Қазақ тілі көптеген есікті ашты – Анна мен Дмитрий тіл үйренудегі лайфхактар туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай өңірінде өскен Алла Платонова мен Дмитрий Ромащенко қазақ тілін жетік меңгерген әрі волонтер ретінде өзгелерге де тіл үйретіп жүр. Бірі көрші әженің мейірімінен шабыт алса, екіншісі мектептегі пәнге деген ықыласпен бастаған. 1 мамыр – Бірлік күніде Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Анна мен Дмитрий қазақ тілін меңгеруі жөнінде шынайы оқиғаларын баяндап берді.
Қазақ тілін Күміс әжеден үйрендім
– Мен Қостанай облысында молдаван отбасында дүниеге келдім. Ата-анам тың игеру кезінде көшіп келген және қырға жұмысқа кетіп, үйде қараусыз қалатын кездеріміз болды. Осылайша көршілерді аралап жүріп, Күміс әжемен таныстым. «Сары қызым келе ғой» деп, жанына отырғызып алып, қою шәйі мен ыстық бауырсағын беріп, бар мейірін төгетін. Сиыр сауғанда Абайдың әндерін айтатын. Кейіннен сол жылулық қызығушылыққа ұласып, қазақ халқына жақын бола бастадым. Қазақтың қыздарымен дос бола бастадым. Ата-анамен сөйлесіп, орыс сыныбынан қазақ сыныбына ауыстым. Әрине, оңай болған жоқ, үлгерімім нашарлады, бірақ мектеп бітіргенде бестік бағалармен аяқтадым, - деп еске алады Алла Платонова.
Оның айтуынша, ең бастысы – адамның талпынысы мен ниеті. «Орта керек» дейтіндер де сол ортаны өзі іздеп, табуы керек.
– Жақында этносаралық айтыс өтті. Мен сол айтысқа қатысып, бақ сынадым. Дегенмен, тіл үйренуде «болдым», «толдым» деген сезім ешқашан болмайды, әлі де ізденіс үстіндемін. Қазақ әдебиетінде қаншама шығарма бар, әр өңірде түрлі диалектілер бар. Жалпы, қазақ тілін білемін деп кеуде көтермеуіміз керек, бұл өмір талабы. Қазақстанда тұрсаң қазақ тілін білуге міндеттісің. Басқаша болмауы керек. Қай елде тұрсаң, жұмыс істеп, нанын жеп, суын ішсең, сол елдің тілін білуге міндеттісің деп ойлаймын, - дейді А. Платонова.
Ағылшын тобынан қазақ тілі филологиясына ауыстым
Дмитрий Ромащенко да – Қостанай облысының тумасы. Мектеп қабырғасында қазақ тіліне қызығушылығы басталған. Тіпті 6-сыныптың өзінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуды армандаған.
– Мен туып-өскен Федоров ауылында қазақтілді адамдар да, мектеп те болмады. 11 жыл орыс тілінде білім алдым. Әйтсе де, қазақ тілі пәніне қызығушылығым жоғары болды, сабақ өте қызықты өтетін. Сөздік қорым аз болса да, грамматикасын өте жақсы білетінмін. Мектепті аяқтаған соң, ағылшын тілі филологиясы мамандығына түстім. Бірақ бір семестрден кейін ұнамайтынын түсініп, қазақ тілі филологиясына ауыстым. 1-2 курста өте қиын болды, қазақтілді орта, барлық пән қазақ тілінде болғандықтан үндемей, тыңдап қана отыратын едім. Қолымнан келмейді деп, үмітім үзілген кездер де болды. Бірақ 2-курстың соңында сөйлей бастадым, 4-курста үздік аяқтадым, - дейді Д. Ромащенко.
Қазір Дмитрий қазақ тілі пәнінен сабақ береді, тілдік клубтар ұйымдастырып тұрады.
– Үйренетін сәттер әлі көп, күнде сөздіктерді ашып, зерделеп, сабаққа дайындалғанда ізденемін. Бір сөзді білмей қалсам, оқушыларымнан ұялмаймын, бәріміз сөздікті ашып қараймыз. Қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын әлі де оқуымыз керек. Әсіресе, Абай, Шәкәрімнің туындылары – қазақша шоқтығы биік шығармалар, - дейді спикер.
Тіл үйренудегі қолдау мен ынталандыру маңызды
Подкаст қонақтары тіл меңгеруде жақындардың көрсеткен қолдауы мен ынталандыру шаралары өте маңызды болғанын айтуда. Қос спикер де қазақ тілі бойынша түрлі жарыстар мен олимпиадаларға белсене қатысқан.
– Әсіресе облыстық «Тіл шамшырақтары» жарысы есімде қалды. 2010 жылдары үшінші орын алып, 30 мың теңге жеңіп алған едім. Бұл өте қомақты ақша болды және бірден дүкенге барып, телефон сатып алғанмын. Осындай ынталандыру шаралары тіл үйренуге қызығушылығымызды арттыра түсті, - дейді Д. Ромащенко.
Қазақ тілі факультетіне ауысқанда да Д. Ромащенко ата-анасының үлкен сенім артып, қолдау көрсеткен. Білім грантын жеңе алмаған сәтте де оқу ақысын төлеген.
