Қазақ ұлттық музыка академиясында жаңа оқу жылында терме сыныбы ашылады

Бұл туралы Қарағандыда өткен V Ұлттық Қазақстан жастарының Дельфий ойындары аяқталғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында конкурс қазылар алқасының төрағасы, академияның композиция кафедрасының меңгерушісі Серікжан Әбдінұров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдағы оқу жылында Қазақ ұлттық музыка академиясының халық әндері бөлімшесінде терме сыныбы ашылады, деп хабарлады ол. «Бүгінде өкінішке қарай көптеген халық әндерін айтушылар эстрадаға қарай ойысып кетіп жатыр», - деді С.Әбінұров.
Оның пікірінше, бүгінде ең таңдаулы терме мектебі Атырау облысында сақталған. Оның сөзіне биылғы Дельфий ойындарының нәтижелері де дәлел бола алады. «Халық әндері» аталымында атыраулық Байбақты Ідірбай мен Бексана Оңдағанова екі алтын медальға ие болды.