«Қазаққа керек фильмдер қандай болмақ?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 26 тамыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болғаны газет оқырмандарына жақсы мәлім. Сапар барысында Президент арнайы сұхбат берді. Бүгін жұртшылық назарына «Егемен Қазақстан» басылымы «Ұлытау төріндегі толғаныс» деген тақырыппен Елбасының Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғаныстарын ұсынып отыр. Әңгіме қазіргі экономика мәселелері, ел тарихы, тіл тағдыры, дін ахуалы төңірегінде өрбіді.

Биыл Шығыс өңірінде халықаралық «Шыңғыстау жәрмеңкесі» екінші мәрте ұйымдастырылды. Абай ауданының орталығы - Қарауылда өткен асыл тұқымды мал жәрмеңкесі дәстүрге айналып, жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Аталған жәрмеңкенің негізгі мақсаты - мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей, делдалсыз сауда келісімдерін жасауға жол ашу. Бұл ретте «Шыңғыстау-2014» жәрмеңкесі Шығыс Қазақстан өңірімен көрші орналасқан Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары және Ресей Федерация­сы­ның Алтай Республикасы мен Алтай аймағы, Моңғолия, Қы­тай Халық Республикасы, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлікте­рімен арадағы интеграция­лық қа­­рым-қатынастар мен әріп­тес­тік­ті дамытуға септі­гін ти­гізіп ­отыр. Жалпы, ­жәр­­мең­кеге еліміз­дің барлық өңі­рі­нен арнайы шақы­рылған қона­қтар, көрме жұмысына еліміздің алты облысынан және төрт ­мемлекеттен келген өкілдер ­қатысты. Бұл мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Шыңғыстау жәрмеңкесі» деген атаумен жарияланды.

***

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс патриоттық тақырыптағы фильмдер өндірісі қажеттігін атап өтті. Қазақстан Президенті қазақ хандығының түрлі тарихи кезеңдеріне және сол заманның айтулы тұлғаларына арналған кинолар түсірудің өзектілігіне тоқталды.

- Қазақтың хандығы болған. Қазақтың қантөгіс күресі болған жер үшін, ел үшін. Біз­дің бабаларымыздың күресі, соғысы, елді қорғап қалуы, соның ішіндегі сөйлеп отырған хандарымыздың, ұлыларымыздың, батырларымыздың сөзіменен елді қорғау деген не, ел үшін қан төгу деген не десең, мы­на жас нәрестелер соны қабылдайды, - деді Елбасы.

«Елімізде патриоттық фильмдер көптеп тү­сірілу қажеттігін айтып, Елбасы арнайы тап­­сырма берді. «Қазақфильм» басшысы та­­рихи фильмдер түсіруді қолға алатыны бел­­гілі. Тарихи фильмдер дегенде, ең а­л­ды­мен, қан­дай фильмдер түсірілу қажет? Оның нақ­ты жоспарын қалай жасаймыз? «Қа­зақфильм» нақ­ты қандай тарихи фильм­дерге сұраныс бермек? Сценарийді кім жазады? Режиссер кім? Қазақ да­ла­сы­ топырағының иісі мұр­нына бар­маған қала баласы тарихи фи­льм­ді түсіре ала ма? Мәселе - осында», - деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Қазаққа керек фильмдер қандай болмақ?» атты мақаласында.

Осы басылымда «Дәрігерлер қашанғы қателесе береді» деген мақала берілген. Бүгінде көптеген науқас дәрігерлердің біліктілігі ғана емес, адамгершілік қасиетінің құлдырап бара жатқанын айтып жатады. «Басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген науқасқа дәрінің шипасы ғана емес, дәрігердің жылы сөзі мен пейілінің өзі үлкен демеу екені даусыз. Бірақ көп жағдайда ақ халаттылардан жылы сөз естімек түгілі алдынан меселіміз түсіп қайтып жататынымыз өтірік емес. Мысалды алыстан іздеп әуре болмай-ақ қоялық. Екібастұз қаласының Маркс Оңғар атты бір тұрғыны күнделікті қабылдайтын дәрі-дәрмегін алмақ болып, Екібастұз қаласындағы №1 поликлиникаға бас сұғады. Алайда поликлиниканың бас дәрігері дәрі берудің орнына мүгедек адамды балағаттап, қуып шыққан», - деп жазады газет.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Дәптердің өзінен ұлттық сипат байқалу керек» атты мақала басылды. «Көпшілігіміз мән бермесек те, «дәптер» деп қазақша жазылған өнім жоқтың қасы. Біз неге өзіміздің қаракөздерімізді ойламаймыз? Неге отандық кәсіпкерлер расымен де мұқабасы қазақша толтырылған дәптерлер шығаруды ойламайды деп таңғаласың. Әрине, ешқандай талап қойылмаған соң, бұрынғыша «тетрадь» деп шығара беру кәсіпкер үшін де ыңғайлы ғой. Мектепте оқушы үшін басты талап ретінде дәптерінің сыртының дұрыс толтыруы қойылады. Ал «тетрадь» деп тұрған соң, оқушыларымыз оны ақ қағазбен орап, қайтадан қазақша толтыруға мәжбүр болып отыр», - деп жазады мақала авторы.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Дожить до каникул » атты мақала берілді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бірқатар өңірлік педагогикалық кеңестерге барғаннан кейін брифинг өткізді. Онда министр жаңа оқу жылының мән-жайымен таныстырды. Сонымен қатар ол оқушылар мен мұғалімдердің қуанышына орай жақсы жаңалықты хабарлады: жазғы каникул қысқармайтын болды.

Соңғы жаңалықтар