– Менің де мектебімде қазақ тілі пәнінен сабақ берген Сақыпжамал апайым болды. Қазақшаға икемім келмесе де, бетімді қақпай, түрлі шараларға қатыстыратын. Сол сенім өте маңызды болды. Саған біреу сенсе, сенің бағындырар белестерің өте көп болады. Өз анам да Абай оқуларына өз көйлегінен маған көйлек тігіп берген еді. Мен жүлделі орын мен 100 мың теңге жеңіп алып, анама әдемі киім әпергенмін. Тағы бір жарыста үйге су жаңа теледидар әкелгенімде, анам қатты қуанған еді. Қазақ тілін үйренуде осындай ыстық естеліктерім бар, - дейді А. Платонова.
Қазақша сөйлеу үшін ең алдымен амандасуды үйрену керек
Анна Платонова волонтер ретінде қазақ тілін үйрету клубтарына қатысады, мектеп оқушыларымен және жастармен кездесулер жасайды. Кейіпкер тіл үйренудегі психологиялық кедергілерді жеңу үшін шәкірттерін дүкенге жіберетінін айтты.
– Шәкірттерімді дүкенге апарып, бір ауыз орысша сөз қоспай, сауда жасауын бақылаймын. Шәкірттерімнің арасында түрлі ұлт өкілдері бар, қоғамның алдында қысылмай сөйлеу үшін ең бірінші амандасуды үйреніңдер деймін. Сәлеметсіз бе, қайырлы күн, қалыңыз қалай деген сөздерден бастау керек. Дәл солай музейге барып, қазақша гид қызметін аламыз, мәдени шаралар мен концерттерге барамыз. Психологиялық кедергілерді осылай еңсеруге тырысамыз, - деді ол.
Спикерлердің айтуынша, қазақ тілін үйренуді ертең емес, бүгіннен бастап кету керек. Кішкентай қадамдармен, күнде 5-6 сөз жаттап, практикаға енгізсе, нәтиже де көп ұзамай көріне бастайды.
– Тіл үйренудегі басты қағида – сөйлеу, сөйлеу, тағы да сөйлеу. Сөйлемесек ештеңе көмектеспейді. Қателікті қателік емес, тәжірибе деп қарастыру керек. Қайта-қайта оқу керек, талпыну керек, тоқтамау керек. Қазіргі мәселе – мектептерде материалдың тапшылығы. Ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқулық өте көп, ал қазақша сапалы тыңдалым материалдары аз. Қазіргі мектеп бағдарламасы да баланың жас ерекшелігіне сай емес екенін көтеріп жүрмін. Мен 1-11 сыныпқа дейін барлық сыныпта, мемлекеттік мектепте де, жеке мектепте де сабақ бергенмін. Екінші сыныпта С1 деңгейіндегі сөздер жиі кездеседі. Мен үшін бұл өте өзекті, - дейді тіл жанашырлары.
Сонымен бірге, қонақтар қазақ тілі сабақтарын үйретуді балабақшадан бастау керегін, бұл үшін тәрбиешілер жұмысына көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
– Себебі балалар – ақ қағаз секілді. Қазір кіші қызым қазақ балабақшасына барады. Қазақша сөздер құлағына сіңсін, орысша сөз қолданбаңыздар деп жіті қадағалап отырамын. Балабақшада қазақша киіз үй тігулі, балалардың ұлттық киімі де бар. Әнұранды естісе, бірден қолын кеудесіне қояды. Демек, бұл ретте тәрбиешілер жұмысына баса көңіл бөлу керек. Қазақтың дәстүрін, салтын жақсы көремін. Ол үлкендерге сыйластықпен қарауды, кішіге қамқор болуды үйретеді. Осының бәрін ұстансақ жаман болмаймыз, - дейді А. Платонова.
Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі бола алады
Подкаст спикерлері қазақша сөйлеуге тырысып жүргендер өте көп екенін, жастар да, зейнеткерлер де қазақша үйренуге талпынып жүргенін атап өтті. Осылайша, қазақ тілі ұлтаралық тіл боларына еш күмән келтірмейтіндерін жеткізді.
– Біздің елде қаншама этнос өкілдері тұрып жатыр, әр ұлт өзінің дәстүрін сақтай отырып, қазақтың да дәстүрін қоса алып жүретін жағдайға жетті. Мәселен, молдаван ұлттық тағамының қасында қазақша ет тұрады. Сондықтан, «Қазақстан халықтары» емес, «Қазақстан халқы» деп айту әбден орынды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанға бет бұрып отыр. Түрлі жиындар өтіп, басқа елдердің президенттері сапарлап келіп жатыр. Бұл үлкен саяси қадам және Қазақстан қонақжайлығын әлем деңгейінде көсретіп жатыр. Бұл ретте жастарға артылатын жауапкершілік те зор, - дейді А. Платонова.
Айта кетейік, Бірлік күні аясында Астанада «Алтын шаңырақ» республикалық ұлтаралық айтыс өтті. Онда танымал ақындар мен осы өнерді меңгеріп жүрген шәкірттерден құралған 12 жұп айтысты.
Бұған дейін Қазақстан спортындағы ең танымал интернационал отбасыларға шолу ұсынған едік.