Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ-жапон бірлескен жобасы: елімізде жабайы өсімдіктердің генетикалық қоры зерттеліп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Жоба селекция ғылымын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

м
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қазақстан мен Жапония ғалымдары еліміздің өсімдіктерінің генетикалық қорын сақтау және климаттың өзгеруіне төзімді жаңа сорттар шығару мақсатында бірлескен ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама бес жылға шақталған. Солтүстік Қазақстан облысында сегіз күндік экспедиция барысында ондаған құнды өсімдік үлгісі алынды. Зерттеу барысында жабайы қауын, қарбыз және сәбіздің сирек кездесетін түрлері де тіркелген.

Жоба былтыр Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Жапонияның Ұлттық аграрлық зерттеулер ұйымы (NARO) арасында қабылданған келісім аясында қолға алынды. 

с
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қазақстан өсімдіктер дүниесіне бай елдердің бірі саналады. Республика аумағында 6 мыңнан астам өсімдік түрі өседі. Оның 500-ге жуығы - эндемик, яғни әлемнің ешбір жерінде кездеспейтін түрлер. Ал шамамен 400 өсімдік қазір мемлекет қорғауына алынған.

Былтыр зерттеу жұмыстары еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі бау-бақша дақылдарына бағытталса, биыл экспедиция Солтүстік Қазақстанның жабайы өсімдіктеріне арналды. 

ауа сапасы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Жапонияның Ұлттық аграрлық зерттеулер ұйымының (NARO) аға ғылыми қызметкері Томохиро Какизакидың айтуынша, экспедиция барысында жиналған материалдардың ғылыми құндылығы өте жоғары.

- Экспедиция барысында біз 50 құнды генетикалық ресурсты жинай алдық. Бұл көрсеткіш жоспарланған 70 үлгіге жетпесе де, біз жеткілікті көлемде бағалы материалдар жинадық. Осы сапар барысында Қазақстанның табиғаты мен өсімдік әлемінің бай әртүрлілігі бізді ерекше таңғалдырды, - деді жапониялық ғалым.

Жалпы соңғы үш ғасырда әлемде 600-ден астам өсімдік түрі жойылып кеткен. Бұған орман алқаптарының қысқаруы, жерді шамадан тыс игеру, урбанизация, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның ластануы себеп болған. 

в
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Экспедиция кезінде жиналған тұқымдар мен өсімдік үлгілері арнайы генетикалық қорда сақталады. Кейін олардың ДНҚ-сына талдау жүргізіліп, ауыл шаруашылығына қажетті пайдалы қасиеттері анықталады. 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Әйіп Ысқақовтың айтуынша, климаттың өзгеруі жаңа аурулар мен зиянкестердің көбеюіне әсер етіп отыр.

- Біздің мақсатымыз - аурулар мен климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттар шығару. Ол үшін табиғи жағдайда өсетін ұқсас өсімдіктердің генетикалық әлеуетін зерттейміз. Жиналған тұқымдар Жапонияда да зерттеліп, олардың пайдалы гендері анықталады, - дейді Әйіп Ысқақов. 

с
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Токио ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Саки Йошиданың айтуынша, Қазақстандағы жергілікті және жабайы өсімдік түрлерін жойылып кетпей тұрып жинауға, сондай-ақ олардың генетикалық ресурстарын Қазақстан мен Жапония арасында сақтап, өзара алмасуға бағытталған. Қазақстан бірнеше көкөніс дақылдарының шыққан отаны және генетикалық әртүрлілігі жоғары ел болғандықтан зерттеу нысаны ретінде таңдалды.

- Біз сондай-ақ Мьянма, Лаос және Вьетнам сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты Орталық Азия елдерінде көкөніс дақылдарының генетикалық ресурстарын жинадық. Алдыңғы жобалар барысында жинақталған білім мен тәжірибе бізге Қазақстандағы зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізуге көмектесіп жатыр, - дейді Саки Йошида. 

Ғалымдардың айтуынша, жоба қысқа мерзімде экономикалық нәтиже беруді көздемейді. Алайда ұзақ мерзімді перспективада ауруларға, зиянкестерге және климаттың өзгеруіне төзімді жаңа сорттар шығуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз қалайды.

Бұған дейін ғалымдар Дарвиннің жыртқыш өсімдік туралы гипотезасын 150 жылдан кейін дәлелдегенін жазған едік.