«Қазақфильм» киностудиясы биыл толықтай ұлттық тақырыпқа бет бұрды ? М.Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ««Қазақфильм» киностудиясы биыл толықтай ұлттық тақырыпқа бет бұрды деп айта аламыз», - деді бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Бұл туралы ол министрліктің алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биылғы жылдың мамыр айының аяғында Олжас Сүлейменовтың сценарийі бойынша түсірілген «Махамбет» фильмін аяқтап, көрерменге ұсынамыз. Одан соң жаздың орта тұсында ұлттық тақырыптағы тағы бір үлкен шығарма «Біржан сал» фильмі көрермендерімен қауышады. Фильмді түсіру өткен жылы аяқталып, қазір монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді министр.Министрдің айтуынша, қазақ көрермендерінің 40 жылға жуық уақыт бойы көзайымы болып келген, әйгілі режиссер Шәкен Аймановтың көзі тірісінде түсірілген «Атаманның ақыры», «Транссібір эксперсі» сияқты фильмдердің жалғасы іспеттес «Гүлзар» атты картинаның түсірілімі аяқталып, оның да монтаждау жұмыстары жүргізілуде. «Көрермендер бұл фильмді биылғы жылдың күзіне қарай тамашалайтын болады. Сондай-ақ қазақ кинематографиясы тарихындағы алғашқы саяси триллер болып есептелетін «Афолиннің секірісі» фильмі де бітуге таяу. Бұл киноны да биыл көреміз»,- деді М. Құл-Мұхаммед.Сонымен қатар ол келесі жылға жоспарланған фильмдерді түсіру ісі дағдарысқа қарамастан ешқандай кедергісіз жалғасатындығын және жоспарға енгізілген Қазақстан тарихы мен археологиясы және этнографиясы жөніндегі кітаптардың басылып шығарылатындығын атап көрсетті.