Қазақ жерін тазартуды қашан бастаймыз? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қазақ жерін тазартуды қашан бастаймыз? - баспасөзге шолу

***

2011 жылдың қорытындысы бойынша Кеден одағындағы тауар айналымының 11 пайызы ғана Қазақстанға тиесілі болған. Бізден экономикасы әлдеқайда кіші Белоруссия 24 пайыздық үлесті еңсерген. Қалғаны, яғни 65 пайызы Ресейдің үлесінде. Ал 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның үлесі 10 пайызға төмендесе, Беларусь 1 пайызға арттыра алған. Қалғаны Ресейдікі екені сөзсіз. Сонымен қатар, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Беларуське шығатын тауарлар экспорты 2011 жылдың 86,3 пайызына, Ресейге шығарғанның 96,4 пайызы ғана орындалған. Есесіне Қазақстанға енген Беларусьтің импорты 113,8, Ресейдікі 111,6 пайызға артып, осы екі елдің тауарлары біздің рынокқа көптеп енген. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Кеден одағы: кемелдікке ұмтылыс» деген мақалада айтылады.

Автордың жазуынша, біз Еуразиялық экономикалық одақ құруға шапқан аттай зулап барамыз. Алдымен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) негізінде 2010 жылы Кеден одағын құрдық. Оған 2000 жылы құрылған осы ұйымның бес мүше-елдері арасынан үш мемлекет қана енді. Қырғызстан мен Тәжікстан оған енуді әзірге қажетсіз деп санады. Ал байқаушы ретінде қатысатын Армения, Украина, Молдова бұл ұйымға ақыры енбеді. Өзбекстан болса, 2006 жылы мүшелікке өтіп, 2008 жылы шығып кетті. Дегенмен, ЕурАзЭҚ әлі күнге жабылмаған интеграциялық құрылым болып қалып отыр. Осы және басқа да мәселелерді атай келе, автор Украинаның неге Кеден одағына енбей отыруының себептерін іздеп көреді. «Көптеген украиналық экономистер Кеден одағына ену Украинаның экономикасы үшін уақытша тиімді болғанымен, ұзақ мерзімді перспектива үшін тиімсіз дегенді көлденең тартады. Кеден одағы мүшелері мен Украинаның технологиялық дамуы бір деңгейде, сондықтан өзара инвестиция тарту мен сауданың синергетикалық тиімділігі өте шектеулі болады, дейді Перспективалық зерттеулер халықаралық орталығының аға сарапшысы И.Газизуллин», - деп жазады ол.

Сондай-ақ, ол басқа да сарапшылардың Кеден одағын сынаған пікірлерін келтіреді. Осыдан кейін соңғы жылдары Украина мен Ресей арасында орын алған экономикалық кикілжіңдерді тізе келе автор «Еуразиялық экономикалық кеңеске Украина тарапынан байқаушының ресми өкілі ретінде Виктор Суслов тағайындалды. Бұл тәжірибелі саясаткер елдің КО-ға енуінің тиімді екендігі туралы Украина БАҚ-тары арқылы бірнеше рет сөйлеп үлгерді. Міне, Украина мен Ресей арасындағы экономикалық тартыстың бүгінгі күнгі жағдайы осындай. Екі жақ та жұмсақтық танытып, қарсы жақтың мүддесімен санаспаса, Украинаның Кеден одағына қосылуы екіталай», деген ойын айтады.

Осыдан 20-30 жыл бұрын жоғары оқу орны берген білім адамның бүкіл ғұмырына азық болғандай еді. Қазіргі талап өзгерді. Ендігі жерде уақыт үрдісіне ілесу үшін азаматтар өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отырулары керек. Осы жолды таңдаған азаматтар ақпаратты өздігінен табады, оларды әртүрлі жағдайда пайдалана алады, тиiмдi шешім қабылдайды, іскерлігімен дараланады. Бірнеше жыл бұрын өткізілген халықаралық зерттеулер қазақстандық оқушылардың пәндер бойынша терең білім алатынын көрсетті. Бірақ олардың бар-жоғы 5 пайызы ғана сол білімін нақты өмірде пайдалана алатын болып шықты. Дамыған елдердегі оқушылардың бұл көрсеткіші 28,6 пайыз. Демек, бұл арада жас ұрпақты не үшін, қалай оқыту керек деген сауал туындайды. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов «Уақыт - басты бәсекелес» атты мақаласында жазады.

