Қазақ жұрты дегдар жазушы, ғұлама ғалым және дәулескер күйші Ақселеу Сейдімбекті еске алды

Әдеби-музыкалық кешке қаламгердің көзін көрген замандастары, әдебиеттанушылар, этнограф ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушы достары мен студенттері қатысты.
Ақаңның қабырғалы қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетіне, өнері мен ән-күйіне, ілімі мен біліміне қосқан еңбегі ұшан-теңiз. Сырбаздық пен сұлулықтың үлгісіндей болған шын зергердің әсер-қуаты аса күштi көсем еңбектері бүгiнгi және ертеңгі ұрпақтың көкiрек көзiн ашу үстіндегі кәусар бұлақ. Оның әдебиет әлемінде ойып тұрып алатын «Ақиық», «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Ақ қыз», «Біратым насыбай», «Атамекен», «Алпамыс батыр» атты хикаяттары бар. Сонымен қатар оның қаламынан шыққан «Тауға біткен жалбыз», «Рамазан мерген», «Қақпаншы», «Көңіл шіркін», «Зерде», «Олжа», «Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» деген әңгімелері, «Бақыт», «Бақ, Дәулет және Аман», «Әйел-Ана», «Махаббат», «Батпан құйрық», «Серілер мен перілер», «Қосаяқ», «Емші», «Бай, байғұс және би», «Бетпақдала», «Бір түп жусан», «Ақ ешкінің шағымы», «Ағыбай батыр» деген ертегілері елге белгілі. Артында «Абылай хан», «Күннің қызы Күнікей», «Аққыз» атты киносценарийлер, «Солдаттың оралуы» деген либретто қалды. «Ойсылқара», «Қаныш берген қарындаш», «Жұлдыздар із тастап кетеді», «Сонар», «Шоқан Уәлиханов - публицист», «Батырдың анасы», «Күз ырғақтары» деген жиырма шақты очеркі тағы бар. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінен кенде емес жеті қырлы сырбаз ғалым, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді. Өзі де күй тартқанда кез келген дәулескер күйшіден қалыспайтын жан еді.
Осыдан үш жыл бұрын нағыз кемеліне келіп толған шақта, 67-ге қараған тұсында ұлтын сүйген ұлы жүрек тоқтады. Ақаңның есімі өресі биік өнер зерттеушісі әрі кемел парасат иесі ретінде халқымыздың есінде мәңгі қалады. Қазақтануға бет бұрған ұрпақ, Ақселеу әлеміне міндетті түрде жүгінері анық.
Сейдімбек Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 22 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында дүниеге келген. 1963-1968 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған. 1968-1975 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, 1975-1976 жылдары «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, 1976-1983 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1983-1987 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы болып қызмет атқарды.
1987-1997 жылдары ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, 1997 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, 1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті болып тағайындалды. 1999 жылы ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары болды. 2000 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналист мамандарын даярлаумен айналысты.