Қазақ журналистикасына төнген басты қауіп - кәсіби сауатсыздық - «Түркістан» газетінің сарапшысы
«Қазақ журналистикасының даму жолындағы басты кедергілер мен кемшіліктерді және оның шешу жолдарын анықтау мақсатында сауалнама жүргіздім. Оған республикалық және аймақтық басылымдардағы 100-ден астам адам қатысты. Алғашқы сауал - «Қазақ журналистикасының дамуына не кедергі?» деп аталды. Оған 21 пайызы - цензураны, 17 пайызы - мемлекеттік тілдің қауқарсыздығын, 15 пайызы - кәсіби біліктіліктің төмендігін, 14 пайызы - жеке басқа тән кемшіліктерді, тағы 14 пайызы -қаржылық тәуелділікті, 10 пайызы - бәсеке жоқтығын, ал 9 пайызы еш кедергінің жоқтығын айтты», - дейді «Түркістан» газетінің сарапшысы Нәзия Жоямергенқызы.
Оның айтуынша, сауалнамаға қатысушылар кедергілер қатарына журналистиканың басты мақсатын түсінбеушілік, кәсіби құралдарды пайдала білмеу; журналистиканы саясатпен, ақындықпен, жазушылықпен шатастыру, журналистика ережелері мен этикаларын сақтамау; авторлық құқықты сақтамау; қаржылық-материалдық тапшылық, жарнаманың аздығы, биліктің орыстілді БАҚ өкілдерін іш тартуы; ақпарат алу мәдениетінің қалыптаспауы; бәріне бас редакторлар кінәлі; шетелдік ақпараттық экспансия; мемлекеттік тапсырысқа тәуелділік; құқықтық тұрғыдан журналистердің қорғансыздығын да атаған. Қазақ журналистері үшін жабық тақырыпқа 28 пайызы - билік; 23 пайызы - жабық тақырып жоқ, 19 пайызы - саясат пен экономика; 19 пайызы - басқа; 9 пайызы ұлтаралық мәселелер деп көрсеткен. Сондай-ақ 59 пайызы қазақ журналистерінің арасында кәсібіи бірлік жоқ десе; 27 пайызы бар, бірақ аз; 13 пайызы бар; 4 пайызы білмеймін дегенді айтқан.
Н.Жоямергенқызының сөзіне қарағанда, қазақ журналистерінің бәсекелестік қабілетін арттыру үшін кәсіби біліктілікті (37 пайыз), қаржылық қолдауды (34 пайыз) көтеру керек дегендермен қатар, бәсеке бар (5 пайыз) деушілер де болған. Ал қазақ журналистикасына төнген қауіпті 42 пайызы - кәсіби сауатсыздықпен, 18 пайызы - мемлекеттік тілмен, 15 пайызы тәуелділікпен байланыстырған.