«Қазақ жазушыларының қасіреті» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қазақ жазушыларының қасіреті» - баспасөзге шолу

***

2016 жылдың ақпан айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында төрт сериялы «Жамбыл» тарихи драмасы көрсетіледі. Бұл туралы Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург Байғали Есенәлиевпен сұхбат өткізе отырып, «Айқын» газеті хабарлайды. «Ұлы тұлғаның бейнесін барынша ұқсатып сомдау кім-кімге де оңай емес. Сондықтан шығар, актер таңдау ұзаққа созылған көрінеді. Түсірілім ке­зінде салмақ өзіне түсетін болғандықтан, режиссерлер тобы бір шешімге келе алмай біраз толқыған сыңайлы. Біреудің түрі кел­се ішкі әлемі келмейді, жан дүниесі кел­се, түр-түсі келмейді деген сияқты. Қыс­қасы, соңына қарай мені шақырып, ұсыныс жасады. Жамбыл рөлі деген соң жан қала ма? Оның үстіне өнерден, әсіресе, театр мен кинодан біраздан бері қол үзіңкіреп кеткем. Барсам ығайлар мен сығайлардың суретін қапта­тып іліп қойыпты. Бәрі - Жамбыл. Олардан озып жүлде алу қайда!? Десе де барған соң бағымды сынап көруге бел байладым. Ре­жиссер Әнуар Райбаев сыртқы ұсқыныма қарап, біраз салмақ тастау керектігін ескертті. Сыртқа шықсам Данияр Өтебаев құлағы­ма сыбырлап «Бәке, керемет ойнадыңыз. Мен білсем, сіз өтесіз» дейді. Періштелер «Әумин» дей қойды ма қайдам, ойласа келе мені таң­дап алыпты. Суреті ілулі тұрған дөкейдің бірі Нұржұман Ықтымбаев еді. Салып-ұрып барып, ақ батасын алдым. Менің өткеніме балаша қуанып қалды», - дейді актер кастинг қалай өткенін әңгімелей келе. Байғали Есенәлиев ұлы Жамбылдың алпыстан асқан кезінен бастап өмірден озғанға дейінгі өмірін сомайды екен. Жаңа тарихи теледрама туралы толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жамбылдың бейнесін сомдау оңай емес» тақырыбындағы сұхбаттан оқи аласыздар.

Әлем мойындаған жазушылардың әдетте маңдайына жазылған тағдырлары өте ауыр болады. Расымен, «неге?» деген сұрақ санаға сап ете қалады. «Айқын» газеті де бүгін осы сұрақтың жауабын іздеп, қазақ жазушыларының қасіреті туралы жазған екен. «Қадыр Мырза Әлі өзінің «Жазмышында» орыс және шетел жазушылары өлімінің құпияларын егжей-тегжейлі жазып кетті.Одан кейінгі «Иірімінде» ішінара қазақ қаламгерлерінің ауыр тағдырын арқау еткенмен, толығымен тоқталмады. Мүмкін, болашақта жазу ойында болған да шығар. Ал жалпы біз қазақ жазушыларының қасіретін қаншалықты білеміз?», - деп жазған басылым Абайдан бастап, Шәкерім, Сұлтанмахмұт, Баймағамбет ақын, Бернияз Күлеев, Ғалым Ахмедов, Ахмет, Міржақып, Баубек Бұлқышев, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, академик Қажым Жұмалиев, әдебиетші Қайым Мұхамедханов, Жайық Бектұров, Әуелбек Қоңы­рат­баев, Есмағамбет Ысмайылов­, Бейсенбай Кенже­баевтарды тізе жазады. Бұл тізімнің соңы қайда дерсіз..Тағдыры ауыр ақындардың қа­тарында Тоқаш Бердияров, Свет Оразаев, кейінгі буын Табыл­ды Досымов пен Әмірхан Балқыбек те бар. Қайғылы жылдар мен қасіретті тағдырлар туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ жазушыларының қасіреті» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Мұстафа Шоқай туралы зерттеу түрік тілінде жарық көрді. 2014 жылы Алматы қала­сындағы «Дайк-Пресс» баспасы бүкіл түркі дүниесінің пер­зенті Мұстафа Шо­қайдың он екі том­дық шығармаларының то­лық жинағын шы­ғар­ды. Оның әр то­мын тиісті алғы­сөз, қо­сым­­ша, түсінік­теме­лер­­­мен дайындаған Р.Б.Сүлейменов атын­дағы шы­ғыстану инс­ти­тутының бас ғы­лы­ми қызметкері, Қазақстан та­рихы шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін салушы, бел­гілі мұстафатанушы, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов болатын. Осы басылымның Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткерлік болмысы мен шығармашылық мұрасына арналған бірінші томы «Мұстафа Шоқай. Түркістан тәуелсіздігіне арналған бір ғұ­мыр» деген атпен қазан айында Ыстамбұлда «Өтукен нешрият» баспасынан шықты», - деп хабарлайды басылым. Бұл туралы «Түркі дүниесінің перзенті» деген ақпараттан оқи аласыздар.

Осылайша, қазақтың ғана емес, түркі әлемінің біртуар азаматы Мұстафа Шоқай туралы тағы бір құнды кітап жарық көріп жатқанда, Тараз қаласындағы Қазыбек би кө­шесінде тұратын Борис Са­­­маев атты азаматтың ауласынан көне құ­мыра табылыпты. Бір құмыра емес, қатарынан екі үлкен құмыра табылған екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазады: « Үй иесі ауласынан жертөле қазбақ болып, жұмысшылар жалдаған кө­р­і­неді. Шамамен бір жарым метр­ден аса қазған соң күрек ұшы қат­ты затқа тиген. Топырақтан та­зарта түс­кенде екі үлкен құ­мы­раның ернеуі байқалады. Әйтсе де, күректі қаттырақ басып жіберген болуы керек, бір құмы­раның бүйірі сынып кетіпті. Құ­мыралардың ішіне топырақ түс­песін деп, екі ыдыстың да бет­те­рін таспен бастырып қойған екен»,-деп жазады басылым. Тараз қаласынан табылған көне жәдігерлер туралы «Құпиясы мол құмыра» деген мақаладан оқыңыздар.

Ал, Алматыда жылдағы дәстүр бойынша қайы­рым­дылық сала­сындағы Ұлттық қоғам­дық «Ал­тын жүрек» сыйлығы иегер­лері марапатталды. Марапаттау салтанатының ашы­лу рәсімінінде Алматы қала­сы­ның әкімі Бауыржан Байбек еліміз­де белсенді азаматтық қоғам қалыптасқанын айтып, оның ішін­де Наурызбай ауданындағы сел­ден зардап шеккендерге қол­ұшын созған жандарға ерекше алғыс білдірген. «Көмек тек қана ақша­мен өл­шен­бейді, біздің номинант­тар­дың қайырымды істері әртүрлі көлемде болуы мүмкін, басты­сы - өз қалауымен көрсетіл­ген көмек болуы тиіс. Егер бұры­ны­рақ­та қайырымды адамдар үле­сін көбіне қаржылық мүмкіндік­тері көп адамдар құраса, бүгін­де олар­дың қатарын ерікті ұйымдар мен қарапайым адамдар толықты­руда. Сондықтан болар, соңғы 5 жыл ішінде дүниежүзілік қайы­рымдылық рейтингісінде Қазақ­стан 121-орыннан 101-орынға дейін көтерілді», - деген «Бауыржан» қайы­рым­дылық қорының директоры және сыйлықты ұйымдастыру коми­тетінің төрайымы Жұлдыз Омар­бекова. «Алтын жүрек» сыйлығының биылғы иегерлері «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қолы ашықтың - жолы ашық» деген мақалада хабарланған.

***

Ал, «Экспресс К» газеті бүгін полиция қызметкерлеріне мас көлік жүргізушілерін «ұстап» беретін даяшы туралы жазады. Газеттің ақпаратына сүйенсек, официант бұл әрекетін таза азаматтық парыз деп біледі екен.

«Газетімізге анонимді сұхбат берген Астанадағы түнгі мекемелердің бірінде жұмыс істейтін даяшы көлік тізгініне мас күйінде отыратын жүргізушілермен қалай күресетінін айтып берді» деп жазады басылым. Қарапайым даяшының бұл айласы туралы «Экспресс К» газетіндегі «Официант! Принесите...штраф» деген мақаладан оқуға болады.