«Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулыға қарсылығым үшiн қызметтен кеттiм - Нариман Берешев

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Алматы ел өмiрiндегi көптеген тарихи оқиғалар орын алған қала болса, қалада сол тарихи жағдайлардың басы-қасында болған, алайда, ел үшiн еткен еңбегi елеулi болса да, есiмi жалпақ жұртқа өз дәрежесiнде жетпей қалған тұлғалар жетерлiк.

 «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулыға қарсылығым үшiн қызметтен кеттiм - Нариман Берешев

Компартия заманында қызмет өмiр жолын бастаған небiр нарқасқа азаматтар Отанымызды өркендету, көркейту жолында аянбай еңбек еттi. Солардың бiрi - запастағы полковник, бүгiнгi Алматының қарапайым тұрғыны Нариман Хамитұлы Берешев. «Алматы ақшамы» газеті тілшісінің сол кезеңдерде  қаланың саяси-идеологиялық жағдайына бақылау жасаған органды басқарған жанмен сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Желтоқсан» оқиғасынан кейiн жұмыстан кеттiм

- Әңгiменi Одақ тұсындағы қызмет жолыңыздан бастасақ...

- 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң тарих факультетiн бiтiрдiм. Оқу бiтiрген соң 1965 жылға дейiн қалалық, облыстық комсомол ұйымдарында қызметтер атқардым. 1965 жылы менi Алматы облыстық партия комитетiне алып кеттi. Онда әр түрлi қызметтермен 5 жыл қызмет атқардым. Содан, 1969-70 жылдары Мәскеуде партияның Орталық атқару комитетiнiң қаулысы шықты. Онда мемлекеттiк органдардағы қызметкерлердiң саяси-идеологиялық ұстанымдарына қадағалау жасап отыру жағы қарастырылған едi. Соған байланысты Iшкi iстер министрлiгiнiң жанынан саяси органдар басқармасы құрылды. Мен сол Алматы облыстық бөлiмiнiң бастығы қызметiне бекiтiлiп, 1970 - 75 жылдар аралығында еңбек еттiм. Сөйтiп жүргенде, Мәскеуде Iшкi iстер министрлiгiнiң академиясы ашылып, менi сонда бiлiктiлiктi арттыру бойынша оқуға жiбердi. Ол жақтан қайтып келген соң, осында Қазақ КСР Iшкi iстер министрлiгiнiң саяси iстер басқармасының бастығы болып орналастым. Кейiн келе, менi қалалық Iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары әрi қалалық саяси iстер бөлiмiнiң бастығы қызметiне жiбердi. Осы қызметпен жүрiп, 1987 жылы мерзiмiмнен бұрын зейнеткерлiкке шықтым. Зейнетке ерте шығуымның себебi, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты болды.Сол оқиғадан кейiн басшылықтағы адамдар ауысты, өзге бастықтармен арамыз дұрыс болмай, ақыры кетуге мәжбүр болдым. Желтоқсан оқиғасы түгел менiң көз алдымнан өттi. Төрт күн ұйқысыз жүрiп, сол оқиғаның басы-қасында болдым. Орын алған жағдай тiкелей менiң қызметiммен байланысты едi. Ал мен саяси мәселелер бойынша күнделiктi қалалық, облыстық және орталық партия ұйымдарына есеп берiп тұрдым. Мен қалалық басқармаға қарамайтынмын. Себебi, саяси қызмет салалары тек саяси органдарға ғана бағынатын. Бiрақ, барлық бұйрықтарға мен қол қоя алмайтынмын. Ол тек Iшкi iстер басқармасы бастығының ғана құзырында болды. Ал, жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығару, жалақы, үстемақы, қызметкерлердiң шенiн жоғарылату секiлдi кадрлық мәселелердiң барлығы менiң қарауымнан өтетiн. Кеңес үкiметiнiң кезiнде «социалистiк заңдылық» деген ұғым болды. Яғни, сол уақыттағы заңдарда не жазылған - соны орындап және соның шеңберiнен асып кетпеу керек. Соның бүкiл жұмысын бiз атқардық. Сонымен бiрге, комсомол, партия, кәсiподақ және басқа да ұйымдар бiзбен жұмыс жасайтын. Былайша айтқанда, қаланың саяси тыныс-тiршiлiгiне бiз бақылау жасап, тәрбие жұмыстарын жүргiзiп отыратынбыз.

«Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулыға қарсы болдым

- 1986 жылғы оқиғадан кейiн республика мен қала басшылары түгелге жуық ауысты. Қалалық партия ұйымының бiрiншi хатшылығына Мәскеуден Владимир Иванович Романов, Орталық комитетке Колбин деген сияқты. Мен сол кiсiлермен тiл табыса алмай, жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. :йткенi, олар келдi де, бiрден «қазақ ұлтшылдығы» деген дау көтерiп, тiптi, осындай атпен КОКП-ның «Қазақ ұлтшылдығы туралы» деген қаулысы шықты. Мен соған қарсы болдым.

16-сынан 17-сiне қараған түнi «алаңды тазалаймыз» деген желеумен Тбилисиден, Ташкенттен, Кишиневтен ұшақтармен әскерлер әкелiндi. Сол түнi алаңда он мыңнан аса адам болған едi. Олардың арасында ауыр жарақат алған, қайтыс болған адамдар бар, барлығын алаңнан тазалап, ұстағандарының барлығын темiр торға апарып тықты. Содан, өзiм оқиғаның мән-жайымен толық таныспақ болып, барлығын аралап шықтым. Сондағы өзiм куә болғандарды айтсам, жәй өздерi ұсталып жатқан қыз-жiгiттердiң өзiн ұрып-соғып, қинап жатыр. Қасымда Вишневский деген орынбасарым бар едi, орыс жiгiтi. Соған бiр сөзiмдi қалдырмай, түгел жазып отыруын айттым да, тексеру барысындағы өзiм куә болған жәйттердiң барлығын қағазға тiзiп, сол бойынша бiрқатар адамдарды қызметтен босату керек деген ұсынысымды қалалық және орталық атқару комитеттерiне жолдадым. Сөйтiп, ұсынысым бойынша Владимир Ивановичке барсам, ол «сен не деп тұрсың, бұл қайдан шыққан патриоттар» деп, өзiме дүрсе қоя бердi. Мен оған «...сiз менiң жазғанымды оқып па едiңiз? Әскерлерге бейбiт халықты ұрып-соғатындай құқықты кiм бердi? Олар былай да қорғансыз едi...» десем, ол сөзiме құлақ аспай, «сенi партиядан шығарамыз, Орталық комитетке арыз жазамыз, өйтемiз-бүйтемiз» деп, бет қаратпады. Ол кезде қызба мiнез кезiмiз, олардың аз уақыт қана отыратынын қайдан бiлейiн. Сөйттiм де, «онда жұмысыңызға рахмет, мен ендi мұнда iстемеймiн» деп, жұмыстан кетiп қалдым. Мен сол уақытта 50 жаста едiм, өзiм полковникпiн. Ал зейнетке шығу - 55 жаста. Бiрақ, менiң Мәскеудегi басшылармен қарым-қатынасым дұрыс болатын.Себебi, талай жыл бiр қызметте болдық, жұмыс барысымен көп араластық. Сөйтiп, саяси iстер басқармасы басшылары маған хабарласып, шақырып алды да, бiреулермен сөйлесiп, ақыры менi мерзiмiмнен бұрын зейнетке шығарудың жолын келтiрдi. Содан берi 25 жыл зейнеткермiн.

Әдiлетсiздiк әсерiнен қызметтен бiржолата қол үздiм

- Зейнетке шыққанмен де басқа қызмет- терге ауысқан боларсыз?..

- Сол уақыттағы өмiрiме қатты әсер еткен бiр жағдайды айта кеткiм келедi. 1987 жылы қызметтен босағаннан кейiн, сол бiр әдiлетсiздiкке, заңсыздыққа қатты налып, 2 жылдай ешқайда шықпай отырып қалдым. Қанша дегенмен, комсомол мен партия тәрбиесiнен өткен, әдiлдiк жолына берiлген адамбыз. Сондықтан, орын алған саяси қателiктер санама қатты әсер еттi, ойым сан-саққа жүгiрдi. Сөйтiп, 2 жылдан соң бұлай жүре бергенiм болмас деп, басқа салада өзiмдi сынамақ болдым. Бiлiмiм жетедi, сауатым бар. Сөйтiп, қоғамдық-саяси мәселелерге бет бұрдым. Содан берi осы салада қолдан келгенше өз тәжiрибеме сүйенiп, кейiнгi буын өкiлдерiне саяси мәселелерде, партия құру iстерiнде жәрдем берiп, саяси өмiрге араласа бастадым. Себебi, партия қызметiнде шыңдалған адаммын, оның бүкiл жолын, тәртiбiн, құрылымын бiлем. Сол тәжiрибеме сүйенiп, Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы құрылған бiрқатар партияларда белсендi еңбек еттiм. Әуелi, белгiлi ақынымыз Олжас Сүлейменов құрған антиядролық Қазақстанның халық конгресi деген партияда 4 жылдай қызмет атқардым. Одан кейiн де бiрнеше саяси партиялар iстерiне араластым. Содан, 2009 жылы менi Бақыт Түменова өзi басқаратын «Амансаулық» қоғамдық қорына азаматтарға тегiн заңнамалық кеңес беретiн заңгер-кеңесшi болып iстеуге шақырды. Мен келiсiмiмдi берiп, қазiргi уақытқа дейiн сол қордамын.

