«Қазақ туристерінің 12 ерекшелігі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қазақ туристерінің әдебі, жүріп-тұрысы шетелдіктерді таңғалдырып отыр, деп жазады "Айқын" басылымы.

«Туристік маусым артта қалса да, шетелдік сапарлардың жиі еске түсетіні анық. Өз басым Еуропа мен Азия елдеріне барған сапарларымда неміс туристерінің ұстамдылығына, қытай туристерінің көптігіне, француздардың мәдениеттілігіне әлі де тамсанумен келемін. Бұл арада қазақ туристерінің өз ұлттық сипаты бар. Қазақ туристері де ұстамды, мәдениетті, тәртіпті. Бірақ ұлттық ерекшелігіміз қызмет көрсету саласында еңбек ететін шетелдіктерді таңғалдырып отыр», - деп атап өтіледі «Қазақ туристерінің 12 ерекшелігі » атты мақалада.

«Қонақүйге орналасқан соң, бәріміз түскі, не кешкі асқа түсеміз. Жеке байқауларым бойынша, еуропалық туристер бір тәрелкеге көбіне диеталық тағам түрлерін салуға тырысады. Мәселен, таңғы асқа тек қана жеңіл ботқа мен кофе алуы мүмкін. Түскі асқа суда піскен балық пен гарнирге бұқтырылған көкөністер алуы мүмкін. Ал қазақ туристері әсіресе, қонақүйдегі бірінші күні бәрінен де дәм татып көруі керек: бір тәрелкеге балық та, тауықтың сирағы да, қойдан жасалған кәуәп та, тіпті бұрын-соңды жеп көрмеген шаян да сыяды. Гарнирді де араластырып жібереміз. Бұқтырылған, суға піскен, қуырылған гарнирдің түр-түрін екінші тәрелкеге толтырамыз.

Екінші күні өзімізге асты шақтап аламыз. Бірақ жаңадан келген жерлестеріміздің тәрелкелеріне үйіп-төгіп тамақ салып жатқандарын көріп: «Не болды, соншама, түк көрмегендей?!» деп, сырттай күліп қоямыз. Жалпы, тәрелкені бір-бірімен сәйкес келмейтін тағам түрлерімен толтыру әдеті бүкіл посткеңестік елдердің азаматтарына тән бе деп қаласың кейде... Бұл дефицит заманының гендік деңгейде қалған салдары ма, әлде «мен төледім, ақым бар» деген психологияның ықпалы ма, әйтеуір, ресейліктерден бастап, украиндарға дейін «тәрелкені толтырып алу» әдетінен арылар емес», - дейді мақала авторы.

«Шетелде жүріп қазақ нені аңсайды? Дастарқанның үстінде түріктің не ағылшынның түрлі тағамдары тұрса да, демалыстың соңғы күндері: «Па, шіркін қазір ет асып жесе ғой?!» дейсің. Арамызда: «Эх, казы что-то захотелось» деп, өзіміздің отандастарымыз - орекеңдер де етті аңсап жүреді. Қанша шетелдік сапарда болдым, бір нәрсеге көзім анық жетті: біздің орыстар да асты талғау тұрғысынан қазақыланып кеткен, ет пен қазыны, бауырсақты олар да ерекше аңсап отырады ғой?!», - делінеді енді бірде аталмыш материалда.

Мүмкіндігі шектеулі замандастарымыз алдағы уақытта құқықтарын шектейтін, азаматтық белсенділіктерін тасада қалдыратын, заңға қайшы сөздермен жандарын жаралайтын кез келген әрекетке тосқауыл қоямыз деп отыр. Бұл туралы «Айқын » газетінің «Мүгедектер әлемі өзгеріс күтеді » атты мақаласында xабарлануда.

«Алдағы уақытта олар «жынды, есуас, соқыр, ақсақ» деген құлаққа түрпідей болып естілетін терминдердің БАҚ бетінде жарияланып кетуіне жол бермейді. Себебі жоғарыда атап өткен «Шырақ» қауымдастығы мүгедектігі бар әйелдерге қатысты терминология мен этиканы заңмен бекітуге қол жеткізіпті. Мұндай ұсынысты тек біз ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық та құп көреді екен. Себебі біздің ел өткен жылы БҰҰ мүгедектер туралы конвенциясын бекітті. Енді ратификациялау қалды. Мүмкіндігі шектеулі замандастарымыз бойындағы «мен өзгелердей емеспін» деген сынды көзқарастан арылу үшін қоғамның оларға көзқарасы түбегейлі өзгеру керек. Көзқарас өзгермей, тірлік өзгермейді», - делінген мақалада.