Автордың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдарында Джордж Лэнд пен Бет Джарманның «Бақылау нүктесі мен шексіздік: Болашақты бүгіннен меңгереміз» атты кітабы арқылы тараған 15 жылғы тәжірибенің нәтижелері таңғалдырады. Тәжірибеге қатысқан 3-5 жас аралығындағы 1 600 балаға тапсырмалардың әр алуан шешімдерін табуға қатысты тестілер берілді. Балалардың 98 пайызы «шығармашылықтың кемеңгері» атанды. Бес жылдан кейін осы балалармен тест қайта өткізілгенде 32 пайызы ғана «кемеңгер» мәртебесін растай алды. 13-15 жас шамасында бұл көрсеткіш 10 пайызға төмендеп кетті. Қызығы, бұл тестілерді тапсырған ересек адамдардың нәтижесі - 2-ақ пайыз! Біз кішкене баланың қолынан келетіні шамалы, олардың қабілеті есейген кезде ғана ашылады деп ойлаймыз. Сөйтсек, қазіргі оқыту жүйесінде баланың шығармашылық қабілеттері жылдан-жылға төмендей береді екен. Сонда не істеу керек деген сұраққа Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі, ерте тәрбие беру теоретигі Масару Ибуки сәбиді үш жасқа дейін оқып үйрету керек, бұл оның әлеуеті ең жоғары кезі деп жауап беріпті. Үш жасқа дейін сәбидің әр күні - оның жан-жақты шалқып дамуының кезеңіне айналуы мүмкін екен. Демек, дана халқымыз "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деп бекерге айтпаған ғой! Тек мамандардың кеңестерімен қаруланып, бұл мақалды шын мәнінде отбасылық тәрбиенің қағидатына айналдыру қажет. Балаларының балабақшаға дейінгі тәрбиесіне ерекше мән беру - ата-аналардың парызы. Олай болмаған жағдайда, баланың бойына тумысынан біткен дарынның ашылуына балабақша да, мектеп те ойдағыдай әсер ете алмайды.

«Соңғы үш жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі жаппай сауаттылық өлшемдерін кеңейтуге, олардың құрамын заманауи талаптарға сәйкестендіруге баса назар аударуда. Білім, түсінік және қолданыстың бастапқы дағдылары осы күнгі талаптарды қанағаттандыра алмайды. Себебі, игерілетін кез келген материал талдау және жинақтау арқылы жүйеленіп, білім алушымен бағалануы керек. Сонда мамандардың ең озық жабдықтармен ең заманауи өндірістерде жұмыс жасауына қажетті дайындық қалыптасады. Оқыту мақсаттары туралы бұл көзқарас тек қатардағы мамандарға ғана емес, жалпы жеткіншек ұрпаққа да қатысты. Жастардың қазіргі заманға бейімделуі үшін мұндай өзгерістер аса маңызды», - дейді вице-министр.


***

Кеңес дәуірінің кезінде Чернобль апатының аумағын зарасыздандыру жұмыстары 18 жыл бойы тоқтаусыз жалғасып, ақырында тиісті нәтижеге қол жеткізілген. Мамандар аумақтың қауіпсіздігін бүгінде сол жерге қияр өсіріп, пайдаланудың ағзаға еш зиянының жоқтығымен дәлелдеп отыр. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына енуге өтініш берген Қазақстан алдымен уланған даланы зарарсыздандырумен айналыспаса, ертеңгі күні бүкіл Еуропаны шулатуы мүмкін. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақ жерін тазартуды қашан бастаймыз?» деген мақаласында беріп отыр. Газеттің жазуынша, кеше елордада «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында қабылдау жүргізген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевқа «Экосфера -Қазығұрт» халықаралық ғылыми орталығының президенті, биология және экономика ғылымдарының докторы, академик Аманбек Ақайұлы осындай мәселені көлденең тартты. Оның айтуынша, аталған салада, яғни ғарыштық ұшырулар мен сынақтар кезінде уланған топырақты тазартуда ресейлік ғалымдардың тәжірибесі терең. Олар өздерінің аумақтарындағы зиян шеккен жерлерді түрлі ғылыми әдістер арқылы тазартып, экологияны қалыпты дәрежеде ұстауға көңіл де, қаржы да бөліп келеді. Ал бізде керісінше. «Егер мұны жақын уақытта қолға алмасақ, ертең Дүниежүзілік сауда ұйымына енер кезде үлкен кедергіге ұшыраймыз,-дейді биолог ғалым. - Себебі Украина ДСҰ-ға өтіп, өз өнімдерін Еуропа нарығына шығарғанда олардан зиянды заттар тіптен мол кездескен. Әрине, ондай тауарды талабы тым қатал әлемдік нарыққа енгізбейді, есесіне отандық өнімдерге деген кері көзқарас қалыптасып, оның орнын импорттық тауарлар басуы әбден мүмкін. Қазір Украинадағы ахуал соны көрсетіп отыр. Егер біз уланған топырақты зарарсыздандыруды Үкіметтік деңгейде шешпесек, әлгілердің күйін кешетініміз анық.

Ғылыми орталықтың зерттеуінше, тазалау жұмыстары қаншама жылдар бойы қолға алынбағандықтан қазақ жерінде уланған аумақтар тіптен көп. Жердің ғана емес, елдің де тағдырына тікелей қатысты мәселені жан-жақты зерттеген ғалымдар тобы «Агроэкологиялық қауіпсіздік» деп аталатын бағдарлама жасап, 27 институттың қортынды шешімін алыпты. Соған сәйкес зарарсыздандыруды алдымен Семей өңірінен бастау керек. «Мұнда нешеме уақыттан бері полигон сынақтары тоқтамағандықтан оның зияны топырақтың терең қабатына дейін өтіп, ауыр да улы металдар жер қыртысындағы су көздерін де ластап тастаған. Салдары төңіректегі адамдарға қалай әсер етіп жатқандығын бәріміз де көріп жүрміз. Бұрындары халқымызда небәрі жиырмашақты ғана ауру болса, қазіргі кезде 2,5 мыңнан асады. Кешегі құлаған «Протоннан» төгілген гептилдің де зардабы орасан. Зарарсыздандырумен айналысып жатқан ресейлік ғалымдар тек топырақтың сыртқы қабатын ғана тазартуы мүмкін. Осыны терең өңдеуге Үкіметтің өзі мүдделілік танытып, қажетті қаржыны бөліп, мамандар тобын тартуы керек» дейді Аманбек Ақайұлы.

Маған Абай Қарпықовтың еңбектері ұнайды. Оның «Фарасы» менің ойымша нағыз кино деуге лайықты дүние. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып коммерциялық кино түсіруді қолға алған да Абай Қарпықов. «Менің атым Қожаны» көрмеген бала кемде кем болар. Мен де оны бірнеше мәрте көрдім. Жүрекке жылы әсер ететін фильм. Алайда бүгінгі балалардың бәріне бірдей «Менің атым Қожа» ұнайды деу қиындау. Қай кезде де заман ағымына орай көрермен сұранымы мен қажеттілігін ескерген абзал секілді. Кинорежиссерлердің мәселенің осы жағын ой таразысынан өткізіп, саралап алмай жатып, нағыз көрермен көңілінен шығатындай дүние тудыра қоюы екіталай. Қазіргі таңда балалар аудиториясына қажетті туындылар аз, зәрулік басым. Оларға арналған дүниелер жоқтың қасы. Сондықтан да біз «Санжар иен Қайсарды» түсіруді қолға алдық. Киноөндірісі үздіксіз даму керек, оған бір сәтке де тоқтап қалуға болмайды, жан-жақты дамығаны дұрыс, дейді «Айқын» газетіне берген сұхбатында кинорежиссер Ахат Ибраев.

«Біздің елімізде балалар мен жастар тақырыбына қатысты дүниелер жоқтың қасы. Қазіргі 30-дан асқан толқын өзіне қажетті, сұранымын қанағаттандыратын киноны көруден құрдым қалған ұрпақ қатарына жатады. Сондықтан мемлекет тарапынан, әсіресе жастар аудиториясында бос кеңістік қалмауын басты назарда ұстағаны абзал. Қазіргі таңда көрермен кино, телеөнімдерін ойын-сауық, көңіл көтеретін құрал ретінде қабылдайды. Белгілі бір идеяның жетегіне ілесіп, соған лайықты дүние жасаймын деп сергелдеңге түсетін жан емеспін. Алайда фильм түсіріліп біткенде оның айтар ойы бар, белгілі бір мағыналы мәнге ие толыққанды дүниеге айналады», - дейді ол. Сұхбат «Балалар аудиториясы өзіне қажетті киноларға зәру» деген тақырыппен берілген.