеңіндегі жүргізілген саясатқа байланысты, аталған сөз қазынасы І.Кеңесбаевтың редакциялауымен шыққан екітомдық «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігіне» де, А.Ысқақовтың редакциялауымен шыққан онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» де енгізілмеді. Оған себеп сол тұстағы идеологиялық цензураның қысымы еді.
Уақыт өте жалпы жұртшылықтың қолдануына қолайлы ықшам сөздіктер шыға бастады. Олар Т.Жанұзақовтың редакциялауымен «Қазақ тілінің сөздігі», Н.Уәлидің жалпы редакциясымен «Қазақ әдеби тілінің сөздігі». Бұл сөздіктер жаңаша лингвокогнитвтік, лингвомәдени бағдарды негізге алды және қоғамдық ғылымдар саласындағы, бүкіл қазақ мәдениетіндегі зор табыс болды.
Еліміз егемендік алып, халықаралық байланыстарға тікелей шығып отырған қазіргі кезеңде қоғамдық өмір мен ғылымның үздіксіз дамуындағы өзгерістер қазақ тілінің бір томдық бас сөздігін түзу қажеттілігін туындатты. Осылайша мемлекеттік тілдің лингвистикалық базасын құрайтын еңбектердің қатарын толықтыратын, бірегей еңбек Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігі» құрастырылды.
Осы уақытқа дейін түркі әлемінде 80 мың сөз бен сөз тіркесін қамтыған «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі», қырғыздардың 50 мың сөз бен сөз айқышын қамтыған екі томдық «Қырғыз тілінің сөздігі», түріктердің 92 292 сөзді қамтып, 122 423 сөз мағынасы келтірілген «Түрікше сөздіктері» шығарылды. Ал «Қазақ сөздігі» 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесін қамтып, бірегей сөздікке айналып отыр.
Тұсаукесер Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммедтің құттықтау сөзімен ашылады. Сонымен қатар шарада аталған сөздіктің авторы филология ғылымдарының докторы Н.Уәли сөздіктің құрастырылуы, әзірленуі туралы сөз қозғайды.
Шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылары мен филолог-ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар және оқырман қауым қатысады.
Шара аясында түркі тілдерді түсіндірме сөздіктерінің көрмесі ұйымдастырылады.