Қазақ тілі біртіндеп технологияның тіліне айналып келе жатыр — Мақпал Жұмабай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ тілі біртіндеп технологияның тіліне айналып келе жатыр. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабай айтты.

Мақпал Жұмабай
Фото: видеодан алынған скрин

— Қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында еркін қолданыла бастады. Мысалы адамдардың күнделікті ChatGPT-ге жазған сұрауларының бәрі тілді осы өмірге бейімдеп жатыр. Қазақ тілінің ендігі дамуы күнделікті қолданыста цифрлық технологияларды қолдану барысында қандай сұрау жібереміз, соған байланысты болады. Өйткені бүгінгі технологияның өзегі – генерация, ол сізден алған ақпаратты оқи береді. Бүгін 10 сауал жазсам, ол 10 сұрақ бойынша білімін жетілдіреді, - деді ол.

Одан бөлек, спикер цифрлық платформаларды пайдалану кезіндегі қазақ тілін қолдану көрсеткішін атап өтті.

— «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ауқымында айтар болсам, біз қоғамға 12 қызмет ұсынамыз. Онда 4 млн-нан астам қолданушымыз бар. Жылына бізге 12 млн-нан астам сұраныс келеді, сонша сауалды өңдейміз. Бұл сұраныстың өте үлкен екенін көрсетеді. Қазақстан халқының тең жартысынан астамы қазақ тілінде сауал қояды, - деп атап өтті Мақпал Жұмабай.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандық оқушылар ЖИ олимпиадасында рекордтық нәтиже көрсеткенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар