Қазақ төбетіне тән стандарттар биыл бекітіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына жолдаған жауабында қазақ төбетін сақтап, көбейту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

— 2025-2035 жылдарға арналған Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі жол картасы бекітілді, ол аталған ит тұқымдарын қорғауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған. Сондай-ақ қазақы ит тұқымының тиісті стандарттары қабылданды, «Қазақ тазысы» тақырыбына ғылыми зерттеулер жүргізілді. «Қазақ төбеті» тұқымы бойынша осындай жұмыс 2025 жылы аяқталады, — деп жазылған Үкімет жауабында.
Премьер-министр Жапония мен Түркияда Кангал, Акита, Шиба ит тұқымдарын экспорттауға ресми тыйым салынғаны туралы мәліметтердің рас-өтірігі белгісіз екенін айтқан.
— Түрікменстанда түрікмен алабайының мемлекеттік деңгейде қорғалуына және оны әкетуге тыйым салынғанына қарамастан, алабай FCI-де басқа атаумен және ол елден тыс басқа жерде тіркелді. Мұндай жағдайда тұқымның халықаралық деңгейде сол ұлттың атымен танылуы жоққа шығарылады. Осыған байланысты қазақы иттердің тұқымын халықаралық деңгейде тану кезеңінде оларды экспорттауға тыйым салу орынсыз деп есептейміз, — делінген жауапта.
Еске салсақ, ғалымдар төбет тұқымының тибет мастифтерімен туыстығы туралы кең таралған гипотезаны теріске шығарған болатын.