Ең басты қателiк - құқықтық сауатсыздық

- Сiзден кеңес сұрайтындардың басым көпшiлiгi қандай мәселемен келедi?

- Әр түрлi жағдайлармен келедi.Әрине, кеңес сұрай келетiндер, негiзiнен, Алматы қаласы мен Алматы облысының адамдары. Әр түрлi жағдайларға байланысты күрделенiп кеткен шиеленiстерден жол тауып шығу үшiн оларға бар бiлгенiмдi айтып, одан шығудың жолдарын түсiндiрем. Қиын мәселелердi айтсам, ең алдыңғы кезекте коммуналдық шаруашылық, зейнетақы, қылмыс, баспана секiлдi жағдайлар. Мәселен, коммуналдық шаруашылықты алар болсақ, уақыт өткен сайын нарық қымбаттап бара жатыр, соған сай қызмет көрсетудiң де бағасы өседi. Соған байланысты тұрғындар мен ПИК-тердiң арасында баға есептеулерiне байланысты келiспеушiлiктер пайда болады. Ол бiр күрделi мәселе. Қазiргi уақыттағы шешiмi қиын дейтiн сұрақтардың бiрi - мұрагерлiк болып отыр. Маған жөн сұрай келетiн талай азаматтар мен азаматшалардың бас қатырып жүргенi - осы мұрагерлiк. Заңдық тұрғыдан оның да қиын соқпақтары бар. Маған, тiптi, адвокат болуға шақыратындар да бар. Бiрақ, ондай қадамға бара алмаймын. Жалпы, менiң жұмысым осы кеңес берумен шектеледi. Ал, практикалық жұмыстарға араласпаймын. Осы жерде айта кететiнiм, менiң жұмысым - тек қана заңдық кеңес беру ғана емес, сонымен бiрге, психолог ретiнде де сөйлеуiме тура келедi. Себебi, алдыма келетiндердiң көпшiлiгi күрделi шимай-шатпақтан әбден жүйкесi тозған, тығырыққа тiрелген адамдар. Тiптi, кейбiрi сондай күйде отырып, не үшiн келгенiн де ұмытып қалады. Сондықтан, менiң психолог болуыма да тура келедi, яғни, жайбарақат әңгiмелесу үшiн ондай адамдарға дұрыс қадам жасап, өзiңе тарта бiлу керек. Және де бiр өзектiсi, бiздiң халықтың заңдық сауаты төмен. Заңды бiлмейдi, содан өзiнiң қарапайым құқын қорғай алмайды. Бұл - ең басты қателiк дер едiм.

- Қарап отырсақ, жасыңыз да бiразға келiп қалған сыңайлы. Қызмет жолымен қош айтысатын уақыт келген жоқ па?

- Өмiр бойы қызмет бабымен жүрген адаммын, сондықтан үйде отыра алмаймын. Дегенмен, осы күнi басқа қоғамдық-саяси iстерде жай жиын, басқосулар болмаса, ол бағыттағы белсендiлiгiмдi доғардым десем де болады. Қазiр жасым 75-те. Балаларым өсiп, үйлi-баранды болды. Немерелерiм бар. Жұбайым болса, Қазақ көлiк және байланыс академиясында сабақ бередi, ғылым докторы, профессор. Қазiргi тiршiлiгiме Құдайға шүкiр деймiн, ешкiмнен кем емеспiз. Жас кезде талай қызметтердiң басында жүрген соң, жас ұлғайса да сол әдет болып қалады екен. Құр қол отыра да алмаймыз.

- Әңгiмеңiзге рахмет, ел игiлiгi үшiн әлi де еңбек ете берiңiз!