- Біз жаспыз. Біздің де ана атанғымыз келеді. Біз өзіміз жайлы сүреңсіз көзқарасты өзгерткіміз келеді. Журналистер біздің өмірімізді басқа қырынан көрсетсе екен дейміз. Біздің де түнгі клубтарда билеп, ән салғымыз келеді. Егер бара қалсақ, бізге таңғалып қарайды. Үкіметтің қабағы түзу болса да, қоғамның қабағындағы тоң әлі жіби қойған жоқ. Бұл сеңнің жібуіне сіздер де атсалыссаңыздар екен, - дейді «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының «Биік белес» атты мақаласында кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсіміне қатысқандығы туралы жазылады.

Салтанатты рәсім барысында сөйлеген сөзінде Елбасы бір ай бұрын Қазақстан ғарышкерінің халықаралық экипаж құрамында алғашқы 10 күндік ғарыш сапарына ұшқанын айтты.

«Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен халқымды еліміз бағындырған жаңа жетістікпен құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Ресейлік серіктестер мен басшыларға, сондай-ақ экс­педицияның шетелдік мүше­леріне айрықша ризашылық білдіремін», - деді Мемлекет басшысы сөзінің басында.

«Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әрдайым адамзаттың ең аңсарлы армандарының бірі болғанын атап өте келе, бүгінде бұл барлық Жер шары тұрғындарының ең биік миссиясы екенін жеткізді. «Біздер, қазақстандықтар байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы - Байқоңырда алпыс жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын мақтан етеміз. Ғарышкерлерді Жер жүзі осы жерден, Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы таным көкжиегін кеңейтетін күрделі экспедициялардан кейін оларды осы жерде қарсы аламыз. Ғарышқа ұшқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Ал А.Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа бір парағын ашты», - деді Қазақстан Президенті», - деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан » басылымының бүгінгі санында, сондай-ақ оралман қандастарымыздың өмірін жақсартатын заңнамалық жеңілдіктер жайында «Оралмандарға қатысты заң оңтайландырылды » атты мақала жарияланды.

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бес мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына кейбір еуропалық елдермен реадмиссия туралы, сондай-ақ, халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері қарастырылған заң жобалары ұсынылды.

«Сондай-ақ, кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Енді этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыру мақсатында олардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін және төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндіктері берілетін болады. Айта кету керек, оралмандарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда ғана жағдайлар жасалады. Жұмыспен қамту бойынша этностық қазақтар үшін көлік шығындарын өтеу, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қамтылса, Үкімет белгілегендей бір орыннан екіншісіне ауысып жатса, әлеуметтік пакеттер сақталады. Ал Үкімет айқындаған өңірден бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше қоныс аударып кеткендер немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар мемлекеттік қолдауларды қайтарады», - делінген мақалада.

***

Ресми тілді «Экспресс К» басылымының жазуынша, Ақмола облысында еңбек ардагерін бар болғаны 10 мың теңге үшін өлтірген үш қарақшы сотталды.

«Былтыр қазан айында Знаменка ауылында 73 жастағы Владимир Мироненконың үйіне үш адам баса көктеп кіріп, қарт адамды соққының астына алады. Олар оның жиған-терген ақшасын беруді талап етеді, алайда зейнеткер оларға тіс жармайды. Сол кезде қылмыскерлер пәтердің астаң-кестеңін шығарып, 10 мың теңге тауып алады. Дегенмен қарт кісі қарақшылардың бірін танып қойып, өз басына бәле тілеп алады. Қарақшылар шалды өлтірмекші болып, соққының астына алады. Демі біткен зейнеткердің мүрдесін арамен мүшелемек болғанда, зейнеткер кенет есін жыяды. Сол кезде қаскөйлердің бірі оны қылғындырып өлтіреді», - делінген «Гореть вам в аду » атты мақалада.

Соңғы жаңалықтар