Қазақ тілінің цифрлық коммуникация тілі ретінде дамуын қамтамасыз ететін заң қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» және оған ілеспе заңдарды қабылдады.

жасанды интеллект
Фото: Еңбекмині

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған мәжілісмен Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобаларын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірледі. Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтардың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

- Заң жобасында жасанды интеллектті пайдаланудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың ішінде адам құқықтарының басымдығы, жұмыстың қауіпсіздігі мен ашықтығы бар. Жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайды. Адам барлық шешімдерге жауапты болып қала береді. Жасанды интеллектті әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапханаларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Заң жобасы әзірлеушілердің есептеу инфрақұрылымына, оның ішінде суперкомпьютерлерге қол жеткізу тәртібін анықтайды, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, деректер жасанды интеллект үшін негізгі отын болып табылады. Оның жұмысының нәтижесі деректердің сапасына байланысты. Сондықтан заңда деректер кітапханаларына қойылатын талаптар және оларды өндірушілердің міндеттері қарастырылған, - деді мәжілісмен.

Барлық деректер кітапханаларында Өндіруші туралы ақпарат болуы керек. Өндіруші олардың сапасына жауап береді. Бұл ретте кітапхана иелері олардың заңды қолданылуын қамтамасыз етуге міндетті.

Екатерина Смышляеваның атап өтуінше, заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. 

Пайдаланушылар:

  • жүйенің жұмысы туралы ақпарат алуға;
  • егер бұл заң бойынша міндетті болмаса, жасанды интеллектпен байланыстан бас тартуға;
  • шешімдерді қайта қарауды және түсіндіруді талап етуге құқылы.

Келесі функциялары бар жүйелерге тыйым салынады:

  • адамдардың мінез-құлқын басқару;
  • адамның эмоциясын қолдану; 
  • әлеуметтік бағалау жүргізу;
  • дербес деректерді келісімсіз жинау.

- Заң жобасының бірқатар нормасы отандық жасанды интеллект шешімдерін қолдауға бағытталған. Бұл - еліміздің ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Локалды модельдер ұлттық жасанды интеллект жүйелерінің негізі болуы керек. Мысалы, білім беруде мұндай жүйелер өскелең ұрпақты біздің құндылықтарымыз бен идеологиямызға үйретеді. Сондай-ақ, локалды шешімдер құпия деректермен жұмыс істеу кезінде қолданылады. Қазақстандық деректер негізінде жасанды интеллектке оқыту біздің тілдік моделімізді жақсартады. Бұл қазақ тілінің цифрлық коммуникация тілі ретінде дамуын қамтамасыз етеді, - деді депутат.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау шұғыл міндет екенін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар